Цифрлы Қазақстан: «Зердесіне» қарай түйіні
Цифрлы Қазақстан: «Зердесіне» қарай түйіні
462
оқылды
Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ-ын тарату туралы тың бастама көтерді. Оның айтуынша, бұл қадам басқару тізбегін қысқартып, бюджеттің 750 млн теңгесін үнемдеуге мүмкіндік беруі тиіс. – «Инновацияны дамытудың бірыңғай экожүйесін қалып­тас­тыру үшін Kazinnovations агенттігі мен «Астана Хаб» технопаркін Инновациялық технологиялар паркі аясында біріктіру қажет. Сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ын министр­лікке тікелей бағынуын және «Зерде» холдингін таратуды ұсы­на­мын, – деді министр. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Есеп комитетінің 2022 жыл­дың 1-тоқсаны бойынша жүр­гізген аудиті кезінде «Зерденің» бірталай былығы ашылып, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынына ұшыраған еді. Енді, міне, ІТ холдинг ақыры жа­былып тынатын болды, ал ми­нистрге ескерту жарияланды.

Бағы жанбаған бағдарлама

Айта кетейік, о баста «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қолға алынғанда оған үлкен үміт арт­қанымыз рас. Үкімет 2018-2022 жылдарға арналған «Цифрлы Қа­зақстан» бағдарламасына бюд­жеттен 108,6 млрд теңге бөлді. Ол мемлекеттік басқарудың тиім­ділігі мен ашықтығын, білім беру мен денсаулық сақтау саласының сапасын арттырып, республи­ка­ның инвестициялық ахуалын жақ­сартады, ЖІӨ-нің өсімін қам­тамасыз етеді деп ойлады. Енді араға 4 жыл салып оның нақты қандай жетістікке жеткізгенін, ненің ескерілмей қалғанын ба­ғам­дауға болады. Көз көріп отыр­ғандай, осы уақыт ішінде үздік ІТ-инфрақұрылым құрудың және ақпараттық-коммуникациялық технология экспортын ұлғай­ту­дың сәті түскен жоқ. Бұл туралы «Цифрлы Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кешенді тексеру жүргізу кезінде мәлім болды. Есеп коми­тетінің есебін тыңдасаң талай шалағайлықтың шеті шығады. Аудит қорытындысы көрсет­кен­дей, бағдарламаға бөлінген 77 млрд теңгенің 15 млрд теңгесі бойынша түрлі заңбұзушылықтар анықталған. Ал 64 млрд теңгеге жасалған 135 ақпараттық жүйенің бүгінде 18-і жұмыс істемей тұр. Олардың әрқайсына орташа ал­ғанда 1,5 млрд теңгеден жұмсал­ғанын ескерсек, яғни ай-күн аманында 27 млрд теңге ұшты-күй­лі жоғалды. – Кейінгі алты жыл ішінде мемлекеттік органдарда бұлтты құжат айналымын енгізу бойынша ешқандай нәтижеге қол жеткі­зілген жоқ. Сауатсыз менеджмент­тің кесірінен бірқатар инвес­ти­циялық жобалар құрдымға батып, болашағы жоқ деп танылды. Мә­селен, жалпы сомасы 987,9 млн теңге болатын Smart Contract, «E-Заң көмегi» заң көмегі бойын­ша бірыңғай ақпараттық жүйе, Бірыңғай байланыс орталығы жобалары шығынды және бола­шағы жоқ деп танылды, – дейді Есеп комитетінің төрағасы На­талья Годунова. Одан бөлек, компания сатып алу кезінде мемлекеттік ғимарат­тардың құнын асырып көрсету арқылы 216,5 млн теңгені орын­сыз жұмсаған. Сөйте тұра, өзіне жүктелген міндетті орындамаса да Мемлекеттік кіріс комитетінен 15,7 млн теңгені әбжілдікпен тегіннен-тегін қақшып алған. Тіпті, сатып алу ережесін бұза отырып, Mitwork бірыңғай элек­трондық порталына енгізбей 427 млн теңгенің саудасын жасаған. Мемлекеттік органдар ара­сында өзара байланыстың жоқ­тығы салдарынан «Зерде» хол­дингінің мекемелер бойынша 208,9 млн теңгеге жүргізген тал­дауын Ұлттық экономика ми­нистрлігі де өз алдына жеке ұйым­дастырыпты. Сөйтіп, бір зерттеу екі қайталана жасалып, бюджет ақшасы екі рет шашылған. Сонымен қатар ІТ холдингтің өзінде о баста белгіленген мақсат пен міндеттерді орындау бары­сында сабақтастық сақталмаған. Мекемеге жаңадан келген әр бас­шы өзінің алдындағы басшының жұмысын әрі қарай іліп әкетіп, жалғастырудың орнына өзінше «жаңалық» ашып отырған. Осы­дан барып небір тәуір бастамалар орта жолдан үзіліп, аяқсыз қалған. Сөйтіп, бюджет ақшасы орынсыз жұмсалып отырған.  

