Демографиялық түйткілдің түпкі сыры неде?
Демографиялық түйткілдің түпкі сыры неде?
Фото: twitter.com
672
оқылды
Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық мәселелердің көпшілігі демографиялық саясаттың тиісінше деңгейінде жүргізілмеуінде жатыр. Ауылдардың құлдырауы, қала халқының шамадан тыс артып кетуі, жұмыссыздық, әлеуметтік нашар қорғалу, тағы басқа көптеген мәселенің түп төркіні осында. Үкімет демографиялық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуі тиіс және оның қандай жасырын тәуекелдері мен қатері болуы мүмкін? Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады Әлбетте, «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейтін дәс­түрлі қазақ қоғамында отбасында баланың көп болғаны қуаныш. Атам заманнан бері ұлан-ғайыр даламызды қорғап қалу үшін әскер саны көп болғаны керек, бұл мә­селе қазір де маңызын жойған жоқ. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рында кейбір тегі басқа этнос­тар­дың өз елдеріне үдере көшуі, сөйтіп республика халқының едәуір аза­йып қалуы, аталмыш мәселені одан сайын өзектілендіре түсті. Халық арасында бала тууды на­сихаттау үшін «Қарадомалақ-2000» бағдарламасы қолға алынғаны есте. Осыған орай мемлекет көп­ба­лалы отбасыларға материалдық және моральдық қолдау көрсету шараларын күшейте түсті. Үкімет­тің бұл бастамасын елімізге таны­мал өнер және спорт өкілдері де қызу қолдады. Ұлттық статистика бюросының есебінше, Қазақстанда бала туудың жиынтық коэффициенті (БЖК) ұдайы өсіп отырды. Ол 1999 жылғы 1,86-ден 2009 жылы – 2,55-ға, ал 2020 жылы 3,13-ке дейін көтерілді. Бір қызығы, экономикалық қиын­дықтардан қашқан ауыл халқының ірі мегаполистерге жаппай көшуіне байланысты қала тұрғындарының туу көрсеткіші күрт көтерілді. Мә­селен, 2015-2019 жылдар аралы­ғын­да, бес жыл ішінде қалалық­тардың БЖК-сы 7,4 пайызға арт­қан, бұл кезде ауылдықтардың БЖК-сы 4,2 пайызды көрсеткен. Ал 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылында болмаған рекордтық шама – 450,7 мың бала өмірге келді. Бірақ шарананың шетінеп ке­туі де күңірентетіндей күйге жет­ті. 183,4 мың сәби жарық дүниеге келер-келместен жалғанмен қош­тасқан. Бұл жайт Қазақстанда ана мен бала өмірінің қорғалу деңгейі өте төмен екенін білдіреді. Ашық ақпарат көздерінен оның деңгейі тіпті әлемдегі ең кедей елдердің қатарына түсіп кеткенін көреміз. «Алтайтану» ҒЗО директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Әубәкірованың айтуынша, бар мәселе Қазақстанда демо­гра­фиялық саясатты реттейтін норма­тивтік-құқықтық актінің жоғынан туындап отыр. Мәселен, біз патер­налистік саясатты ұстанамыз ба, әлде халықтың сапасына иек артамыз ба, ол жағы әлі анық­талмаған. Республика аумағында демографиялық саясатқа және дамуға баға беретін мемлекеттік орган жоқ. Бұл бағыттағы бар сая­сат Денсаулық сақтау министр­лігінің адамның өлім-жітімі мен туу көрсеткіші туралы немесе Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көш-қон туралы, тағы басқа салалық орган­дардың өз құзыретіндегі мәселелері бойынша ғана ақпарат беруімен шекте­лген. Оның біртұтас карти­насы түзілмеген. Мемлекеттің даму тұжырымдамасында демогра­фия­лық құрамдастық тиісінше дең­гейде ескерілмеген. – Бір