Шымшу – тәрбиенің жаңа тәсілі
Балабақша ата-аналар бүлдіршіндерін сеніп тапсырып, алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін мекеме. Алайда бұл ұйымдар жыл өткен сайын қауіпті болып барады. Олар бейнекамералармен толық жабдықталмаған, осыны пайдаланып, тұрмыстан түңілген тәрбиешілер бар ашуын балалардан алатын болды. Қарағандыда бауыр еті баласының беті күп болып ісіп кеткенін көріп шошынып, ақыры әділдік сұраған анаға балабақша басшылығы: «Оның өзі жүгіріп жүріп, үстелдің қырына құлаған» деп, міз бақпаған. Өзге балалар ата-аналарына бүлдіршінді тәрбиеші итерді дегенді айтыпты. «Баланың ісі шала» деп үстірт қарайтын қоғамда бала-шағаға кім сенсін, құзырлы органдар шағымды қабылдамаған. Бейнебақылаусыз әлденені дәлелдеу қиын. Тараз қаласының тұрғыны Айзат екі перзентін Сүлейменов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде орналасқан балабақшаға береді. Басқаларында орын болмаған. Енді ондағы жөнсіздіктерден тіксініп, жаға ұстап отыр. Балаларды рұқсат етілген саннан артық қабылдаған. «Бала көп болуына байланысты оларға төсек жетпейді. Балалардың кейбірі жерде ұйықтайды. Екіншіден, балабақша асханасының еденіне кафель төселген екен, ол бір жағынан табаннан сыз өткізеді. Екінші жағынан тайғанақ. Жалақы аз болғандықтан тәрбиешілер де, тәрбиешінің көмекшісі де тұрақтамайды, апта сайын ауысады. Содан болса керек, олар өз жұмыстарына жүрдім-бардым қарайды. Үшіншіден, балаларды ұратын тәрбиешілер бар. 4 жасар қызым өзін тәрбиешісінің шымшитынын айтты», – дейді ана. Оның айтуынша, балабақша бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Алайда оның жазбаларын басшысы ата-аналарға көрсетпейді, ондай талап заңда жоқ деп бет қаратпайды. Айзаттың мәліметінше, балабақшаның санитарлық норманы сақтамауынан бүлдіршіндер көп ауырады. «Бөбектерге арналған «Құлыншақ» тобындағы балам жарақаттанды. Ол терезеге мініп, құлады деп отыр. Шынымен солай болса, неге дереу маған қоңырау соғып, ескертпеген? Алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген. Балабақша әкімшілігіне бардым, ол ескерту жасаумен шектелген. Өзге ата-аналар да көп арызданды, бірақ құзырлы органдар тексеру жүргізбейді. Амалсыздан балаларын алып кетті. Адал ақшамызды уақытылы төлеп, балаларымыз білім алсын деп сеніп тапсырып отырған балабақшаның заңсыздықтарына қашанғы шыдап жүруіміз керек?», – дейді Тараз тұрғыны. Білім саласында сапаны қамтамасыз етудің облыстық департаменті басшысының ұйымдастыруымен Тараз қаласы білім бөлімінің басшылығы аталған балабақша меңгерушісімен кездесу өткізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Сонымен тынған. Мұндай сорақы деректерді барлық өңірде табуға болады.Қоғам талап еткен шара
Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысында салада қордаланған мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тоқталды. «Жекеменшік балабақшалардағы балаларды ұрып-соғу деректері» Президентке жетіпті. Сонымен қатар ол жұмыс істемейтін балабақшаларға бюджеттен қаржы бөлу оқиғалары көбейіп кеткенін мәлімдеді. Мұның бәрі олардың қызметінде ашықтық жоқтығын және саланы былық жайлағанын, жауапкершіліктен жұрдай екенін көрсетеді. Қ.