4,5 миллион теңге: олимпиададан жеңіспен оралған оқушылардың сыйақысы белгілі болды
4,5 миллион теңге: олимпиададан жеңіспен оралған оқушылардың сыйақысы белгілі болды
1,160
оқылды
Математика, физика, химия, биология, география пәндерінен өткен халықаралық олимпиадада қазақстандық балалар қомақты жүлделерге ие болды. Әлемдегі ең беделді пәндік олимпиадалардың бірі саналатын IMO (International Mathematical Olympiad) додасында ұлттық құрамамыз 174 ұпай жинаған, бұл – еліміздің осы олимпиадаға қатысу тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Олимпиадаға қатысқан 6 оқушының барлығы да жүлделі орындарды олжалады: Таир Сатубалдин, Фетуллах Сам, Мирон Юркевич күміс медальді еншілесе, Әділет Зауытхан, Әділет Әбу, Юрий Тен қола медальді қанжығаға байлады. Сөйтіп, әлемдік есепте 17-орынға тұрақтадық. оқушы «Жарыс Норвегия астанасы Осло қаласында өтті, оған 104 ел қатысты, әр елден 6 оқушы келді. Біз де 6 бала қостық. Олар мұнда келмес бұрын Қазақстанда іріктеу кезеңінен өткен. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы математикадан ең мықты деген 20-25 шәкіртті Алматыда жиып, бес күн бойы емтихан тапсыртты. Солардың ішінде топ жарған алтауын олимпиадаға әкелдік», – дейді Атырау Білім және инновация лицейінің математика пәні мұғалімі, тренер Әділет Раисов. оқушы Оның бәйгеге қосқан шәкірті Әділет Зауытхан 28 ұпаймен 3-орын алған. «Олимпиада 2 кезеңнен тұрды, әр кезеңде 3 есептен шығардық. Мен жалпы 42 ұпайдың 28-ін жинадым. Күміс медальға 1 ұпай жетпей қалды. Бірақ өкініш жоқ», – деп жымиды ол. Әділет Атырау Білім және инновация лицейін биыл аяқтады. Бұған дейін жеткіншек Жәутіков халықаралық олимпиадасында – алтын, Балқан олимпиадасында – күміс, республикалық пәндік олимпиадада алтын медальді иеленген. Бүгінде жас математиктің қоржынында Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және технология университетінің (UNIST) білім гранты бар. Бұдан бөлек, біздің оқушылар Швейцарияның Цюрих қаласында өткен IPhO (International Physics Olympiad) олимпиадасынан 1 алтын және 4 күміспен оралды. Былтыр балаларымыз 5 күміске ие болған екен, осылайша былтырғы көрсеткіштерін жақсартқан. Барлығы 75 елден келген 368 жасөспіріммен сынға түсіп, Даниил Шатохин – алтын, ал Ерсұлтан Пітебай, Владимир Лим, Дінмұхаммед Рахымжанов және Ризабек Алпамыс күміс медальді жеңіп алды. Қытайдың Тиан Жин қаласында өткен халықаралық химия олимпиадасында (IСhO: International Chemistry Olympiad) қазақстандық балалар әлемнің 83 елінен келген 322 оқушымен бақ сынап, нәтижесінде 1 алтын және 3 күміске қол жеткізді. Химиядан еліміз 5 жылдан бері алтын алмаған, сөйтіп бұл олқылықтың орнын Мадияр Қасымалы толтырды. Санжар Бисенәлі, Санжар Нұрғалиев және Альмира Нұрланова күміс медальді еншіледі. Арменияның Ереван қаласында өткен халықаралық биология олимпиадасында (IBO: International Biology Olympiad) ұлттық құрама 3 күміс (Ерасыл Темірбеков, Дінмұхамед Омар және Әлихан Жұмағалиев) және 1 қола (Бақдәулет Ерназаров) медальға ие болды. Ұлттық құрама былтыр 1 күміс, 2 қола медаль алған еді. Ал Францияда өткен халықаралық география олимпиадасында (IGeO: International Geography Olympiad) біздің қоржынға 1 алтын мен 1 қола медаль түсті. Оларды сәйкесінше Санжар Хамитов пен Еркебұлан Тазабек иеленді. Енді бұл оқушылар еліміздің ЖОО-ларға ҰБТ тапсырмай-ақ түсе алады. Сондай-ақ «алтын» алған оқушы шамамен – 4,5 млн теңге, күміс медальға – 3 млн теңге, ал қола медальға 1,5 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Бапкерлеріне де ақшалай марапат табысталады.

Ботакөз Икрамова