Аудитордан ар кетсе, жемқордан ұят кетеді
Аудитордан ар кетсе, жемқордан ұят кетеді
738
оқылды
Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаңа мемлекеттік орган мен жоғары лауазым пайда болады. Бұл құзырлы орган төл Туын иеленбек. Оның бұйрығын мүлтіксіз орындау, қалтқысыз бағыну тексеруге іліккен барлық нысан – тек мемлекеттік органдар ғана емес, сондай-ақ ұлттық компаниялар, қорлар, басқа да квазимемлекеттік сектор субъек­тілері үшін міндетті болады. Түңлігін жаңадан түретін алпауыт ұйымның басшысы – «жоғарғы аудитор» деп аталады.

Туы мен «шоқпары» бар құзырлы орган

Жаңа ведомствоны құру ту­ралы тапсырманы ел Президенті биылғы 16 наурыздағы Жол­дауында берген болатын. Артын­ша саяси реформа аясында қолға алынған бұл өзгеріс 5 маусымда қабылданған жаңа Ата заңда көрініс тапты. Атап айтқанда, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы мен мүшелеріне кез кел­ген саяси партияларға, кәсіптік одақ­тарға мүше болуына, пар­тияны қолдап сөйлеуіне тыйым салынады. Осы арқылы олардың барлық тараптан тәуелсіздігі қамтамасыз етіледі. Жоғары аудиторлық пала­таның төрағасын және 2 мүшесін бес жыл мерзімге Қазақстан Президентінің өзі тағайындайды. Бұдан бөлек, Мәжіліс пен Сенат­тың әрқайсысы осы органның 3 мүшесін (жалпы – алтауын) 5 жылға тағайындайды. Дегенмен Төменгі палатаның конституция­лық рөлінің артуына орай Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) төра­ғасының есебін жылына екі рет Мәжіліс қана тыңдайды. Жаңа мемлекеттік орган қазіргі Есеп комитетінің орнына құры­латын болады. Тиісінше, комитет жойылады. Аудиторлық палата биыл толыққанды құрылуы тиіс. Бұл ретте Есеп комитеті «Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы туралы ережені бекiту туралы» Президент Жарлығының жобасын әзірлеп шықты. Ол Есеп комитетіне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің күшін жояды. Сондай-ақ Аудиторлық палатаның қызметін реттейді, құзырет-функ­цияларын бекітеді. Бұл ұйым елдегі сыртқы мемле­кеттік аудит пен қаржылық бақы­лаудың жоғары органына айнала­ды. Оның өз Туы, мемлекеттік тіл­дегі мөрлері мен мөртаңбалары, логотипі, материалдық-техни­ка­лық базасы болады. Өз саласында мемлекет атынан сөйлеп, оның атынан азаматтық-құқықтық қа­ты­настар бекіту құқығына ие. Оның міндеттері – халықтың тұрмыс сапасының қар­қынды өсуін және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұлттық ре­сурстардың, яғни қар­жы­лық, та­биғи, өндірістік, кадр­лық, ақпа­рат­тық ресурстардың тиім­­ді және заңды басқарылуын тал­дау, бағалау және тексеру бо­лады. Бас­қаша айтқанда, мем­ле­кеттің мол ресур­сының босқа рә­суә, талан-тараж болмай, ұтымды, оңтайлы, орынды жұмсалуын қа­дағалауға жауапты басты орган – осы. Өкілеттіктері салмақты: бар­лық мемлекеттік органға, квази­мем­лекеттік секторға тексеріспен бара алады. Олардың басшыларын өзіне шақыртып, ел қаржысын қаншалықты мақсатты жұмсап жатқаны туралы есеп-ақпаратын тыңдай алады. Құпия құжаттармен жұмыс істеуге құқылы. Аудит-ре­визия барысында анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою үшін пәрменді шаралар қа­былдауға құзырлы. Әрбір мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектісінің қанша активі барын, қанша көлемде бюджет қаражатын, кредиттер, гранттар алғанын, қан­ша қарыз тартқанын, олардың бә­рін қалай пайдаланып отыр­ға­нын білуі, бағалауы және бақылауы тиіс. Аудиторлық палата өзіне бе­рілген өкілеттіктер шегінде Қазақ­станның экономикалық қауіп­сіз­дігінің тәуекелдерін, қауіп-қа­тер­лерін анықтап, талдап, шаралар қабылдауы, Президентті құлағдар етуі шарт. Өз кезегінде ел басшылығы қандай да бір министрдің, әкімнің не басқасының атқарып отырған лауазымына лайықтылығын баға­лағанда Жоғарғы аудитордың ақ­паратына жүгінуі мүмкін: осы ор­ган мемлекеттік аудит және қар­жылық бақылау органдарының, яғни атқарушы билік пен квази­мемлекеттік сектор ұйымдарының қызметін бағалайды. Аудиторлық палата тексеру барысында жаба тоқылған жауырын, тырнақ ас­тындағы кірін байқап қалса, бар­лық мемлекеттік орган, ұйым мен лауазымды адамдардың орын­дауына міндетті болатын «бұзу­шылықтарды жою туралы» шешім шығарады. Соған жол берген лауа­зымды адамдарды жазалау туралы нұсқама шығару құзыры бар. Мұ­ның сыртында Аудиторлық палата өз бетінше әкімшілік іс жүргізуді қозғай алады. Әкімшілік жаза қол­данады. Тіпті, мемлекеттік ор­ган­ды, ұлттық компанияны, тұлғала­рын сотқа беруге құзыры бар.  

