Саяхатшы Сәрсенбай ата
Саяхатшы Сәрсенбай ата
956
оқылды
Еңбек ардагері Сәрсенбай Қотырашов Қазақстанның кең-байтақ даласын жаяу жүріп өтуді мақсат еткен. 72 жастағы ақсақал қарашаға дейін бүкіл елді аралап, өзге өңірлердің тұрғындарын Ұлытау ауданының тарихымен таныстырмақ. Ол күніне 40 шақырым жолды жаяу жүріп келеді. Екі күн бұрын ел астанасына жетті. Бұл – Ұлытаудан жалғыз өзі ұзақ жолды еңсеріп,  жаяу келе жатқан ақса­қал Сәрсенбай Қотырашов аялдаған он үшінші өңір. Ақсақалдың «Ұлытауға бардың ба...?» атты марафоны биыл наурызда басталған еді. Осы уақыт ішінде ол он жұп аяқкиімді тоздырып үлгерген. Бірақ ол жаяу жүргіншілер жолы қымбатқа түспегеніне риза. Қай өңірге барса да, қонақжай жұрт құшақ жая қарсы алып, тамақтандырып, тегін қонатын орын ұсынады екен.
– Тамақтан қиналған жоқпын. Қазақ халқы дарқан ғой. Жолда тоқтап, тамақ берейік, су берейік деп жатады. Ысырап етіп артық нәрсе алмаймын. Меккеге жаяу барсам деген арманым бар,– дейді Сәрсенбай Қотырашов.
Қария қараша айына дейін Қазақстанның 18 қаласын жаяу аралауды мақсат еткен. Еңбек ардагері мұндай ұзақ марафонға алғаш рет шыққанын айтады. Жезқазған мен Қызылорданың арасын­дағы жол өте ауыр соғыпты. Жүрген жерінде Ұлытау тарихын таныстыра отырып, әр өңірдегі қолөнер шеберлері туралы тың деректерді де жинақтауды мақсат еткен. Осылайша, Қазақстанның үздік қолөнершілерінің тізімін жасап шығуды қолға алыпты. Қолөнершілер тізімі халықаралық сайттың базасына енгізіледі. Бұл ұлытаулық шебер рестав­ратор Сәрсенбай Қотырашовтың жаяу сапарының нәтижесінде іске аспақ. Сонымен қатар «Көкмайса» ұлттық қымыз мерекесін насихаттай отырып, қайта жандандыруды көздейді. Айта кетерлігі, ақсақал жол бойы қымыз ішіп, әлденіп алады екен. Саяхатшы атаны елордалықтар да жылы қарсы алып, қошеметін көрсетті.
– Беліңізді бекем буып, Сарыарқа­ның, Жетісудың, бүкіл қазақтың байтақ даласын жаяу жүріп өту – Алланың сізге берген үлкен күші. Сон­дықтан ақсақал деніңіз сау болсын! Қасиетті Ұлытаудың етегінен қадам басып, бүкіл қазақ даласын жаяу жүріп шығу деген екінің бірінің қолынан келе бермейтін бақ. Мықты болыңыз, жа­сыңыз жүзге жеткенше аяғыңыз сүрін­бесін,– деді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев.
Жиһанкез әрі қарай Көкшетауға бұрылып, одан әрі солтүстікке тартып, Петропавл, Қостанайды көреді. Одан кейін батысқа бағыт алып, Ақтөбе, Орал, Атырау, Бейнеуге барып, Ақтауда марафон мәресіне жетеді. Дегенмен «Бұл сапардың соңы емес», – дейді Сәрсенбай Қотырашов.

Асылжан ЕЛАМАН