Шиеленіскен Шри-Ланка
Шиеленіскен Шри-Ланка
951
оқылды
Шри-Ланка – санс­крит­ше киелі жер деген сөз. Алайда соңғы жылдары бұл «жерұйықтан» құт қа­шып тұр. 22 миллион халқы бар ел тәуелсіздік алғаннан бергі ең ауыр қаржылық дағдарысқа тап болды. Күй­зелістен қажыған тұр­ғындар наурыздан бастап наразылық шараларын өткізді. Оның соңы сенбіде көтерілісшілердің прези­дент Готабай Раджапаксы резиденциясын басып алуы­на ұласты. Демон­странт­тардың қымбат жи­һазға толы бөлмелерді жай­­лап, бассейнде шо­мыл­­ғаны бейнеленген ви­деороликтер жаһанға та­рады. Бірақ дағдарыс тар­қар емес. Бұл елді қазақстандықтар «Цейлон шайы» деген атаудан біледі: португалдар отарлағаннан 1972 жылы азаттық алғанға дейін халықаралық жұртшылық бұл елді Цейлон атайтын. Бостандыққа қолы жеткен соң өз мемлекетіне халық өзі қалаған атауды берді. Айтпақшы, осы елдің дұрыс атауы – Сри-Ланка. Кеңес дикторлары бастапқыда осылай дұрыс атап жүр­ді. Бірақ орыс тілінде ұяттау есті­летін болған соң Шриге ауыстырған. Қазақ тіліне де орысша нұсқасы қабылданды. Халықаралық ақпарат құрал­дары Шри-Ланкадағы алапат дағ­дарыс туралы бұрыннан жазып ке­леді. Пандемия жағдайды тіптен ушықтырып жіберді: шекаралардың жабылуы кесірінен негізінен ту­ризмнен нәпақа тауып отырған ха­лық табыссыз қалды. Осындағы көз жауын алатын аппақ құмы бар, жер жәннатына теңелер жағалаулар қаңырап бос қалды. Бұқара тұрмы­сының құлдырағаны сонша, қара­пайым керосиннің соңынан ұзын-сонар кезек қалыптасатын болды: ел астанасының көптеген тұрғыны тамақты далада, қолдан жасалған пеш­терде дайындауға мәжбүр. Ке­ро­син тапшылығы күшейген соң қа­лалықтар тамақ әзірлеу үшін ағаш жарып, отын дайындауға көшті. Күнделікті кең тұтынылатын тауарлар бағасы тоқтаусыз ша­рықтады. Ресми инфляцияның өзі 50%-ға жетті. Азаматтар ет бағасы еселеп қымбаттағандықтан, сирек тамақ ішетін болды. Көп отбасының күнделікті мәзірі тек көкөністен және ұннан жасалған өнімдерден ғана тұрады. Сорақысы сол, жанар-жағармай жетіспегендіктен, қоғамдық көлік тоқтай бастаған, жедел жәрдем ма­шиналары шақыруға баруды тый­ған. Тук-тук көліктер көмегімен так­силетіп, бала-шағасын асыраған жүздеген мың еркек бар уақытын ЖҚС-ке бензин, дизельдің түсуін күтуге сарп етеді. Содан билік мау­сым айында ЖҚС-терге жекемен­шік автокөлік иелеріне отын са­туына 2 аптаға тыйым салды. Бұл да халықтың наразылығын өршітті және бағалардың ары қарай ша­рықтауына түрткі болды. Бұған жа­уап ретінде мемлекет әрбір жа­нар­май құю стансасының қасына ар­мия жауынгерлерін және поли­цей­лерді қойды. Оның үстіне, шет­ел­ден мұнай өнімдерін импорт­тауға мемлекеттің қаржысы жоқ – қа­зынасы бос еді. Ахуалды дәрі-дәрмектің таусы­луы күрделендірді, соның кесірінен онсыз да деңгейі төмен денсаулық сақтау жүйесі толық күйреудің аз-ақ алдында тұр. Туризмнен бастал­ған дағдарыс тарам-тарам тармақ­талып, экономиканың барлық са­ласын дендеді. Мектептер жабылып қалды, мұғалімдер электр және басқа ресурстарды үнемдеу үшін ата-аналарға балаларын үйде оқы­туды өтінді. Ақыры 9 шілдеде Парламент төрағасы Махинда Япа Абейвардена ел президенті отставкаға кетуге ниет­ті екенін жария етті. Бірақ оның қашан болатынын айтпады. Оппозиция президентті билікті ба­сыбайлы жайлап алғаны, биік ла­уазымдарды туған-туысына тарат­қаны үшін сынап келген болатын. Осыдан кейін үкімет басшысы Ранил Викремесингхе де лауазымын тәрк етуге даяр екенін мәлімдеді. Бірнеше сағат өткенде бас көтерген халық оның жеке вилласын өртеп жіберді. Қатты ашыққан, ашынған, ашуға дес берген бұқара ел