Қорғансыз ревизордың күні

Аудиторлық палатаның ере­жесінде құрылтайшылық құжа­тында бұрыннан бері сөз болып келе жатқан күрмеулі мәселе – аудиторларды қорғау жағы қа­рас­тырылмаған екен. Лупа астына алып, мұқият тексеруді кімнің су­қаны сүйсін, ревизорларды көбіне жақтырмайды. Олар психоло­гия­лық, тіпті физикалық қысымға ұшырайды, оларға доқ көрсетіледі, жемқорлыққа иліктіруге талпы­ныстар жасалуы мүмкін. Демек, аудитор табанының бүрі бар қай­сар, көлеңкелі, сұр схемаларды, шым-шытырық айла-шарғыны тап басып танитын білікті, алтын көр­се, жолдан таймас адал, парасатты маман болғаны маңызды. Қаржыгер Ерасыл Марат 90-жылдары таныс аудиторының бастан кешкен оқиғасын әңгіме­леді: мемлекеттік ревизор біраз күн тексерістен соң жергілікті биліктің қаптаған былығын ашады. Жергі­лікті шенеуніктер оған бұзушы­лық­тарға көз жұма қараса, қомақты қаржыны қалтасына басатынын емексіткен. Бірақ тексеруші прин­ципшіл маман болып шыққан. Ол астанаға бет алғанда, соңынан белгісіз біреулер қуғын ұйым­дас­тырады, апатқа ұшыратады. Қо­лындағы құжат салынған сөмкесін тартып алып кетеді. Алайда тә­жірибелі маман осындайдан се­зіктеніп, тексерістің қорытынды құжаттарын өзімен алып жүрмей, алдын ала өзге қаладан поштамен орталыққа жіберіп қойған екен. Ал дамыған елдерде аудитор­ларды мемлекет қуатты қорғайды, мұндай органдардың тіпті жеке қарулы жасағы да бар. Сол арқылы шикілігі шыққан шенеунікті өз бетінше тұтқындап, оның үстінен іс қозғайды. Мысалы, АҚШ-та ау­дитор ФТБ қызметкерлерімен бір­ге келіп, бүкіл ғимаратты сырт­тан қоршап, бұғаттап тастата ала­ды. Францияның Есеп сотына шектеусіз бақылау өкілеттіліктері берілген. Бұл соттың тәуелсіздігі Франция Конституциясында кепілдендірілген. Қазақстанда әзірге мұның бірде бірі жоқ. Аудиторлар көбіне қор­ғансыз.  