жағынан, демографиялық ахуал тек әлеуметтік-мәдени же­тістік ретінде мемлекеттің әлеумет­тік-экономикалық даму контек­сінен тыс қаралады. Ол «көпбалалы ана болу жақсы», «бала тууды көбейту керек» деген сияқты жалаң ұрандар сипатында көрініс тапқан. Ал екінші жағынан, экономикалық даму векторы мейлінше сындарлы және ол халықтың этнодемогра­фиялық үрдісін, әлеуметтік-мә­дени мұқтаждықтарын ескермейді. Міне, осы сәйкессіздік денсаулық сақтау, білім беру жүйесінде, әлеу­меттік-экономикалық және ұлттық қауіпсіздік салаларында түрлі келеңсіздікті айшықтап берді, – дейді ғалым. Бір қайғы жүз қайғыны қозғайды Айтса айтқандай, бала туу көр­сеткішінің жоғарылығы тек ден­саулық сақтау ғана емес, білім беру жүйесінің де кемшіліктерін ай­ғақтап берді. Мысалы, 2020 жылы 427 мың бала дүниеге келді, бұл одан 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 17 пайызға көп. Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек осыған орай: – Алдыңғы жылы Қазақстанда 427 мың бала өмірге келді. Соңғы рет ондай рекорд 1987 жылы болған (417 мың бала). Былтыр 450 мың бала жарық дүниенің есігін ашты. Яғни, екі жылда 1 миллионға жуық бала туған. Осы балалардың 90 па­йызы өз қаракөздеріміз. Бұл бір жағынан қуантады – қазағымыздың саны өсіп келеді, екінші жағынан үлкен жауапкершілік жүктейді. Екі-үш жылда ол балаларды бала­бақшамен, сосын орта біліммен қамтамасыз етуіміз керек. Сол себепті Президенттің бұйрығы бойынша республикада алдағы 3 жылда 1 мың мектеп салынуы тиіс,– деген болатын. Мамандардың айтуынша, ел мектептерінде 2020 жылы 168 мың оқу орны жетіспесе, 2021 жылы бұл жетіспеушілік 264 мыңға дейін өс­кен. Бұл мәселе оқушылар мектеп бітіргеннен кейін одан сайын күр­делене түсетіні белгілі. Өйткені жұ­мыссыздық қазірдің өзінде қо­ғамның ең үлкен бас ауруына ай­налып отыр. Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігінің дерегін­ше, 2025 жылға қарай еңбек на­ры­ғына келетін жастардың саны 256 мыңға, ал жалпы еңбекке жарамды адам саны 12,1 миллионға жетпек. Оның бәріне жұмыс тауып беру оңай ша­руа емес. Жұмыссыздық мәселесі қазірдің өзінде ушығып тұрғанда алдағы жылдары оның тіптен өр­шіп кететіні сөзсіз. Бұған Үкіметтің экономиканы цифр­ландыру бағы­тын ұстанғанын да қосыңыз, ол, яғни тағы ондаған мың жұмыс орындары қысқарады дегенді білдіреді. «Бір қайғы жүз қайғыны қоз­ғайды» демекші, шалғайдағы елді мекендерде жұмыс орны тап­шы­лығының, жалақының төмен­ді­гінің, инфрақұрылымның да­мы­мағанының кесірінен урбанизация процесі тоқтаусыз жалғасып жа­тыр. Мұны жалпыәлемдік үрдіс десек те, содан қазақ ауылдары көп жапа шегеді. Әсіресе, Қытаймен және Ресеймен қоныстас жатқан шекаралық аймақтардың жала­ңаш­тануы мемлекеттің қауіпсіз­дігіне қатер төндіретіні анық. Со­ның салдарынан ауылдар қаңы­рап босап жатыр, ал қалаға барған адамдар жұмыссыздар қатарын көбейтіп, әлеуметтік мәселені одан сайын күрделендіріп жіберген. Және бұл үрдіс өте үлкен қарқын­мен жүріп жатыр. Мәселен, рес­публика аумағындағы 6,2 мыңнан астам ауылдың жартысына жуығы – 2,7 мыңы болашағы жоқ елді мекен ретінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына ілікпеген. Яғни, бұл ауылдарды дамытуға мемлекет­тен қаржы бөлінбейді. Сондай-ақ солтүстік өңірлерді қазақтандыру ісі де діттеген үдеден шыға алған жоқ, интернетте оның әрі баяу, әрі сапасыз жүргізіліп жатқаны туралы дау-дамай көп. Бірақ одан түзеліп кеткен шаруа көрінбейді. Ал аса үлкен қарқында еш бақылаусыз жүріп жатқан урбани­зациялық үрдіс мегаполистер мен ірі қалалар айналасында «кедей­шілік белдеуін» қалыптастыруда. Сөйте тұра, республиканың сол­түстік және шығыс аймақтарында халық саны күрт кеміп барады. Қазір Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында халық саны көп сиреп кеткені байқалады. Ал еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде, керісінше адам саны шамадан тыс артып барады. Әлеу­меттік-демографиялық сипаттағы ахуал, әсіресе үш мегаполис – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент шаһарында қатты ушыға түскен. Тәуекелдер санатына сонымен қатар қала тұрғындары қатарының қартаюын, жастардың елеулі бөлі­гінің жұмыссыздығын, жергілікті жерлердегі инфрақұрылымның бір орында шамадан тыс шоғырланған тұрғындарға қызмет көрсетуге қуатының жетпеуін айтуға болады. Мемлекетке жаңаша демографиялық саясат қажет – Үкіметтің демографиялық сая­саты көңіл көншітпейді. Мә­селен, 2011 жылы Демографиялық саясат тұжырымдамасының қол­даныстағы заңды күшінің мерзімі аяқталды, бірақ бұдан кейін оның жаңа бағдарламалық құжаты жа­салған жоқ. Әрине, мемлекет ха­лық санының көбеюін, көпбалалы отбасыларды қолдауды құптайды, алайда шын мәнінде сөз бен істің арасы алшақ. Мәселен, былтыр Мә­жіліс депутаттары ана капита­лын енгізу туралы ұсыныс көтер­ген­де Үкімет бұл ұсынысты Қазақ­станда бала туу көрсеткіші онсыз да жоғары деген желеумен қабыл­дамай тастады,– деп қынжылыс білдірді «Алтайтану» ҒЗО дирек­торы Жанна Әубәкірова. Ең сорақысы сол, мемлекеттік қызметтегі немесе Парламенттегі кейбір шолақ ойлылар көпбалалы отбасыларды масылдық, тұтыну­шылық әдет қалыптасқан деп жаз­ғыруын тоқтатпаған, тіпті кейінгі кездері мұндай айыптауларды үдете түскен сыңайлы. «Баланы асырай ал­маса несіне табады?» деген айып­тауларды жиі естиміз. Міне, осындай келеңсіздіктердің сал­дарынан көптеген жас отбасылар бала санын шектеп отырғаны да жасырын емес. Бұл бәрінен бұрын қазақтың басына шоқпар болып тиіп отыр. Сондықтан Үкімет тез арада ақылға сыйымды демографиялық саясатты қалыптастыруы тиіс. Ол мемлекеттің даму тұжырымдама­сының ажырағысыз бөлшегіне айналуы керек. Бұл жерде баланың туу көрсеткішіне емес, отбасы саясатына баса назар аудару қажет. Яғни, мемлекет баласы бар қазақ­стандық отбасыларға қолдау көр­сетіп, балаларын тәрбиелеп-өсі­руге, оқытып-жетілдіруге мейлін­ше қолайлы жағдай жасауға мін­детті. Ол үшін қажетті әлеуметтік пакет ұсынған жөн: жоғары жәр­демақы, қолайлы салықтық же­ңілдіктер, қолжетімді балабақша, сапалы медициналық қызмет, ата-анасының лайықты табыс табу және тағы басқа қажеттіліктер толық ескерілгені абзал. Сонда мемлекет тарапынан лайықты әлеуметтік қолдау тапқан ата-ана­ның өз отбасының демографиялық саясатына өзі жауап бере отырып, бала тууды батыл жоспарлай ала­тын болады. Негізгі әлеуметтік-демографиялық тәуекелдердің көпшілігі мемлекеттің ішінде қалыптасатынын ескерсек, қазір нақ осы мәселелерді жою күн тәртібіне шығып отыр.