астанасы Коломбодағы Готобай Раджапак­сының сарайын шабуылдады. Бұл кезде саясаткер белгісіз жаққа ұшып үлгерді. Қазір Шри-Ланка басшысыз қалды. Бүліктер көше­лердегі қақтығыстармен, тонаумен, қиратып-өртеумен қатар жүрді, адам өлімі тіркелді. Би-Би-Сидің түсіндіруінше, халық толқуына елде ақшаның түгесілуі басты себеп: мемлекеттің валюталық қорлары біткен, сырт­тан келетін тауар импорты тоқтаған. Сөрелер бос қалған. Биылғы ма­мырда өз тарихында тұңғыш рет Шри-Ланка сыртқы борышы бо­йынша төлем төлей алмай, дефолт болды. Билік бар кінәні пандемияға аударуға тырысты. Дегенмен шет­ел­дік валютаның үлкен бөлігін әкелетін туристерді 2019 жылдары болған алапат террористік актілер де үркіткен еді. Халықаралық сарапшылар Шри-Ланка басына сорды өзі тауып алған деген байлам жасады. 2009 жылға дейін тамилдармен арада жүрген сұрапыл азаматтық соғыс аяқталған соң мемлекет сыртқы нарықтарға өнімді, мысалы шайды көбірек сатып, экспортты дамыту орнына бар күш-жігерді ішкі на­рыққа шоғырландырды. Салдары­нан экспорт тоқтаусыз азайды, ал импорт құны үздіксіз арта берді. Нәтижесінде, 2019 жылдың соңына қарай шетелдік валюта резервте­рінен небәрі 7,6 млрд доллар қал­ған. Ал биылғы толқулар қарса­ңын­да билік мемлекеттік валюталық резервтен бар-жоғы 50 млн доллар ғана қалғанын мәлімдеді. Бұл – тұтас мемлекеттің емес, компания­ның қорындай ғана ақша. Шри-Ланка үнемдеу мақсатын­да тыңайтқыштарды сатып алуды доғарды, бұл былтыр астықтың шықпай қалуына әкеліп соқтырып, проблеманы күшейте түсті. Енді азық-түлікті де шұғыл түрде сырт­тан тасуға итермеледі. Оның үстіне, Үкімет бұрынғы жылдары елге қажеті шамалы, бірақ қымбат инфрақұрылымдық жоба­ларға сырттан қаптатып қарыз алып, соның борышын төлеуге не­гізсіз шығынданған. Бүгінде Шри-Ланканың сыртқы мем­ле­кеттік борышы шамамен 51 мил­лиард долларды құрайды. Оның үлкен бөлігі – 6,5 миллиарды Қы­тай алдындағы қарызы. ҚХР оны қайта құрылымдау жөнінде келіссөз жүргізуге дайындығын білдірді. Үл­кен жетілік елдері де оның борыш ауыртпалығын жеңілдетуге жәр­дем­десетін болды. Дүниежүзілік банк Шри-Ланкаға 600 млн доллар арзан несие беруге уәде етті. Үндіс­тан 1,9 млрд доллар қаржы ұсын­бақ. Және өзінен импортқа тағы 1,5 миллиард доллар бөлуге әзір. Ха­лықаралық валюта қорынан (ХВҚ) 3 миллиард доллар шұғыл көмек алу бағытында келіссөздер басталған. Елдің жаңа билігі осы қаражаттарға шетелден азық-түлік, медициналық препараттар, мұнай өнімдері және басқа керек-жарақтарды алғызып, дағдарыстың бетін қайтара алады. Алайда мұның бәрі – тек уақыт­ша шаралар. Сырттан тартылған миллиардтаған доллар жаңа несие­лер мемлекеттік борышты ұлғайта­ды. ХВҚ өзінен көмекті алу үшін Шри-Ланкаға салықты арттыру, орталық банктің есептік ставкасын арттыру шартын қойып отыр. Негізі, кезінде Шри-Ланканың Кеңес Одағымен байланысы мықты болатын. Сол себепті де Цейлон ша­йы кеңестік дүкендердің сөреле­рінен орын таба алған. Енді Шри-Ланка халқына «ұлт­тық бірлік үкіметін» құру, бас бі­рік­тіру қажет болады. Әйтпесе, жағ­дай одан ары нашарлап, азамат­тық соғыс өрті қайта тұтануы ық­тимал. Саяси партиялар лидерлері келіссөз үстеліне отырып, дағда­рыс­ты еңсеру жолдарын іздеуге кі­ріс­ті. Оның не­мен тынары бел­гісіз. Көтерілісшілер мемлекет бұ­р­ын­ғы жемқор биліктен толық тазармайынша Президент сарайын тастап шықпайтынын мәлімдеді. Сарай күзетшілері оларға тиіспей, сырттан бақылаумен шек­телген. Шри-Ланка басшылығының мем­лекетті басқарудағы біліксіздігі мен сауатсыздығы «қасиетті жердегі» төңкеріске алып келді.