Ананың бай болуы маңызды
Ананың бай болуы маңызды
413
оқылды
Ана мен балаға жағдай жа­сауына қарап, мемлекетті таны. Сингапур өмірге пер­зент әкелген анаға 60 мың дол­лар сыйақы береді. Бірік­кен Араб Әмірліктері жаңа аза­маттың дүниеге келуіне орай 200 мың долларға дейін тө­­лем және мұқтаж болса, үй сый­­лайды. Кувейтте 1 млн дол­лар кредит береді, бірақ мұнай қымбаттаған жы­лы оны мемлекет өзі өтей­ді. Гер­манияда «Балалар ақша­сы» (Kindergeld) 18, тіпті кей жағ­­дайда 25 жасқа дейін тө­ленеді. Save the Children халықаралық қайырымдылық қорының баян­да­масына жүгінсек, әлемдегі 179 мем­лекет арасында Қазақстан анаға қолайлы жағдай жасау тұрғысынан 58-орында тұр. Біздің көршілеріміз – 56-тұғырдағы Уругвай және 59-орынға жайғасқан Тунис. Ұйым Сомалиді ана үшін дүниежүзіндегі ең нашар мемлекет деп таныды. Бала тууға ең қолайсыз елдер он­дығына Сьерра-Леоне, Гвинея-Бисау, Чад, Кот-д'Ивуар, Гамбия, Нигерия, Мали, ОАР, Конго да кірді. Бірақ біз үлгі етер мемлекет бұлар емес, мыналар: Норвегия, Финлян­дия, Исландия, Дания, Швеция, Нидерланд, Испания, Германия, Австралия, Бельгия. Бұлар – шың басында. Жаһандық рейтингті құру кезінде 5 фактор на­зарға алынған: ана мен бала өлім-жітімі, балаға тегін білім беру мүм­кіндігі, жалпыұлттық табыс кө­лемі, әйелдердің саяси өмірге қа­тысу үлесі. Рас, әр балаға лайықты жәр­демақы ұсынылса, со­ның өзі демографияға серпін беруге қау­қарлы.  

Бара-бара Ресейге жем болмасақ...

Дамыған, озық елдерді айтпа­ған­ның өзінде, көрші Ресейде ана­лар қазақстандық аналарға қара­ғанда 28 есе көп қамқорлық көреді екен. Біріншіден, Ресей президенті В.Путиннің биылғы жолдауына сәйкес, Ресейде 466 617 рубль  (2 799 702 теңгедей) «ана капиталы» енді бірінші баласын туған анаға да беріле бастады. Оның үстіне бұл сома жыл сайын ұлғайып, индекса­цияланады. Салыстыру үшін айтсақ, Қа­зақстанда 2020 жылы тек тұңғышын ғана емес, сондай-ақ екінші және үшінші баласын босанған анаға 100 738 теңге көлемінде 1 реттік «бала тууына байланысты жәр­дема­қы» төленеді. Бұл солтүстік көр­шінің мемқолдауынан 28 есе аз. Екіншіден, Ресейдегі өзгеріс­терге орай екінші баласын өмірге әкелген әйел үшін «ана капиталы» бірден 150 мыңға артып, 616 мың рубльге (3 млн 696 мың теңге) же­теді. Оның қасында Қазақстанда ел Үкіметі төртінші және одан көп баланы туғаны үшін беретін 167 013 теңге бірреттік жәрдемақыны ауызға алу біртүрлі ұят. «Ресейдің «ана капиталын» алу үшін сол елдің азаматтығын қа­был­дадым. Оларда «тууы бо­йынша Ресей азаматтығын алу» ту­ралы заң талабы бар, оған сәй­кес, егер ата-анасының бірі Ре­сей азаматы болса, бұл бала­ның Ресей азаматы атануы, яғни «ана капиталын» алуы үшін жет­кілікті. Жұбайым Қазақстан аза­мат­тығында қалды. Кейін ел­ге оралып, азаматтық алсам, «орал­ман» (қандас) мәртебесі мен игі­ліктерін иеленуге бола ма екен деп ойлап жүрмін», – дейді Тобыл қа­ласының тұрғыны Ақбота. Әрине, па­триотизмнен жұрдай, меркантил­ді азаматтардың кетуіне қолды бір сілтеуге болады. Алайда халқы тым аз, жері ұлан-байтақ елге аналардың әрқайсысын жал­ғы­зындай көріп, қуатты түрде қор­ға­ғаны абзал. Жалпы, осындай теріс құбы­лыстың белең алғанына алаңдаған Парламент депутаттары да демо­графия жайын ойлап, көршінің «Ана капиталы» бағдарламасының баламасын өз елімізде енгізу ту­ралы бастама көтерген. Бірақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «ана мен балаға төленетін жәрдемақының түрі онсыз да көп екенін» алға тартып, идеяны игеруден бас тартты. Бұл жерде шенеуніктер Ресейде «Ана капиталынан» бөлек, ана мен балаға басқа да төлемдер бері­ле­тінін ескермейтін секілді. Айта­лық, баланың күтімі үшін төленетін ай сайынғы төлемдер солтүстік көрші­де бөбек өмір есігін ашқан­нан 3 жасқа толғанша аударылатын. Енді 2020 жылдан бастап, аз қам­тылған отбасылар бұл жәрде­ма­қы­ны баласы 7 жасқа толғанға дейін ала бастады. Жәрдемақы көлемі осы жылы әр бала үшін 5 500 рубль (33 мың теңгедей), ал 2021 жылы 11 500 рубльге (69 мың теңгедей) дейін өседі. Біздің республикада да етегінен көп бала өрген аналар осындай жәрдемақы алады, бірақ сомасы аздау. 2020 жылғы 1 қаңтардан табысына қарамастан, барлық көпбалалы отбасыларға берілетін жеке жәрдемақы енгізілді. 4 бала­ға – 42 496 теңге, 5 баласы бар от­басыға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасыға – 74 388 теңге. Байқасаңыз, Ресей әр балаға 33 мың теңгеден, ал Қа­зақ­стан 4 балаға ортақ 42,4 мың теңге төлейді.    width=

Қай елдің қамқорлығы қайран қалдырады?

