Бетегеден биік, жусаннан аласа тұтынушы
Бетегеден биік, жусаннан аласа тұтынушы
680
оқылды
Қазақстандағы адамның қоры – тұтынушы. Оны ерінбегеннің бәрі жәбірлейді. Базарда саудагер таразыдан жейді. Өндірушілер сапасыз тауарын қымбатқа тықпалайды. Ет орнына шұжықты тері, крахмал, соямен толтырады. Әуекомпаниясы ұшақты 15 сағат кешіктіріп, өтемақы, тамақ, жатын бөлме түгіл бір жұтым су бермейді. Клиенттерін азған аспен улап, ауруханаға түсіргені үшін дәмхана иесі кешірім де сұрамайды. Тұтынушыны тіпті сол үшін құрылған мемлекеттік орган да қорғамайды. Осыдан-ақ елдің бұл салада артта қалғанын байқауға болады.

Қорғайды ма десе, қорлайтын түрі бар

Әрине, әрбір адам тұтынушы екенін ұмытпаған жөн. Алайда бі­ріншіден, «клиенттің айтқаны әр­дайым дұрыс» деген қағиданы берік ұстанатын озық елдердегідей тұтынушыны пір тұту мәдениеті Қазақстанда 30 жылда қалып­тас­пады. Екіншіден, Тұтынушы құ­қығын қорғау жөніндегі жеке уә­кілетті орган құрылғанымен, оның құзырет-өкілеттігінің нашарлығы кесірінен жұмысы көзбояушы­лық­қа көбірек ұқсайды. Үшінші­ден, салалық заңның солқылдақ­тығы әркімнің өз кәсібінде клиен­тін алдап соғуға бейім тұруына әкеліп соқтырды. Сауда және интеграция ми­нистр­лігінің Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің са­лада ит тұмсығы батпас ну орман­дай бытысып, қордаланған проб­лемаларды еңсеруге күші жетпей жатқаны байқалады. Сондықтан ол көмекке қоғамдық ұйымдарды шақырып, өз міндеттерінің бір бөлігін соларға артпақ. Негізі, әріге бармағанда, қау­қарсыздығын айтпағанда, Тұты­ну­шылардың құқықтарын қорғау ко­митетінің өзі тұтынушылар­дың – қазақтілділердің құқығын аяққа таптап отыр. Мәселен, бас­шылығы бір жылда сан рет ауысқан ведомство ресми сайтында қазақ­тілінде қазақтың өзі түсінбейтін, шатпақ, былдыр-батпақ ақпарат­тар­ды беріп жүр. 8 шілдеде орна­лас­тырылған соңғы мәліметін ал­сақ: «Бүгін көбейіп, саны әр түрлі фирмалар, олар «гастрольдік». Республика қалаларына шақырып, тегін массаж және тұсаукесер жа­пон массаж жабдықтар. Сонымен қатар, презентация, әдетте, таны­мал жерде, мысалы, мейрамханада өткізіледі. Әр түрлі сыйлықтардың ұтыс ойынын өткізу жағымды бо­нус болып табылады». Бұдан қазақ тілді тұтынушы қандай құнды мәлімет алмақ? Бұл – тек «ақпарат бергенбіз» деп есеп беру үшін жасалған көзбояушылық. Осыдан кейін бұл уәкілетті орган мүддесі мен құқығы аяқасты болған тұтынушы үшін ақырып әділ­дік сұрайды деп күту – аңғалдық. Сауда министрлігінің дере­гін­ше, жыл өткен сайын тұтыну­шы­лардың шағымының легі тек артып барады. Ал сол шағымдар негізінде зәбір көрсетушілердің шаңдағын қағуға тиіс комитет ынжықтық танытып, бас бұғып, жалтарма жа­уап-отпискамен құтылады екен.
«Арыз иелеріне 2020-2023 жыл­дар аралығында меморган­дар­дың тексерулеріне мораторий жа­рияланғаны, сондықтан мемле­кеттік бақылау шараларын қолдану мүмкін еместігі туралы түсіндір­ме­лер беріледі. Мысалы, 2021 жыл­дың 6 айында қабылданған 8 164 өтініштің 4 592-сіне осындай жа­уап берілсе, 2022 жылдың 5 айында мораторийге сілтеме жасалған тү­сініктемелердің үлесі 9 278 ша­ғымның 4 996-ына жетті. Салда­рынан Әкімшілік кодекстегі нор­малардың құқықбұзушылықтың алдын алу тиімділігі төмендейді, билік органына деген халықтың сеніміне селкеу түседі», – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі (СИМ).
Ведомство Президент жария­лаған мораторийдің күшін тоқтата алмайды. Оны аз десеңіз, қазір Мәжіліс депутаттары шағын және орта бизнесті дағдарыс кезеңінде қорғау үшін тексерулерге морато­рийдің мерзімін ұзартуды ілгеріле­тіп жатыр. Сонда қайтпек керек?

