Інісінің орнына ҰБТ тапсырмақ болған
Інісінің орнына ҰБТ тапсырмақ болған
523
оқылды
Ұлттық тестілеу орталығы түлектің орнына ағасы ҰБТ тапсырмақ болған жағдайды анықтады. Дегенмен олардың бұл айласы әшкере болды. Биыл ҰБТ «Бір тестілеуші-бір компьютер-екі камера» принципі бойынша өтті. Бір камера талапкерді тест тапсыру барысын қадағаласа, екінші камера сол адамның өзі отырған-отырмағанын белгіленген уақыттың ішінде суретке түсіріп, тіркейді.
«Біз тест тапсыру барысында түлектің орнына басқа адам кірген бірнеше оқиғаны анықтадық. Солардың бірі – ағасы інісінің орнына ҰБТ тапсыруға тырысқан. Бірақ биометрика, кіреберістегі бет-әлпетті тану жүйесі арқасында бұған жол берілмеді. Тиісті шаралар қабылданды», – дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Орталық директоры жалпы ҰБТ кезінде тыйым салынған заттарды алып жүру әрекеттері мен ереже бұзу деректері азайғанын да тілге тиек етті.
«2021 жылы ҰБТ-ға тыйым салынған заттар бойынша 756 дерек тіркелсе, биыл мұндай 327 оқиға тіркелді. Бұл көрсеткіш 2022 жылы мұндай қатысушыларды тестілеуге жібермеу туралы ереженің енгізілуіне байланысты азайды. Мысалы, 2019 жылы кіреберістен 128 000 тыйым салынған зат табылды. Биыл 2019 жылмен салыстырғанда парақ пен смартфон алып жүруді қалайтындар саны азайған», – деді ол.
Осы күні ҰБТ қорытындысы бойынша 15 қатысушының нәтижесі жойылған. 200-ден астам тест тапсырушының нәтижесі тексеріліп жатыр.