«Әлеуметтік желілердегі Air Astana және FlyArystan авиакомпанияларының Алматы – Мале, Нұр-Сұлтан – Ташкент және Алматы – Қостанай рейстері, сондай-ақ басқа да бағыттардың кешігу фактілеріне қатысты жолаушылардың көптеген шағым-өтінішіне байланысты ИИДМ Азаматтық авиация комитеті және Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тиісті тергеу жүргізетін болады. Рейстер кешіктірілген немесе орындалмаған кезде жолаушылардың құқықтарын бұзу фактілері болғаны анықталған жағдайда авиакомпаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – делінген Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.
Аталған рейстердің жолаушылары өз шағым-өтінішін cc@сaakz.kz электронды мекенжайына жолдай алады.
«Сонымен қатар тасымалдаушының кінәсінен рейс кідірген немесе орындалмаған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жолаушыларға тегін негізде ана мен бала бөлмесі, рейсті 2 сағат күткен кезде салқын сусындар, 4 сағат күткен кезде ыстық тамақ (бұдан әрі күндізгі уақытта әрбір 6 сағат және түнгі уақытта 8 сағат), сондай-ақ рейсті кері қайтарған кезде ыстық тамақ беріледі. Сондай-ақ күндізгі уақытта 8 сағаттан артық және түнгі уақытта 6 сағаттан артық рейсті күткен кезде қонақүйде тұру, тұратын жеріне дейін және әуежайға апаратын көлік беріледі», – деп нақтылады Азаматтық авиация комитетінен.