Тексеру басталмаса, тентіреу жалғаса ма?

Мораторий ары қарай созылса, тұтынушыларға қиянат та өрши бермек пе? Өйткені СИМ «тұтыну­шылардың шағымдары негізінен шағын және микро кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты» екеніне назар аудартады: Аталған комитет 2019 жылы 5 977 өтінішті ғана қараса, 2020 жылы олардың саны 20 919-ға өсті. 2021 жылы азамат­тардан 25 223 арыз келіп түсті. Тұ­тынушылар биліктің басқа ор­гандарына 2019 жылы – 30 мыңға жуық, 2020 жылы – 48 876, 2021 жылдың 6 айында 26 161 өтінішпен жүгінген. Осыдан-ақ бұқараның жанайқайын аңғаруға болады. Көп адамның алдау-арбауға үнсіз тө­зе­тінін ескерсек, белсенділерінің өзі мыңдап саналатыны аңғарылады.
«Меморгандардың тексеруіне мораторий күшінде тұрған кезде мемлекеттік органдар тұтынушы­лардың дауын шешуге қауқарсыз. Егер дау өзара бітіммен шешілмесе, тұтынушылардың өзі сотқа жүгінуі керек. Бірақ тұтынушылар сотқа жүгіне бермейді. Себебі Азаматтық процестік кодекстің 113-бабына сәйкес, талап-арыз беруші өзін қор­ғайтын адвокаттың, соттағы өкілінің көмегіне ақы төлеуі тиіс. Ол ақы мүліктік талаптардың қа­нағаттандырылған бөлігінің 10 пайызына дейін жетеді», – деп түсіндірді министрлік.
Содан адамдар сотта жеңіліп, өтемақы ала алмай қалсам, босқа шығындаламын деп қорқып, ая­ғына дейін бармайды, «садақа» дей салады. Бұл «дәстүр» алаяқ сату­шылар мен өндірушілердің арсыз­дануына, бассыз кетуіне ықпал етеді. СИМ тұтынушылардың құ­қығын қорғау мораторийге қара­мастан жүргізілуі керек деп отыр. Оны қалай жасауға болады? Бұл жерде мораторий тек меморган­дардың тексеруіне ғана қойылға­нын қаперге салған жөн. Ал қо­ғамдық бақылауға тыйым жоқ. Ми­нистрлік те тұтынушылар құ­қы­ғын қорғауда осы тетікті пай­далануға ниетті. [caption id="attachment_205500" align="aligncenter" width="1239"]тұтынушы © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption]

