Тарихы терең Тұттыбұлақ
Тарихы терең Тұттыбұлақ
933
оқылды
Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданындағы үңгірден 48 мың жыл бұрынғы тіршілік анықталды. Бұл сенсациялық жаңалық «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қорғау аймағындағы Боралдай тауының Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде белгілі болып отыр. Сонымен қатар бұл Қазақстанның Ұлттық музейі мен Германияның Тюбинген университетімен жасалған халықаралық келісімшарт негізінде Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру мақсатында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерден анықталған. Зерттеу жұмыстарының қосалқы жетекшісі, музейдің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, академик Жәкен Таймағамбетовтың бастауымен 2017 жылдан бері Palaesilkroad жобасы аясында елімізде палеолит ескерткіштерін іздестіру кезінде көптеген ғылыми жетістікке қол жеткізіліп, әлемдік сенсациялық жаңалықтар ашылып келеді. Академик Жәкен Тайма­ғам­бетов бастаған қазақ-орыс, қазақ-неміс, қазақ-жапон халықаралық экспедициялары осы күнге дейін Қаратау жотасынан бұрын-соңды белгісіз болып келген палеолит дәуіріне тиесілі 85 үңгірді анық­таған.
«Үңгірден алынған топырақ пен күл қалдықтарын бұған дейін ғалымдар 41 мың жыл деп топ­шы­ласа, Германияда жүргізілген зерт­ханалық сараптама нәти­же­сінде оның 48 мың жылдық та­рихы нақтыланды. Бұл көрсеткіш әлемдік сенсациялық жаңалық әрі қазақ археологтарының нағыз ғылыми жетістігі деуге болады. Оған себеп, ерте дәуірдегі топырақ қалдықтарының жасын цифр­лан­дыру тәжірибесі әлемде ең алғаш рет жүзеге асты. Ғылыми жаңа­лықтың нәтижесіне қол жеткізу бір жыл бойы жүргізілді. Сондай-ақ бұған дейін Тұттыбұлақ үңгі­рінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында тас құралдары мен қырғыштар, адам­ның жақ сүйегі табылған болатын. Жақ сүйектің иесі алғашқы адам болуы да мүмкін. Қазір жақ сүйек Германиядағы зертханада анық­талуда», – дейді академик.
Сонымен бірге академик Жә­кен Таймағамбетов осынау Тұт­ты­бұлақ үңгіріндегі зерттеу жұмысы 1959 жылы басталғанын жеткізді. Қазақстандағы тас дәуірі архео­логиясының негізін қалаушы, алғашқы қазақ археологтарының бірі, ғалым Хасан Алпысбаев Тұттыбұлақ үңгірін тапқанымен, мұны жалғыз өзінің қазуына мүм­кіндігі болмаған. Дегенмен Тұт­ты­бұлақ деген атау осылайша тарихта қалады. Мұнда алғаш рет археологиялық зерттеу жұмыс­та­рын 2017 жылы Әлкей Марғұлан атындағы археология институты бастаған. «Олар осы жерден орта ғасырға жататын мәдени жәді­герлерді – құмыраның сынықта­рын, одан бөлек қола дәуіріне жататын заттарды тапқан. Одан соң біз келіп топырақтың астынан тас дәуіріне жататын қаңқа мен қырғыш таптық. Содан кейін археология инстиутымен бірігіп, меморандумға отырып, бірге зерттеп жатырмыз. Олар өздеріне тиесілі ортағасырлық мәдени қабатын ашып кетсе, біз кейін келіп өзіміздікін зерттейміз. Биыл мұнда зерттеу жұмыстарын бас­тағанымызға 10 шақты күн бол­ды.
Өткен жылы табылған күл­дің қалдығына қарап ошақ пен отты пайдаланған адамзат бала­сының сол кезеңде де осы жерде тір­шілік еткенін айтуға болады. Бір қуа­нарлығы, мұны әлемдік сен­сация деуге де әбден болады. Германия зертханасынан күлдің қалдығы 48 мың жылдық екені нақтыланды. Тұттыбұлақ Қазақ­станда алғашқы қауымдық құры­лыс адамдары тіршілік еткен ең көне үңгір екені анықталып отыр. Бұл әзірге нақтысы ғана. Әрі қа­рай зертте­ген сайын одан да терең сенса­ция­лық табыстарға қол жеткі­зуі­міз мүмкін», – дейді экс­педиция жетекшісі.
