Алматы маңындағы ауылдар сусап отыр
Алматы маңындағы ауылдар сусап отыр
825
оқылды
Еліміздегі су тапшылығы, оның ішінде таза ауызсудың жетіспеушілігі жұрттың мазасын қашырып тұр. Басқаны айт­пағанда, асқар таулардан бастау алатын асау өзендері мен айдын шалқар көлдері мол Алматы облысында шаруалар судың азайып кетуі салдарынан егістік, бақшалық алқаптарын қысқартып, малының қысқы жемшөбін дайындауда қиындық көріп жүр. Ал тұрғындарды таза ауыз сумен қам­тамасыз етуге келгенде, кейінгі 30 жылда мезгіл-мезгіл жарияланған атауы дардай мемлекеттік бағдарламалар мен оларды орындауға қазынадан қарастырылған миллиардтардың ақталмағанына көзіңіз жете түседі. Алматы қаласы сияқты алып мегаполистің іргесінде тұрған аудандардың ірі-ірі елді мекендеріндегі таза ауызсу мәселесі ушығып тұр. Ал тұрғындарды таза ауызсумен қам­тамасыз етуге келгенде, кейінгі 30 жылда мезгіл-мезгіл жарияланған атауы дардай мемлекеттік бағдарламалар мен оларды орындауға қазынадан қарастырылған миллиардтардың ақталмағанына көзіңіз жете түседі. Алматы қаласы сияқты алып мегаполистің іргесінде тұрған аудандардың ірі-ірі елді мекендеріндегі таза ауызсу мәселесі ушығып тұр. Өркениетке жақын жерлердегі жағдай осындай болғанда, алыс ауылдағылардың ауызсуды қайтіп отыр­ғанын көзге елестетудің өзі қиын. Шама­лары жеткені құдық қазып, сапасы күмәнді сумен жан бағып отырса, мүмкіндігі жоқтар малмен бірге суаттан шөл басып жүрген болар... Осыдан біраз бұрын Үкіметте айтылған ақпаратқа сенер болсақ, қазіргі кезде еліміз, аумағында миллионға жуық адам таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Іс жүзінде сусап отырғандар саны қанша екенін ешкім тап басып айта алмайды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, Арал-Сырдария, Шу-Талас және Нұра-Сарысу бассейндеріндегі жағдай аса күрделі. Экологтардың дабыл қағуына сәйкес, алдағы кезде су тапшылығы өзендердің ластануы салдарынан күрделене бермек. Еліміздегі 32 су нысанындағы су сапасы нашар болса, 28 су нысанындағы судың сапасы тұтынуға мүлде жарамайды. Балқаш-Алакөл, Арал-Сырдария, Ертіс және Тобыл-Торғай бассейндеріндегі сулар техносипаттағы ластануға ұшыраған. Министр С.Брекешовтың айтуынша, халық санының артуы, мал басының көбеюі және өнеркәсіп өндірісінің өркендеуі суды тұтыну көлемін 29,7 текше шақырымға жеткізуі мүмкін. Егер жағдай қазіргідей жалғаса берсе, болжамдық есептеулерге сай 2030 жылы өзендер ағынының ішкі қорлары 102,3-тен 99,4 текше шақырымға дейін қысқарады. Бұған өз кезегінде көршілес елдер аумағынан келетін су ағынының 47,8-ден 46,5 текше шақырымға азаюы да өзінің кері әсерін тигізеді. Осыларға байланысты су қоры тапшылығы 23,2 текше шақырымға жетпек. Қазірден бастап су қорын пайдаланудың тиімділігін арттырмасақ, 2040 жылы еліміздегі сумен қамтамасыз ету қайта қалпына келмейтіндей жағдайға дейін құлдырауы мүмкін. География және су қауіпсіздігі инсти­тутының ғалымдары жариялаған болжамға сүйенсек, Жетісу өңіріндегі су тапшылығы негізінен шаруаға қырсыздықтан туын­даған. Су тапшылығы әсіресе Балқаш маңындағы шөлді және шөлейтті аймақ­тарда тым өзекті болып барады. Ал облыс­тың таулы өңірлеріндегі ауыз су жетіспеу­шілігі халықты таза сумен қамтамасыз ету жұмыстарының қалай болса, солай жүргізілуінде, жауапсыздықта жатқан сыңайлы. Өйткені бүкіл Алматы облысы бойынша коммуналдық-тұрмыстық сумен қамтамасыз етуге сұраныс жылына 300 миллион текшеметрден аспайды екен. Қытайдан келетін өзендерді, жерасты су­ларын қоспағанда, облыстағы ағын су қоры аз деген жылдың өзінде осы сұраныс­тан 70 есеге артық. Соған сай Алматы облысының таулы аймақтарындағы ауыл­дар­дың сусап отырғанының себебін су тапшылығынан емес, таза ауыз сумен қам­т­уды ұйымдастырудағы кемшіліктерден іздеген жөн. Дегенмен сарапшылар Балқаш көлі мен Іле өзені атыраптарының бола­шағы алаңдататынын жасырмайды. [caption id="attachment_204510" align="aligncenter" width="1259"]су © коллаж Еркебұлан Дүйсеболат[/caption] Мақала басында айтып өткеніміздей, облыстың Алматы