Қоғамдық ұйымдарға баюдың тетігі беріледі

Жалпы, Қазақстан тұтыну­шы­лар құқығын қорғау ұйымдарынан еш кенде емес. Тұтынушылардың дауын сотқа дейін реттеумен ай­налысатын 178 субъекті бар, оның ішінде 50-ге жуығы – қоғамдық бірлестіктер. Олардың өкілі – Қазақстан тұтынушылары лига­сының төрағасы Светлана Рома­новская тіпті Мәжіліс депутаты да болды. Одан нәтиже шыққаны шамалы. Сарапшылар халықтың сот түгіл тұтынушы құқығын қорғау ұйымдарына жүгінбеуінің бір мәнісін атады: олар өндірген өте­мақының белгілі бөлігін алып қояды. Ал соттар әдетте тұтыну­шыларға тек тауарды не қызметті алуға жұмсаған нақты қаражатын ғана өндіртеді. Моральдық, мате­риалдық шығынға өтемақы алу күрделі. Содан азамат аз ғана ақ­шасының қомақты бөлігін ұйымға беруге мәжбүр. 2021 жылдың бірінші жар­ты­жылдығында тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері теріс пиғылды кәсіпкерлердің тұтыну­шылардың құқығын бұзуды сотқа дейінгі тәртіпте жоюдан бас тар­туына байланысты сотқа 565-ке жуық талап-арыз түсіріпті. Нәти­жесінде, 94 млн теңгедей қаражат тұтынушыларға қайтарылды. Сауда министрлігі тұтынушы­лардың құқығын қорғау үшін осы ұйымдарға белсенді жүгінуін ын­таландырмақ. Ол үшін қолда­ныс­тағы заңнамаға түзетулер дайын­далды. Оған сәйкес, бұл ұйымдар өз сыйақысын тұтынушыдан емес, даукес, алаяқ кәсіпкерден өндіреді.
«Егер сатушы, дайындаушы, орындаушы тұтынушының құ­қығын бұзуды өз еркімен жоюдан, оған тауардың, жұмыстың, көр­сетілетін қызметтің кемшілік­те­рінен келтірілген залалды өтеуден бас тартса, онда тұтынушылардың қоғамдық бірлестігі, қауымдастығы тұтынушының мүддесі үшін оған қарсы сотқа талап-арыз береді. Егер сот оның талаптарын қана­ғат­тандырса, онда сатушыға, да­йындаушыға, орындаушыға тұ­тынушылардың қоғамдық бірлес­тігі не қауымдастығы пайдасына мүліктік талаптың қанағаттан­ды­рылған бөлігінің 10%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерінде айыппұл са­лынады. Егер мүліктік емес талап қойылса, айыппұл мөлшері 5-тен 50 айлық есептік көрсеткішті құ­райды», – делінген заң жобасында.
Заңнамалық түзетулер қабыл­данса, тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділік деңгейі 2026 жылы 75,9%-ға дейін жетеді деп жоспарланған. Бұл көрсеткішті ко­митеттің saualnama-opros.kz сайтында тұрғындардың арасында online зерттеу жүргізу арқылы анықтап отыру көзделген. Қазақстанның тұтынушылары лигасы қауымдастығының тө­ра­ғасы Светлана Романовскаяның айтуынша, жыл өткен сайын тұ­тынушылар құқығын қорғау мә­селесі өзекті бола түседі. Оның үс­тіне, Жаңа Қазақстан саясаты­ның ұстыны саналатын «еститін мемлекет» қағидаты да осыны талап етеді.
«Бұл ретте, әсіресе Қытайдан, Ресейден, басқасынан келетін кон­трафакт өнімдер халық ден­сау­лығына үлкен қатер төндіреді. Соңғы 4 жылда Қазақстанға 30 миллиард теңгеге жалған өнімдер әкелінген. Және олардың ауқымы жыл сайын шамамен 10%-ға кө­бейіп отырады. Заңсыз әкелінген өнімдерге сұраныс халық тұрмы­сының төмендеуі кесірінен артып отыр. Бұл салада нақты регла­мент­тер, стандарттар, нарықты тәр­тіпке келтіруге бағытталған заңды тетіктер жоқтың қасы», – дейді С.Романовская. Әрине, кезінде депутат болғанда осы мәселені заң жүзінде шеше алмағанына оның өзі де кінәлі болса керек.
Қалай болғанда, егер Сауда ми­нистрлігі лигаға және сол сияқ­ты қоғамдық ұйымдарға тұты­ну­шылар құқығын қорғаудың жаңа тетіктерін ұстатса, онда бұлардан қосымша сұрау да болғаны жөн.