Жастар ғылымға неге қызықпайды?
Жастар ғылымға неге қызықпайды?
725
оқылды
Дүниежүзілік интеллектуалдық меншік ұйымының мәліметінше, жаһандық инновациялық индекс тізімінде Қазақстан өткен жылы 129 елдің ішінен 79-орынға тұрақ­тады. Көш басындағы үштік – Швейцария, Швеция және АҚШ. Бұл елдердің жер қойнауындағы қазба байлығы мен табиғи ресурсы аз болмағанымен, ғылыми инновацияның арқасында әлемдік экономиканың көшін бастап отыр. Тың ізденістерден алдына жан салмайтын бұл алпауыттардың кадрлық әлеуеті мен заманауи технологиясы өз алдына бір әңгіме. Оларда ғылым саласында еңбек етіп жүрген жастардың қатары да мол. Ал бізде ше? Кейінгі кездері жас ғалымдардың ғылымнан кетуі жиі­ле­генін ерінбегеннің бәрі айтып жүр. Мұның себебін жас­тардың өздерінен сұрап көрген едік.   Данияр ТЕБАЕВ, Z INDUSTRIES ЖШС директоры, тарих ғылымдарының кандидаты: – Қазақтың атын өнерде Димаш Құдайберген, бокста Геннадий Головкин шығарды. Ал ғылымда әлемді мойындатқан арамызда біреу бар ма? Егемендік алғанымызға 30 жыл толса да, ауыз толтырып айтатын, әлемдік ғылыми қоғамдастықты мойындатқан ғылыми жаңалық бізде жоқ. Бұл бізде ғылымның кенже қалғанын көрсетеді. Ғылым мен білім – өркениетті мемлекеттің іргетасы. Онсыз заманауи қоғамды дамыту мүмкін емес. Ғылым саласында іргелі ізденістері, ашқан жаңалықтары жоқ ел импортталатын білім мен технологияға тәуелді болады. Қазақстанның жер қойнауы байлыққа толы болса да, оны дұрыс өндіріп, кәдемізге жарата алмай отырмыз. Ғылымға бөлінетін инвестицияның төмендігінен адам капиталын пайдалана алмаудамыз. Сондықтан қазір Қазақстандағы ғылым дағдарыс жағдайында дер едім. Мемлекеттен отандық ғылымды қолдауға бөлінетін қаржы жеткіліксіз. Жас ғалымдардың жалақысы өте төмен, 50-100 мың теңгенің шамасында. Сондықтан да жастар ғылымға қызықпайды. Нәпақысын басқа саладан іздеуге мәжбүр. Біреулер өз кәсібін ашса, енді біреулер әкімшілік қызметте жүр. Ал ғылыми-технологиялық базасы жақсы жасақталған Назарбаев университеті секілді еліміздегі беделді оқу орындары сырттан мамандар шақырады. Менің ойымша, «Болашақпен» оқып келген біздің талапты жастар солардан асып түспесе, кем емес. Өкінішке қарай, оларды терең ізденістерге тартатын ғылыми орта жоқ, сондықтан олар басқа салаға кетеді. Оның үстіне елімізде ғылыми кадрларға сұраныс жоқ. Оның жарқын мысалы өзіммін. Қазір кәсіпкермін. Мен Мәскеуде 9 жыл үздіксіз білім алдым. Тарих саласында кандидаттық диссертация қорғадым. Ел алдындағы азаматтық борышымды өтеп, жастарды оқыту ісіне араласқым келді. Алайда елге оралған соң жұмыс таппадым. Ғылыммен айналыспақ түгілі жұмыс таба алмаса, жастарда қызығушылық қайдан болсын...   