Зерендіде өткен «AMANAT» партиясы жастар қанатының кезектен тыс VI съезінде елдің әр қиырынан волонтерлік қызметте белсенділік танытқан жастар да бой көрсетті. Жас та болса қоғам үшін маңызды мәселелерде аянбай еңбек еткен еріктілердің бірі өз замандастарын мемлекет дамуында қалыс қалмауға шақырды.Ариана Белобжицкая – Қазақстан-Ресей медициналық университетінің студенті. Партия жастар қанатының Алматы қалалық филиалында еріктілер қозғалысында белсенді әрекет еткен болашақ дәрігер еріктілер қозғалысының дамуы үшін волонтерлер академиясын құру қажет деген ұсынысын білдірді. «Бұл съезде мен қазақ жастарының ерекше жалынын көрдім. Әр өңірден келген жастарымыз бүгін өз аймақтарына қайтуда. Мен бұл съезден ерекше әсер алып, өз ұсыныстарымды да білдірдім. Волонтерлік қызмет менің ойымша, жастарды еңбекке баулып қана қоймай, олардың бойында белсенді азаматтық жауапкершілікті қалыптастырады. Сондықтан жастар қанатының осы съезі барысында мемлекет пен қоғамның дамуына бейжай қарамайтын ерікті жастардың басын бір арнаға тоғыстыратын «Еріктілер академиясын» құруды ұсындым. Мұнда жастар өзара білім мен тәжірибе алмасып қана қоймай, шетелдік сарапшылардың тәжірибесін игеруге мүмкіндік алар еді», – дейді Ариана Белобжицкая. Ариана мұнымен қоса волонтерлерді салауатты өмір салтын ұстап, спортпен белсенді түрде айналысуға шақырды.
«Мен болашақ дәрігер ретінде спорттың адам денсаулығы үшін аса маңызы зор екенін тағы бір рет ескерткім келеді. Экономикада да адамның денсаулығы мен кәсіби даярлығының өзара тығыз байланысты екені белгілі. Яғни кез келген салада қызмет ететін маман кәсіби дайындығы мықты әрі іс-тәжірибесі мол болғанымен, денсаулығы нашар болса оны еңбек ресурсына жатқызуға болмайды. Сондықтан да адам жастайынан өз денсаулығына барынша көңіл бөлу тиіс. Жастардың сергек әрі позитивті оймен қызмет етуі бұл елдің де денсаулық сақтау саласын қолдау әрі өз болашағына да мықты инвестиция дер едім», - дейді Ариана Белобжицкая.Жастардың ел болашағының жарқын болуы үшін денсаулығын нығайтуға спортты серік етуі, әрі ел үшін қызмет ететін еріктілер академиясын құруды ұсынған жастың алдағы уақытта да елі үшін еңбек ететініне сенім мол.
Ақмола облысы