Үй ішінен үй тігіп

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды «Зерде» холдингіне жүктеп, оған бюджеттен 578 млн теңге бөлді. «Зерде» бұл міндетті өз кезегінде өз ішінен бөлініп шыққан еншілес компанияларға артты. – «Зерде» АҚ қызметі тиімсіз, оның қызметтік шығыны еншілес ұйымдар арқылы жабылады. Хол­динг қолдан жасанды бәсекелестік жасап алған. Ол бюджет қаржы­сын тиімді пайдалану принципін бұза отырып, сатып алулардың 76,7 пайызын бір көзден алған. Сондай-ақ атқарылмаған жұмыс­тарға да ақы төлеген,– дейді Есеп комитетінің төрағасы. Аудит кезінде «Зерде» холдингі мен оның еншілес ұйымы – «Ұлттық ақпараттық техноло­гиялар» АҚ («ҰАТ» АҚ ) 98,1 млн теңгенің қаржылық және 34 про­цедуралық шешімдерін бұзғаны анықталды. Тексеріс қоры­тын­дысы бойынша, аталған заңсыз­дық­тарға жол берген қызметкер­лердің жауапкершілігін қарау, мемлекеттік активтерді басқару және пайдалану тиімділігін арт­тыру, сондай-ақ табылған кем­шіліктерді жойып, одан келті­рілген шығынның орнын толтыру жөнінде бірқатар нұсқау түскен болатын. Қазіргі кезде бұл кем­шіліктердің кейбірі жойыл­ға­нымен, қалған бірсыпырасының орындалу мерзімі әлі аяқтала қойған жоқ. Есеп комитетінің тексеріс нәтижесімен келіспеген «ҰАТ» АҚ өз тарапынан Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына арыз түсіріп, 38,2 млн теңгені қай­тару фактісіне қарсы нара­зылық білдірді. Бұл ақшаны ол элек­трон­ды құжат айналымын енгізу ке­зінде жасалған жалған акт бойын­ша төлеп жіберген. Есеп комитеті атқарылмаған жұмысқа ақша төлеу заңсыз деп санайды. Бір қызығы, сот тұтастай аудит қо­рытындысын қолдағанымен, нақ осы төлемге келгенде «ҰАТ» АҚ жағына шығып, компания оны бюджетке қайтармаса да болады деген шешім шығарған. Бірақ мұнымен дау-дамай біткен жоқ. Есеп комитеті сот шешімі күшіне енгеннен кейін оған қарсы талап-арыз беретінін мәлімдеп үлгерді. Сондай-ақ холдингтің өнді­рістік емес шығындары да шама­дан тыс жоғары. Мәселен, енші­лес ұйымның бірі – Astana HUB шығындарының елеулі бөлігі қызметкерлердің жалақысы мен бөлмелерді QazExpoCongress-тен жалға алуға кетеді. Компания 2019 жылы технопарктің дирек­торы Джозефу Кеннету Зиглерге 164,1 млн теңге еңбекақы төлен­ген. (98,6 млн тг – жалақы, 65 млн тг – әлеуметтік пакет). Рас, еңбек­ақыны шетелдік менеджерге о бас­та Astana HUB-тың өз қар­жысынан төлемек болған, бірақ компанияның табысы төмен болғандықтан бұл ауыртпалық қазынаның қалтасынан түсті. 2019-2021 жылдары IT-хабқа қатысушы 149 компанияның кірісі 119,3 млрд теңгені құрады, ал қалған 425 компания мүлдем табыс таппаған. Бұл ол жоба­лар­дың ешкімге керексіздігін, на­рыққа бейімделе алмағанын білдіреді. Сондай-ақ Astana HUB IT-технопаркінде стартап жобалар ретінде майнинг компаниялар да тіркеліп кеткен. Тіпті, олардың бесеуі мемлекеттен 8,5 млрд теңге көлемінде жеңілдік алып үлгерген. Сонда майнинг компаниялар­дың «Зерде» холдингінің дәл иегі­нің астында әрі оған бағыныш­ты «ҰАТ» АҚ аумағында бұған дейін қалай жұмыс істеп келгені түсініксіз?! Тағы да сол аудит тексерісінің нәтижесіне сүйенсек, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін «Мемлекеттік техникалық қыз­мет» АҚ өзіне артылған міндет­теменің жартысына жуығын орын­дамаған. Компания мұны­сын қаржыландырудың жетіспеу­шілігімен түсіндірген. Әйтсе де, оның активінде бюджеттен артық бөлінген 641 млн теңге және 1,3 млрд теңге өздерінің табысы жат­қан. Бірақ, неге екенін белгісіз, бұл қаржы ешқандай қажетке жаратылмай, бос жатқан. Қорыта келгенде, бүгінде тағ­дыры қыл үстінде тұрған тек «Зерде» АҚ ғана емес, мемлекет қаржысының негізгі операторы, IT саясатының авторы және республикада байланыс пен интернетке жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігінің де есебіне үңілген дұрыс. Өйткені бүгінде Жаңа Қазақстан құрамыз деп шапқылап жатқан шағымызда ескі әдеттен арылып, елді цифр­ландыру үшін бөлінген миллиард­таған қаржы қайда кеткенін, Үкімет үміт артқан бағдарлама неге сәтсіз болғанын сұрайтын сәт туып отыр.