Мақсат ЖАБАҒИН, PhD, Білім және ғылым министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы: – Он жыл бұрын Қазақстанда ғылыми-зерттеумен айналысатын қызметкерлер саны 15,5 мыңнан астам адам болса, қазір олардың саны – 22 мың адам. Бір қарағанда, өсім бар секілді көрінгенімен, тәуелсіздік ал­ған алғашқы жылдардағы ғылымның кеңестік дәс­түр инерциясынан ажырамаған кездегіден бұл екі есе аз. Сондық­тан елі­мізде ғылыми кадрларды даярлау проблемасы әлі бар. Док­то­ран­тураға түскендердің тек 7,7 пайызы ғана ғылыммен айналысады. Ғалымдар санының жеткіліксіздігі бүгінгі таңда белгілі бір ғылыми салалардың дамуына кедергі болып отыр. Ғылымнан жас ғалымдардың кетуінің бір себебін ғылыми кадрларды даярлау жүйесінің нашарлығымен түсіндіруге болады. Магистранттардың бәрі докторантураға түспейді. Оқу кезінде докторанттар көптеген проблемаға тап болады. Одан бөлек ғылыми инфрақұрылымның жоқтығы, ғылыми жетекшілер сапасының төмендігі тағы бар. Еңбекақының аздығы және қаржылық тұрақсыздық та жас ғалымдардың ынтасын түсіреді. Осы күнге дейін конкурстар үш жылда бір рет өткізілетін, бұл ғылыми қоғамды дағдарысқа тап қылды. Биылдан бастап енді жылына бір рет өткізілетін болып отыр, жас ғалымдарға арналған жеке конкурстар да болады. Десек те, Білім және ғылым министрлігіне ғалымдарды қаржылан­ды­рудың тиімді моделін әзірлеу қажет. Ғылымды ақшаға сатып алу мүмкін емес, ең алдымен адам капиталын және ғылыми мәдениет­ті қалыптастыру керек.   Ерасыл ТӨЛЕБАЕВ, магистрант, «Шымкент Адалдық алаңы» тұрмыстық   жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсенің басшысы: – Бізде ғылымды бюджеттен қаржыландыру дең­гейі жалпы ішкі өнімнің 0,7-1 пайызы шамасында. Да­­мыған Германия, Израиль, Жапония секілді елдер ғы­­лымды дамытуға 4 пайыз қаражат бөледі. Оларда бизнес пен мемлекеттің ғылымға жұмсайтын шығыны орасан зор. Біз­де ғылымның дамуы мемлекетке 95 пайыз тәуелді болса, да­мы­ған мемлекеттер ғылымды қолдауға небәрі 20-30 пайыз қаражат жұм­сайды. Қалған қаржыны ғалымдар жекеменшік сектордан алады. Шетелдерде бизнес пен ғылым қоян-қолтық жұмыс істейді. Университеттерде ғылыми база, ғалымдар, материалдар, ресурстар және зертханалар бар. Бизнеске кез келген мәселенің, сұрақтың тез шешімі, нәтижесі, технологиялар мен өнімдер керек. Сон­дық­­тан олар ғылымның кез келген саласын қар­жыландыруға да­йын. Мысалы, Британияда Warwick деген университет бар. Атал­ған уни­верситетпен 400 компания бай­ланыста жұмыс істейді. Олардың қатарында Rolls Royce, Jaguar, Land Rover секілді аты шыққан брендтер де бар. Мұнда мамандар оқытылады, жаңа технологиялар енгізіледі, жаңартылады, бір сөзбен айтқанда, барлық жағдай жасалған. Нәтижесінде, мотордың жаңа түрін, жаңа дизайн ой­лап тауып жатыр. Яғни, ғылымда инновация бар. Ал бізде бизнес өз бетімен жүр. Жаңа технологияны шетелден сатып ала салады. Өйткені олар ғылымда жүрген прогресшіл адамдарды көріп тұрған жоқ. Отандық ғылымға сенбейді. Бізде қызықты ғылыми жаңалық жоқ. Сондықтан біз импортқа тәуелдіміз. Жастардың ғылымнан кетуіне келер болсақ, сол баяғы жа­лақының аздығы басты себеп. 60-70 мың теңге жалақыға қазіргі жастар жұмыс істегісі келмейді. Заманауи технология, ғылыми ортаның жоқтығы өз алдына бір мәселе. Осының бәрі отандық ғылымның болашағын бұлыңғыр етіп тұр.   Рая МІНӘП