Жатақхана жыры қашан бітеді? - журналист
Жатақхана жыры қашан бітеді? - журналист
542
оқылды
Белгілі журналист Асхат Қасенғали еліміздегі жатақхана мәселесіне алаңдаушылық танытты. “Жастарға көңіл бөлейік”, “Ойбай жастар оқысын”, “Болашақ жастардың қолында” деген қызыл ұрандардың айтылғанына ширек ғасырдан асты. Дұрыс. Бірақ жастар оқуы үшін, оқығанын көңілге тоқуы үшін ол алаңсыз білім алуы тиіс. Күндіз сабаққа барып, кешке пәтерінің ақысын табу үшін жұмыс істейтін қазақтың қаракөз жастарының бар зейіні оқуда болады деу қиындау. Барлық жасқа қолжетімді, заманауи, арзан жатақхана болған сәтте, білім де болады", деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасына
Оның пайымынша, студенттік өмірдің қызығы да сол жатақханада. Драйв, білім, таныстық, көңіл-күй, жастық шақтың ерекше естеліктері де сонда. Бірақ өкінішке орай көпшілікке ол қолжетімді емес.
"Мен өзім жатақханада тұрмадым, себебі жетпеді. Пәтер жалдап тұрдым. Қазір соған өкінем. Мысалы депутат Елнұр Бейсенбаев былай деп жазыпты: “2022 жылдың жоспарына сәйкес 35 жатақхана іске қосылуы тиіс. Бірақ, бұл процесстің өте баяу, әрі тиімсіз шаралардың әсерінен уақытында орындалмайтыны анықталып отыр.
Жыл бел ортасына жетсе де, Үкімет тарапынан, оның ішінде қаржы министрлігі жатақханалардың құрылысын қолдауға бағытталған жүйелі өзгерістерді қабылдауға даяр емес. Біле білсеңіздер, студенттік жатақхана – бұл ең маңызды әлеуметтік нысан екенін ескеретін уақыт жетті. Мысалы, биыл салынуы тиіс 10 мың орындық жатақхананың 6 ай ішінде тек 1320 орынға арналған алтауының құрылысы аяқталған. Бұл жалпы құрылыстың 13-ақ пайызы. Оған қоса, 3,5 мың орынға арналған 9 жатақхананың құрылысы, яки биыл салынуы тиіс нысандардың 35 проценті бойынша құрылыс жұмыстарының аяқталуы екіталай.
Жоғарыда көтерілген мәселелерге байланысты, Үкімет тарапынан жатақхана салу бойынша сұрақтарды жүйелі түрде, әрі нақты шешуді ұсынамыз. «Еліміздің болашағы – жастар», – деп оларға ауызбен емес, жүйелі мәселелерін шешу арқылы іспен қолдау көрсетейік”, - депті. Мынаны оқып, жағамды ұстадым. Құрылыстың 13 пайызы ғана біткен деген не сұмдық?! Сонда олар тасбақаның жылдамдығымен жұмыс істеген ба, айға бата берген ба, әлде қаржы жеткіліксіз бөлінген ба? Жаңа Қазақстанның жұмыс қарқыны осы ма?" - дейді автор.
Асхат Қасенғали күзде тағы жатақхана дауы болатынына сенімді. Жастар пәтер іздеп, табан тоздырады.
"Жалпы Әлихан Смайылов басқаратын үкімет осы мәселені қалай шешпек екен?" - деп сауал тастайды журналист.