қаласы маңындағы аудандарындағы ауылдарда тұрғындарды таза ауызсумен қамтуда мәселе жетіп ар­тылады. Солардың бірі – қаладан бірнеше шақырым қашықта ғана орналасқан Қарасай ауданының Көксай ауылының адам­дары соңғы оншақты жылда жаз келі­сімен ауызсудың жетіспеушілігін бастан өткереді. Жыл сайын жауапты шенеу­ніктердің табалдырығын тоздырғанмен, жаз шығысымен ауызсу бірде келіп, бірде тоқтап, ығырын шығарады. Кейде апталап су болмайды. Ауылда су құбыры тартылған. Бірақ әбден тозығы жеткендіктен, күрделі жөндеуден өткізу немесе қайтадан тарту керек. Осыдан үш жыл бұрын сол кездегі аудан әкімі Көксай ауылын сумен қам­тамасыз ету жүйесінің құрылысы мен қайта қалпына келтіруге арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындау үшін су құбырының тозу актісін және сметалық есептер әзірлеу жөнінде тапсырма берген. Содан бергі жылдарда бұл бағытта жылт еткен жақсылық болмады. Ал ауылдың іргесі кеңейіп, халық саны жыл санап артып барады. Көксай ауылы қарайтын Іргелі селолық аумағын сумен қамтамасыз етуге жауапты компанияның өкілдері аталған елді мекен­ді сумен қамтуда проблема бар екенін мойындайды. Қазіргі кезде ондағылар құбырдағы су қысымын арттыру үшін ес­кірген сорапты қуаттылығы жоғары жаб­дықпен ауыстырып жатқан көрінеді. Бірақ магистралдық желі мен басқа да жабдық­тарды толық жаңаламай, мәселе түбегейлі шешілмейді деп отыр. Мұндай жағдай осы аудандағы Жаңатұрмыс, Қырғауылды ауылдарына да тән. Аталған елді мекендер арқылы таудан бастау алатын, суы мол Ақсай өзені ағып жатқанымен, арқыраған арнаның жағасында отырып, ерні кезерген жұрттың жанайқайын тыңдайтын жан табылмай тұрғандай. Екі ауылды сумен қамтамасыз етуге тиісті «Таусамалықызмет» коммунал­дық қызметіндегілер өз міндет­теріне мүлде жауапсыз. Жеті жыл бойы жаз айларында су іздеп тентіреп кететін тұрғындар бүгінде кімге барып шағым­данарын да білмейді. Ендігі үміт осыдан біраз бұрын аудан тұрғындарымен кездескен жаңа әкім Марат Сұлтанғазиевтің уәдесіне тіреліп тұр. Алматы қаласының маңындағы Қарасай, Іле, Талғар аудандарында халықпен жүздескенінде жұртшылықтың таза ауыз суға қатысты сауалдарын тыңдаған облыс әкімі ауылдардың барлығында су құбыры барын, олардың біразының тартылғанына көп бола қоймағанын айта келе, мердігерлердің жауапсыздығы және коммуналдық қызмет­тегі­лердің қабылдап алудағы көзжұмбай­лықтары кесірінен жағдайдың күделеніп тұрғанына тоқталды. Сонымен бірге тозы­ғы жеткен жүйелерді ауыс­тыратын уақыт­тың келгенін ескертті. Тек қана Қарасай мен Іле аудандарында ғана су құбырлары желісінің тозуы 45-65 пайыз аралығында және 39 елді мекенде жөндеуді керек етеді. Талғар ауданында да жағдай оңып тұрған жоқ. Алматымен іргелес, Алатаудың бөктеріне орналасқан Тұздыбастау ауылы тұрғындары 5 жылдан асты ауызсу жетіс­пеу­шілігін бастан өткеріп келеді. Осы ауыл­дағы «Айжарық» шағын ауданында тұратындар жаз айларында су іздеп сабылып кететіндерін айтады. «Жуыну үшін ақша төлеп, моншаға барамыз. Шай ішкіміз келсе, 19 литрлік ыдыстағы таза суды сатып аламыз. Биыл кей күндері 40 градусқа дейін ыстық болып тұр. Сондай кезде шөлден өліп қала жаздаймыз. Ылғал­дың жоғы зықымызды шығарды. Бақша­ның бәрі қурап қалды. Тамшылап қана келетін суға төлейтін бағамыз да жоғары. «Талғар су» ақша жинаудан басқа ештеңе білмейді», – дейді тұрғындар. Ал коммуналдық ұйым тұтынушы­лардың бұл уәжімен келіспейді. Сумен қамтуға жауапты оператор барлық кінәні су желісін төсеген мердігерге жауып отыр. «Талғар су» мемлекеттік коммуналдық кә­сіп­орнының бас инженері Кеңес Сүлей­мен­овтің айтуынша, құбырлар тартылғанда құрылыстың нормалары мен ережелері мүлде сақталмаған. – Қазіргі кезде сумен қамтуға жарамсыз желіні салғандар мен қабылдап алғандар­дың жауапкершілігі қарастырылуда. Жыл соңына дейін Тұздыбастаудың тұрғын­дарын ауызсумен қамту мәселесі шешімін табады, – дейді жергілікті әкімшіліктегілер. Бірақ жыл сайынғы уәдеден жалыққан жұрттың бұған сенімі аздау.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы