Қару ұстау қағидасына қырын қараған ба?
Қару ұстау қағидасына қырын қараған ба?
© коллаж: Әсел Балтақызы
555
оқылды
Жақында елорда маңында өткен әскери жаттығу кезінде кіші сержант Дархан Мәлік оққа ұшты. Әскерилердің айтуынша, «Кіші Майлан» деп аталатын оқу-жаттығу алаңында «Айбын» президенттік полкінің келісімшартпен жүрген кіші сержантына қаруласы байқаусызда оқ атқан. Алайда оқыс оқиғада көз жұмған 21 жастағы әскеридің жақындары бұл уәжге сенгісі жоқ. Себебі марқұмның қазасын жауаптылар әртүрлі жеткізген.
Жақынынан айырылып, қай­ғыдан қан жұтқан Мәліковтер отбасы мақтаулы деген Президент полкінде мүлтіксіз қызмет атқарып жүрген ұлдары сол түні кезек­ші­лікке кеткенін айтып отыр. Ал ертесі таңертең 21 жастағы жігіттің қаза болғаны туралы суық хабар жетіпті. Марқұмның туысы Айзада Сейдахметованың сөзінше, қаралы хабарды жеткізген әскерилер «ас­ханада отырғанда оқ тиіп, өзіне атылып кетті» деген. «Туысы­мыз­дың үйіне қызметінен адамдар ке­ліп жатыр деген соң біз «кет­пе­сін, тілдесейік, сөйлесейік, бізге не айтады екен» дедік. Асханада отырған уақытта Дарханның мыл­тығында оқ болмайды. Бос болады. Ойнап отырған. Ал қарсыласында оқ болады, ол байқамай қалады. Атқан уақытта бірден басына ти­ген», – дейді. Дегенмен туыстары ажалдың серігінен келгеніне кү­мән келтіреді. Себебі командир­лердің жауабы сәт сайын өзгеріпті. «Маған айтқан ақпараты әртүрлі болып тұр. Таңертең «Өзінің авто­маты атылып кетті» деп айтты. Бір сағат өткен соң хабарлассам «Жол­дас жігіттің автоматы асхананың ішінде атылды» дейді. Енді сүйекті алып келе жатқан офицерлер «Қо­қыс төгуге шыққан. Сол жерде екеуі бір-бірімен ойнаған, сонда оқ тиген» деп отыр», – дейді мар­құмның әкесі.
Қауіпсіздік ережесі сақталмаған 0112 әскери бөлімі айрықша мақсаттағы күштер қолбасшы­сы­ның орынбасары Ерлан Жарқын­баев бұл жазатайым оқиға екенін алға тартады. Оның айтуынша, әскерилер қарапайым ғана қауіп­сіздік ережесін сақтамаған. Қазір әскери қызметкердің өліміне қа­тысты тергеу басталды. Әзірге бар ақпарат осы. Ал «Дарханды жаза­тайым атып алдым» деген серігін әскери полиция бірден тергеп жа­тыр. Қаруластарының ай­туын­ша, күдіктінің өзі де марқұммен бірге әскери сапқа келген досы және осы уақытқа дейін артық мінезі де байқалмаған.
Түнгі кезегінің бітуіне жарты тәулік қалғанда өмірімен қоштас­қан сержанттың артында әйелі, төрт бауыры мен ата-анасы аңырап қалды. Айдың-күннің аманында атпал азаматынан айырылған ту­ған-туысқандары әскери бөлім басшыларының әрекетіне күдік­пен қарайды. «Автоматты асханаға алып кіретіндей әскерге алғаш ке­ліп тұрған жоқ қой», – дейді мар­құмның әпкесі Раушан Аки­шева. Оның үстіне, оқиғаның дәл солай болғанын айғақтайтын нақ­ты дәлел де жоқ. Себебі асхана де­гені – палатка. Ал ол жерде ка­ме­ра орнатылмаған. 0112 әскери бөлімі айрықша мақсаттағы күш­тер қол­басшысының орынбасары Ерлан Жарқынбаев марқұмға автомат емес, тапаншадан оқ атыл­ғанын айтып отыр. Автоматты әскерилер қоймаға тапсырып кетсе, тапан­шаны түнгі кезек­шіліктің соңына дейін өздерімен бірге алып жүреді екен. Абайсызда ажал құшқан сер­жанттың туыстары оқыс оқиға болардың алдынан бір күн бұрын ғана марқұмның туыстарынан ақша сұрағанын айтады. «Осылай жылы жауып қойғысы келеді. Бі­рақ бізге шындық керек. Артында аңырап ата-анасы, жүкті келіншегі қалды. Екі жыл бойы қолына та­пан­ша ұстап жүрген адамның ажа­лынан бір күн бұрын ақша сұрап, ертесі ойнап отырып оққа ұшты деген «ертегіге» кім сенеді?» дейді марқұмның әпкесі Айзада Сей­дахметова. Кеше Айзада Сейдах­ме­товаға қоңырау шалып, тергеу ісінің қалай өтіп жатқанын, оқыс оқиға болған жерге барғаны туралы есту үшін қоңырау шалдық. Бірақ марқұмның әпкесі полигонға туыс­тары да, БАҚ өкілдері сол бойы кіре алмағанын айтты. «Дәл қазір еш­теңе айта алмаймыз. Ба­уырымызды атып алды деген қару­ласының туыстары алды­мыздан өтіп, ке­шірім сұрады. Олар да өз­дерінің балаларымен тілдесе ал­маған. Біз секілді анық-қанығына көз жеткізе алмай отыр. Негізі, екеуі жақсы дос болған», – деп отыр.
Отан қорғайтындар оққа ұша бере ме? Бұл әскерилер айдың-күннің аманында оққа ұшқан алғашқы оқиға емес. Бұған дейін елде осы­ған ұқсас бірнеше рет жазатайым жағдай тіркелген. Әскерде атыл­ғандардың статистикасы қалай сөйлейтінін қайдам, бірақ соңғы бірер жылдағы ақпаратқа көз жү­гірткеннің өзінде абайсызда о дү­ниеге аттанып жатқандардың көптігін байқайсың. Мәселен, екі жыл бұрын Ақмола облысы Степ­ногорск қаласында өз қаруынан сар­баз оққа ұшқан. Ұлттық ұлан­ның баспасөз қызметі «Марқұм өзіне қарумен оқ атқан. Оқ басына тиіп, сарбаз алған жарақатынан қайтыс болды» деген еді. Ал был­тыр Жамбыл облысы Қордай ау­даны Отар ауылында гвардиялық гарнизонның сарбазы жүрегіне оқ тиіп көз жұмды. Бейбіт күнде оққа ұшқан әскерилердің өлімі туралы жиі еститін болдық. Осыдан барып жауаптылардың сырғытпа жауа­бына күмәнмен қарайтындар көбейеді.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғам құзырлы орындарға күдікпен қа­райтын болды. Өйткені әскерден қаралы хабарды жеткізуші әскери қызметкерлер, оның ішінде ко­ман­дирлері мен жауапты басшы­лары оқиғаның қалай болғанын нақты білмейді. Бұл жағдай одан ары күмән туғызады. Онсыз да жа­ралы жақындарына істі тез жауып тастап, құтылғысы келіп тұрған секілді ойға алып келеді. Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтың сөзінше, әскердегі оққа ұшу жағ­дайының жиілеуіне қару-жарақты қолданудың қауіпсіздігін сақтамау себеп. Бірақ осы салада талай жыл­дан бері қызмет етіп келе жатқан адамның оққа ұшуы сирек кез­деседі. «Бұл оқиғада екі әскери де қару-жарақты қолдануды білген. Алайда қауіпсіздік шараларын қаперден шығарған. Бұл жерде жауапты командирдің бақылауы, нақты тәртіп орнатпауының соңы оқыс оқиғаға себеп болған секіл­ді», – дейді Ермек Сейітбатталов.
Сенатор Нұржан Нұрсипатов та бұл айтылғанмен толық қосы­лады. Сөзінше, әскер өлімі болған кез келген жағдайда қауіпсіздік м­ә­селесіне жүрдім-бардым қа­ра­ған басшылар да жауапкершілікке тартылуы қажет.
«Адамнан айырылу – өте ауыр жағдай. Әскердегі әр бөлімшеде жауапты бірінші басшы болады. Ал оқу-жаттығу жүріп жатса, сол ша­раға жауапты адам бұйрықпен тағайындалады. Адам шығыны болғаны үшін сол жауап беруі тиіс. Себебі әскердегі қауіпсіздік жағ­дайы мен сарбаздардың тәртібін қада­ғалау – тікелей командирдің мін­деті. Дегенмен қызметтік тер­геудің нәтижесін білмей, кінәліні іздеу қиын. Одан кейін үнемі ай­тып жүрмін, әр командирдің сар­баз­дың ата-аналарымен мес­сенд­жерлерде ортақ чаты болуы керек. Сол жерде әрқайсысының әке-шешесімен түсіндірме жұмы­сын жүргізіп отырғаны жөн. Тағы бір айтарым, тергеу әділетті өтсе, Отан алдын­дағы борышын өтеп жүр­ген­дердің жақындарына бейбіт күн­де қаралы хабарды жеткізу азаяр еді», – дейді сенатор.
«Тәртіпке бағынған құл бол­майды». Бауыржан Момышұлы­ның қанатты сөзін саптағы сар­баздар да, әскерилердің өзі де ен­дігі жаттап алатын уақыт болды. Әйткенмен, әскери бөлім басшы­ла­рының өздеріне де қауіпсіздікті қаперге алу үшін темірдей тәртіп жетіспей тұрған секілді көрінеді.