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігіне сенсек, біз­де ана мен баланы қолдауға ба­ғытталған жәрдемақы мен төлем­нің 11 түрі бар. – Тәуелсіздік жылдары елімізде ана мен баланы қорғаудың ұлттық моделі құрылды: ол 8 жәрдема­қы­дан және 3 төлемнен тұрады. Жал­пы алғанда, бұл мақсатқа 2020 жы­лы 682,9 млрд теңге қарасты­рылған. Мысалы, бала тууды ынта­ландыру және отбасында бала тәр­биелеуге жәрдемдесу мақса­тында 2003 жылғы 1 қаңтардан бері бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы енгізілді. Оның мөл­шері отбасындағы балалар санына байланысты сараланады: 2020 жы­лы І, ІІ, ІІІ баланың туылуына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 38 АЕК немесе 100 738 теңгені құрайды. Ал 4 және одан да көп балаға 63 АЕК немесе 167 013 теңге төленеді, – деп хабарлады ведомство. 2019 жылы аналарға берілген төлемнің орташа мөлшері 109 370 теңгені құрады: осы мөлшерде 400 022 адам алды. 2020 жылы тө­лемнің орташа мөлшері – 114 788 теңге. Осы мақсатқа 45,2 млрд тең­ге бағытталды. Жұмыс істемейтін ата-аналарға бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін жәрдемақы қарастырылған. Ол отбасының табысына қарамас­тан тағайындалады және мөлшері 4 балаға дейін артып отырады: І балаға – 5,76 АЕК (15 270 теңге), ІІ балаға – 6,81 АЕК (18 054 теңге), ІІІ балаға – 7,85 АЕК (20 811 тең­ге), 4 және одан кейінгі ба­лаларға – 8,9 АЕК (23 594 теңге). Мұндай жәрдемақыны былтыр жалпы сомасы 34,7 млрд теңгеге 138 466 адам алды. Төлемнің ор­таша мөлшері 20 886 теңгені құ­рады. 2020 жылы мұны төлеуге 39 млрд теңге көзделген, орташа мөлшері – 22 663 теңге. Ал жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтан­ды­ру қорынан (МӘСҚ) жүктілікке және босануға байланысты табы­сынан айырылған жағдайда төлем­дер қарастырылған, бұл олардың табы­сының 40%-ына тең. 2019 жы­лы 77,5 млрд теңге 191,4 мың адам­­ға ауда­рылды. Биыл кеміп, тек 86,4 млрд теңге арна тартпақ. Бұдан басқа, ананың беделін арттыру мақсатында «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталғанға төленетін жәрдемақы 3,9-дан 6,4 АЕК-ке дейін ұлғайды. 2019 жылы ол 16 160 теңгені құрады. Оны жал­пы сомасы 45,7 млрд теңге көлемін­де 234 941 адам алды. 2020 жылы 47,5 млрд теңге бөлінген. Төлемнің орташа мөлшері 16 967 теңге болмақ. Сонымен бірге Қазақстанда әлеуметтік сақтандыру төлемдері, мемлекеттік әлеуметтік жәрдема­қылар, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлемдер енгізілген. Өзге елдердің тәжірибесіне жү­гінсек, мысалы, Австралияда дү­ние­ге келген әрбір сәбиге шамамен 3 мың АҚШ доллары (4 мың авс­тралиялық доллар) сыйақы көз­дел­ген. Егер ана үшем не одан көп баланы қатар туса, дәл сол сома балалар 16 жасқа толғанша жыл са­йын төленеді. Көпбалалы отба­сына ұсынылатын салықтық же­ңілдіктер білім беру, медициналық және басқа қызметтер шығынының жартысын жабады. Жалпы, сарапшылар шектен тыс қамқорлық масылдыққа соқ­тыруы мүмкін екеніне назар аудар­тады. Данияда ұқсас пікірталас Роберт Нильсонның танымал ток-шоуынан өрбіді. Егде жастағы Карина есімді жалғызбасты әйел өмірінде бір күн жұмыс істемепті: әртүрлі жәрдемақыға өмір сүреді. Ол жасөспірім кезінен денсаулы­ғына (депрессия диагнозымен) байланысты жәрдемақы алған. Кейін ұл туған. Оның бюджеттен алатын айлық табысы – 1 500 доллардай. Бұл сомаға Карина Копенгаген орталығындағы пәте­рінің төлемдерін төлейді, жаңа жиһаз, техника сатып ала алады, өзін және баласын бар қажетімен қамтамасыз етеді. Бірақ мемлекет осы айтысқа бола әлеуметтік сая­сатын қатайтқан жоқ. Озық мем­лекетке өз халқын қалай жа­рыл­қаймын десе де жарасады.    width=Айхан ШӘРІП