Биылғы зерттеу нәтижесінде алғашқы қауымдық құрылысқа тән адамның бас сүйек бөліктері, оның ішінде азу тісі және аюдың тісі мен өзге де аңдардың қаңқа қалдықтары анықталыпты. үңгір Археологиялық қазба жұмыс­тары халықаралық жоба болған­дықтан, мұнда Ұлттық музей қыз­меткерлерімен қатар Испа­ния, Грекия, Германия, Америка елдерінің зерттеушілері, ғылым докторлары – жалпы 10 археолог қызу жұмысқа кіріскен. Мұндағы археологтардың жұмысы инемен құдық қазғандай. Топырақты кү­рекпен емес, пышақпен аса сақ­тықпен біртіндеп қазып, сосын тағы да елекпен тексереді. Жердің астынан табылатын әрбір кішкене жәдігердің үлкен маңызы бар. Сондықтан өз істеріне бе­рілген мамандарға жанының ты­ныштығы, жатын орнының жай­лылығы мен тамағының тоқтығы аса маңызды емес. Тюбинген уни­верситетінің докторанты Абай Намен жуырда докторлық диссер­тациясын қорғайды екен. Тас дә­уірінің шикізаты бойынша док­торлығын қорғайтын Абай жә­дігерлерге зақым келіп қалмас үшін қазба жұмыстарын арнайы тәсілмен жүргізетінін жеткізді. Ол осы салаға 7-сыныптан бастап қызығыпты. 11 жылдан бері тау мен тасты серік қылған ол архео­логтар жалақы үшін емес, бас­тапқы орынға қызығушылықты қоятынын да айтып өтті. Жаз бо­йы жүргізген қазба жұмыстарын қыс бойы жазып шығады екен. Ол Жәкен Таймағамбетовтің шәкірті. Мұнда қазақстандық әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің студенттері де бар.
Ал бұған дейін де бірқатар әлемдік деңгейдегі экспеди­ция­лар­ға қатысып, ғылыми жаңалық­тардың ашылуына атсалысып жүр­ген Германиядағы Тюбинген университетінің докторы Раду Йо­вита соңғы кездері Орталық Азия­ға қызығушылығы арта бас­тағанын айтады. «Үңгірлерді зерт­теу біз үшін өте маңызды. Үңгір­лерде адам мен жан-жануар қал­дықтары жақсы сақталады. Біз сол жерден алынған үлгілер ар­қылы ДНҚ-сараптама жасаймыз. Осы­лайша, онда қандай адамдар өмір сүргенін анықтаймыз. Қа­зақ­стан­дағы үң­гірлер қаншама тарихи орын­ды қойнауына жасы­рып жа­тыр. Бір ғана Қаратау жо­тасының әрбір тасы тұнған та­рих», – дейді герма­ниялық архео­лог Раду Йовита. Бәйдібек ауданы әкімінің орын­басары Бақыт Қырғызәлиев тарихи-киелі орындарға бай аудан­н­ың туристік бағыты алдағы уақытта тағы да бір жаңа орынмен толығатынын қуанышпен жеткіз­ді. «Бәйдібек ауданындағы Бәй­дібек ата, Домалақ ана, Қос ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі сын­ды тарихи орындар елімізбен қатар алыс-жақын шетелдік ту­ристердің де ерекше қызығушы­лығын тудыратыны жасырын емес. Тұттыбұлақ үңгіріне де енді келушілер көбейетіні сөзсіз. 48 мың жыл бұрын өмір сүрген адам­дардың тыныс-тіршілігі мен жү­ріп өткен жолдары кімді де болса қызықтыратыны анық. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын толық аяқ­тап, ғылыми деректерге көптеп қол жеткізген соң музейлендіру жобасы жүзеге асады», – деді аудан әкімінің орынбасары.
Ұлттық музейі мен Тюбинген университетінің археолог маман­дарынан жасақталған экспедиция Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарын Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шығыс Қазақ­стан­да жалғастырады.

Түркістан облысы