«Бүксіз» болған белдесу
«Бүксіз» болған белдесу
1,196
оқылды
Сайдың тасындай іріктелген палуандардың бозкілемдегі белдесуі де мәресіне жетті. Осымен он бірінші рет өткен сайыс әдеттегідей қызу тар­тысқа толы болды. Әрине, әр аймақтан суырылып шыққан алыптар жеңіс жолында аянып қалмады. Бабын байқатқан түйе палуандар бір-бірін сан соқ­т­ырып, байрақты бәсекенің көрігін қыздырды. Осылайша, жарыс жолында қарсыласының қа­пысын тауып, айласын асырған жеңімпаздың есімі белгілі болды. Қазақ күресінің даңқын арттырып, атағын айдай әлемге тарату жолында көптеген шаралар жасалып жатыр. Соның ішінде «Қазақстан барысы» – қазақ күресін дамытуға бағытталған оң қадам болып отыр. Жыл сайын ұйымдастырылып жүрген алыптардың айқасы ұлттық спорттың шоқтығын биіктетіп, айбынын асқақтатып келеді десек, артық айтқандық емес. Алғаш ұйымдастырылған жылы қазақ күресінің республикалық додасына барлығы 64 балуан қатысса, бүгінде сайыс жеңімпазы болудан үміттілер көп. Қазақстан барысы Биылғы жарыс елімізде ұлттық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау мен мемлекеттік Рәміздердің 30 жылды­ғын атап өту, қала күнін мерекелеу және Балалар жылы аясында жастарды ұлттық спортпен шұғылдануға тартуды мақсат етті. Сайыс ережесіне сәйкес сәуір-мамыр айларын- да ауыл, аудан, облыстық (қалалық) деңгейдегі және күштік құры­лым­дар желісі арасында іріктеу жарыс­тарына 5 мыңға жуық спортшы қатысты. Соның ішінде ақтық сынға жолдама алған 36 палуанның ішінде осыған дейін жеңіс тұғырынан көрінген Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбаевтар бар. Ал 2021 жылдың жеңімпазы Дәурен Нұралинов жарақатына байланысты турнирге қатыса алмады. Сондай-ақ екі дүркін «Қазақстан барысы» атанған Айбек Нұғымаров та биыл спорттық жолын аяқтағанын ресми түрде жария еткен болатын. Хош, сонымен елордадағы «Барыс-Арена» мұз сарайында ХІ рет жалауын желбіреткен «Қазақстан барысы» респуб­ликалық турнирін тамашалауға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма директоры Қуанышбек Есекеев қатысып, палуандарға сәттілік тіледі. Айта кетейік, тартысты бәсекені Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауы­мен Qazaq kuresi қауымдастығы және Qazaqstan Barysy қоры ұйымдас­тырса, «Самұрұқ-Қазына» акционерлік қоғамы, Спортты қолдау қоры, «Қазақтелеком» АҚ, «Сәтті жұлдыз» АҚ, Magnum бөлшек сауда желісі, «Олимпбет» букмекерлік кеңсесі демеушілік жасады. белдесу Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «Қазақстан барысы» жобасының маңызын ерекше атап өтті. Айтуынша, бүгінде мектеп бағдарламасы аясында оқушылар спорттың осы түрімен белсенді айналысып келеді. Қазір 148 мың қазақстандық қазақша күреспен кәсіби түрде айналысса, 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласының 23 мектебінде қазақша күрес дене шынықтыру пәнінің бағдарламасына енгізілді. «Онда оқушылар ұлттық спорт түрімен шұғылданады. Қажымұқан бабамыздың ісін жалғастырушыларға сәттілік тілеймін және тамаша спорттық мерекенің куәгері болайық», – дей келе, Ералы Тоғжанов палуандарға жеңіс тұғырынан көрінуді тіледі. Осыдан кейін жарыстың тиегі ағытылып, бозкілем шеберлерінің жеребе тартуы басталды. Биыл қазақ күресі ережесіне енгізілген өзгертулерге байланысты турнир «бүк» ұпайынсыз өткізілді. Күрестің ережесі қиындай түскенімен, спортшылар сәтті шабуылға шығып, әдемі күрес көрсетті. Шара аясында қазақ эстрадасының танымал әншілері әннен шашу шашып, жанкүйерлердің отаншыл­дық, палуан­дардың өршіл рухын оятуға сеп­тігін тигізді. Қызылордалық Мақсат Исағабылов ақтық сында былтыр қола белбеу иеленген маңғыс­таулық палуан Нұрдәулет Жарыл­ғаповпен белдесті. Талай турнир­лерде топ жарып жүрген тәжірибелі қарсыластардың айқасы тартыспен басталды. Бірақ бабы мен бағы қатар жанған сырдың саңлағы бұл жолы әп-сәтте қарсыласының жауырынына жер иіскетті. Осылайша, үздіктердің үздігі атанған аса ауыр салмақтағы және Әлем барысының күміс жүлдегері Мақсат Исағабылов «бүксіз» белдесудің бірінші жеңімпазы атанды. Палуандардың бабын анықтаған бәсекенің қорытындысы бойынша биыл «Қазақстан барысы» атағын алған қызыл­ордалық Мақсат Исағабыловқа 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен ауыс­палы алтын «тайтұяқ» табысталды. Күміс жүлдегер маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповқа 5 500 000 теңге және қола жүлдегер жамбылдық Ғалымжан Қырық­байға 1 800 000 теңге табысталып, балуандар сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталды. Жарыс соңында жанкүйерлер де жүлдесіз қалма­ды. Ұйымдастырушылар ұлттық спортты қолдауға үлес қосып жүрген көрермендер арасында автокөлік ұтысын ойнатты.