Үлгілі елдерден ұлағат алсақ

Есеп комитетінің ескіргеніне, заманнан артта қалғанына, пәр­менділігінің төмендігіне мамандар бұрыннан назар аудартып келеді. Бұл тұрғыдан алғанда Президенттің Жоғары аудиторлық палатаны құру туралы шешімі өзекті, маңызды болып есептеледі. Заң ғылымдарының докторы Бинұр Тайторина ғылыми талда­уынд­а мемлекеттік қаржылық ба­қылау саласында қордаланған, жыл сайын бірінің үстіне бірі жамалған мәселелерді атады. Салық және бюджет заңнамасын бұзу фактіл­е­рінің артында талан-тараж болған миллиард теңге жатыр. Аудиторлар мемлекеттік органдардың, квази­мемлекеттік ­сектордың бюджетке аудармау үшін табысын жасырып қалаты­нын, салықтарды, бюджетке төле­нуі міндетті төлемдерді уақы­тында жолдамайтынын, ел қар­жы­сын нысаналы мақсатына пайда­лан­­байтынын, тиімділік, ұтым­ды­лық қағидаттары сақталмайтынын жыл сайын анықтайды. Оның бай­ла­мынша, мемлекеттік қаржы­лық бақылау жүйесі экономикалық, бюджеттік реформалардың ізінен қуалап жүрмей, керісінше, жаң­ғыру, жетілдіру процестерінен оза жүруі шарт. Мұның үлгісі, тәжі­ри­бесі, халықаралық стандарттары бар. Аудиторлық палата жүргізетін тексерістер мен сараптамалар ел­дегі іскерлік ахуалды бүлдіруге емес, оны жақсартуға септесуі, мем­лекеттік басқарудың тиімді­лігін арттыруы керек. Жаңа орган қызметінің күрделілігі де осында. Әйтпесе, тексерулерден жүрегі шайлығып қалған шенеуніктер мен ұлттық компания менеджерлері жасампаздық пен бастамашылдық танытпайтын, жоғарғы жақ құпта­маса, өз бетінше алға аттап баспай­тын болады. Бұл үшін мемлекет қаражатын жұмсаудың қандай нәтиже, елге не пайда әкелгенін ба­ғалауға, шығыстардың орынды­лығын салмақтауға, әлеуетті ре­зервтерді табуға құрылған, озық елдерде енгізілген «тиімділік ауди­тіне» баса ден қойған жөн. Әзірге қаржы, бюджет, салық салаларындағы тиімсіз мемлекеттік бақылау, шетсіз-шексіз реформа­лау, тоқтаусыз әкімшілік-шаруа­шылық қайта құрылымдау мил­лиард­тардың із-түзсіз жоғалуына, елдің алапат шығынға отыруына соқтырады. Егер әрбір теңге үнем­мен, орнымен, оңтайлы жұмсалса, ел қарыштап дамып кеткен болар еді. Мәселен, 2016-2019 жылдар­дағы «Денсаулық» бағдарламасына 1 трлн 969,7 млрд жұмсалды. Ау­ди­торлар оны шығындауда проце­ду­ралар бұзылғанын, тиімсіз жоспар­лауды, бюджет қаржысын ұтымсыз пайдалану фактілерін әшкереледі. Салдарынан, Қазақстан артынша елді жайлаған пандемияға дайын болмады. Жүздеген миллиард теңге қосымша қаржы шашты. 2017-2021 жылдары 1 трлн 317,7 млрд теңге арна тартқан «Нұр­лы жер» тұрғын үй бағдарла­масынан аудиторлар жеке тұрғын үйлерді іске қосу көрсеткіштері орындалма­ға­нын анықтады. 2016-2019 жылдарға арналған Білім және ғылым мем­лекеттік бағдарлама­сына 1 трлн 423,4 млрд теңге шы­ғын етілген. Білім саласы панде­мия­да қашықтан білім беруге мүл­дем әзір болмады. 2015-2019 жыл­дарды қамтыған «Нұр­лы жол» инфрақұрылымдық даму мемле­кеттік бағдарламасына 2,8 трлн теңге бағытталды: ауди­тор­лар бюд­жет қаражаты тиім­сіз жос­пар­лан­ған, миллиардтаған қар­­­жы­лық бұзушылықтарға жол бе­рілген деп отыр. Қазақстанның агроөнер­кә­сіптік кешенін дамыту мем­бағ­дар­ламасына 2017-2021 жылдары 2 трлн 374,2 млрд теңге шығын­дал­ды. Егін және мал ша­руа­шылығы құлдырауда, бидай, ұн экспортына шектеу енгізілді, хал­қымыз қант, ұн, сұйық май сияқты базалық, ең қажетті тауарлармен жете қамтыл­мағаны жаһанға паш етілді. Пандемиямен күреске 6 трил­лион теңгедей жұмсалғаны хабар­ланды. Есеп комитеті 2020 жылы – 570 миллиард, 2021 жылы – 413 мил­лиард теңгенің бұзушылығын тапты. Кім жазаланды? Белгісіз. Жоғары аудиторлық палата жөнсіз­діктерді анықтаумен шектелмей, шектен шыққанның табанына тас қойса, бұзушылық қайталанбай­тындай етсе, бюджеттің ұтымды жұмсалуына қол жеткізсе, рефор­маның бекер болмағаны. Әйтпесе, тек маңдайша ғана өзгерген болып шығады.