– Қарағанды облысы бойынша 3 жылдың ішінде жолдардың сапасын тексеру үшін мекеме инженерлері 398 учаскеге 2 232 рет тексеріспен шыққан. Жол құрылыс материалдарынан 5 мың сынама алынған. Соның негізінде 1 255 сынаманың талапқа сәйкессіздігі анықталды. Осылайша, құрылыс барысында қаншама олқылықтар дер кезінде түзетілді, – дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалы директоры Айбол Бидайбеков.Осы уақытта өңір бойынша 1 947 шақырымға созылған автомобиль жолдарына диагностика және паспорттау жүргізілген екен. Атап айтқанда, оның 1 876 шақырымы – республикалық, ал 71 мың шақырымы облыстық жолдар бойынша жасалған. Бұл біле білген адамға – өте ауқымды және күрделі жұмыс. Жұмыс сапасын арттыру, кемшілікті жою – басты мақсат. Кемшілік демекші мекеме мамандары 2021 жылы мыңға жуық тексерулерге шығып, барлығы 277 жолдың сапасын тексерген. Олардан 2313 сынама алып, зертхана қорытындысы бойынша талапқа сай келмейтін 766 фактіні анықтаған. Соның ішінде 77 өрескел қателік белгілі болды. Олардың барлығына қатысты тиісті хаттамалар толтырылып, олқылықтар дер кезінде түзетілді. Жолдың «жауы» – алып жүк көліктері. Таудай 40 тонналық техникалардың табаны асфальттың тоз-тозын шығарады. Бұл біріншіден облыс аумағында өндіріс ошақтарының көптігімен байланысты. Бұған дейін «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» тас жолымен кен тасыған ауыр жүк көліктері асфальт жабындысының ой-шұңқырын шығарған болатын. Осыған ұқсас жайттар өңірдің өзге де жолында кездеседі. Соңғы уақыттары жол салушы компаниялардың өзі осындай алып жүк көліктерін пайдаланып жүр. Мысалы, Ақсу-Аюлы мен Ақтоғай ауданы аралығын жалғайтын жолдың 16 шақырымына жөндеу жүргізілді. Мердігер қажетті материалын тасуға 40-50 тонналық техникаларды пайдаланып, тас жолдың тағы талқанын шығарды. Енді мердігер келтірген залалдың орнын толтыруы тиіс. Жазды күні Балқашқа қарай туристер ағылады. Дегенмен Қарағанды облысындағы бірден-бір қонақ қабылдаушы қалада да жол мәселесі өзекті. Иә, бүгінгі күні Балқаш көшелеріндегі жол сапасына қатысты шағым көп. Көлік жөндейтін орындардың маңында «радиаторымды тесіп алдым», «шарлы тірек» жұлынып қалды» деп үйірілген кісі қалың. Қала әкімі Ораз Тәуірбеков жолды жөндеуде қолбайлау болып тұрған мәселелер туралы да ашып айтты.
– Ашығын айту керек, жол – нашар. Бірақ жылу, ауызсу желілерінің де тозығы жетіп тұр. 85 пайызын алмастыру қажет. Әуелі сол құбырларды ауыстырмай үстіне асфальт төсей алмаймыз. Қазір асфальтпен жауып тастап, келесі жылы құбыр салу үшін қайта қопарып жатсақ, мемлекетке екі есе шығын келтірер едік. Күлкіге де, сөзге де қаламыз. Сондықтан халыққа сәл шыдай тұру керек деп кездесулерде айтып жүрмін. Қалалық мәслихат депутаттарымен, қоғам белсенділерімен ақылдаса отырып қабылдаған шешіміміз, – дейді әкім.Әкімнің айтуынша, қала көшелерінің 45 пайызындағы асфальт жабынының жағдайы сын көтермейді. Бұдан бөлек, коммуналдық инфрақұрылымның да әбден тозығы жеткен. Яғни, 225 шақырым жылу желісін ауыстыру қажет. Бұл – қаладағы жылу жүйесінің 85 пайызы. Жобаның құны – 5,5 млрд теңге. Бір бастап кетсең, 10 айда аяқталуы тиіс… Сөйтіп, былтыр жұмыс басталды. Алайда, қаражат толық түспей, сарсаңға салды. Алдымен, қажет қаржының 10 пайызы бөлінді. Биыл тағы 10 пайызы берілді. Осылайша, 10 айға жоспарланған жоба екінші жыл жалғасуда. Әрине, жол жөнделіп жатыр, дегенмен қуанатын күн де жақындар емес. Бірде ақша жетпегеннен құрылыс тоқтаса, бірде мердігер сапасыз салған жолды қайта жөндеуде. Республикалық маңызды жолда ғана емес, аудан, ауылішілік жолда да олқылықтар жетерлік. Жазда түгесіліп қалды, алда – күз айлары. Ертең қыс келгенде Арқаның бораны мен аязына бүкіл жауапкершілікті арта салуымыз да мүмкін. Дегенмен жолдың мыңдаған шақырымы жөнделгені не керек, сапасы болмаса...
Қарағанды облысы