Тоқаев мектепке дейінгі білім беру жүйесі қоғам талабына сай келмейтінін қадап айтты. Бұл – «2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін тоқтатудың» кесірі. Бірақ мемлекет бұл қадамға амалсыздан барыпты. Өйткені мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамту керек болды. Бұл ретте жеке сектордың әлеуетін пайдалану маңызды еді. Сондықтан балабақша ашамын деген кәсіпкердің ешқайсысының қолын қақпады, бақылаушы органдардың оларға тексеріспен баруына тосқауыл қойылды. Яғни, міндет-жоспарды орындау үшін шенеуніктер кәсіпкерлердің талаптарды бұзуына жол берген. Соған қарамастан, бәрібір 100 пайыздық межеге мемлекет жете алмады: бүгінде 2-6 жас аралығындағы балалардың 88 пайыздайы ғана балабақшамен қамтылған. Елдегі демографиялық дүмпуге байланысты балабақшаның бетін көрмей өсетін бүлдіршіндердің саны артты. Бұл ретте Үкімет балабақшаларды лицензиялауға қайта оралуға мәжбүр. Әйтпесе, жас ұрпақтың бір бөлігі балабақшада мүгедек болып қалуы, дертке шалдығуы, жаппай улануы, өмір-бақиға жан-жүрегіне, түйсік-санасына психологиялық жарақат түсуі ықтимал. Осы қадамды Мемлекет басшысы қолдады. – Енді балабақшаларда қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Себебі, басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттері соңғы 3 жылда мыңдаған шағымның түскеніне қарамастан, оның тек 140-ы бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізе алған. Нәтижесінде, 96 әкімшілік іс қозғалды, 1 125 АЕК сомасында 60 әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар осы кезеңде балабақшаларға 205 профилактикалық бақылау іс-шарасы жүргізілген: 205 әкімшілік іс қозғалды, 1 470 АЕК сомасында 113 әкімшілік айыппұл салынды. Балаларды ұрып-соғудың резонанс тудырған оқиғалары жетерлік: балабақша педагогтерінің қол жұмсауының – 7 фактісі, педагог кінәсінен болған жазатайым оқиғалардың – 2, тамақтандыруды ұйымдастыруда санитарлық ережелер бұзылуының – 6, өзге нормалардың бұзылуының – 20 фактісі белгілі болды.Тәрбиешілер арасында техниктер көп
Салаға жауапты министрліктің хабарлауынша, жаңа лицензиялау талаптары жоғары болады. Сондықтан кәсіпкерлерге оған дайындалуға, инвестиция салуына, жете жабдықтауына, білікті педагог-тәрбиеші жалдауына уақыт беріледі. Тиісінше, балабақшаларды лицензиялау 2024 жылдан бастап енгізіледі. Қазіргі кезде сала хабарлама беру тәртібімен жұмыс істейді, яғни кез келген адам мектепке дейінгі ұйымды ашқаны жөнінде білім басқармасына хат-хабарлама жолдай салады. Бұл статистика жүргізу үшін жарайды. Ал балалардың қалай тәрбиеленетініне бизнесмен де, шенеуніктер де бас қатырмайды. Балалар ақша табу көзіне айналған. «Балаларды балабақшалармен қамтуды ұлғайту, балабақшалардағы орын тапшылығын қысқарту үшін мемлекет бизнес-құрылымдарды қолдау шараларын қабылдады. Оның аясында Денсаулық сақтау министрлігі жаңа Санитарлық ережелерді бекітіп, балабақшаларда балаларға күтім жасау жағдайларына қойылатын талаптарды жұмсартты. Бұған қоса, 2011 жылы мектепке дейінгі білім беруді лицензиялау жойылды», – деп мәлім етті Оқу-ағарту министрлігі. Айтқандай, Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру сапасының нашарлағанынан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) алаңдаушылық білдірді. «Early Childhood Education and Care Policy Review in Kazakhstan» атты шолуында ұйым Қазақстан Үкіметіне дамыған елдердің озық тәжірибесін басшылыққа алып, жасөскіндерге ерте білім беру сапасын күшейтуге кеңес берді. Себебі, балабақшаларда талаптардың орындалуын олар ашылмай тұрып, қамтамасыз ету қажет. Содан кейін ол талаптардың сақталуына уақытылы, лайықты, ұдайы бақылау жасау шарт. Қазақстанда мұның бірі де жоқ. Осыған орай ЭЫДҰ Қазақстанға мектепке дейінгі білім сапасын қамтамасыз етудің пәрменді тетіктерін түзуді ұсынды. Ондай тетік ретінде лицензиялау қалпына келтірілмек. Оның аясында мемлекет балабақшалардың біліктілік талаптарына сайлығына, санитарлық ережелерді сақтауына бақылау жүргізеді. Талапқа толық сәйкес келетініне лицензия береді. Қалғаны не жұмысын жетілдіреді, не жабылады. Мұның сыртында уәкілетті орган дүркін-дүркін профилактикалық және жоспардан тыс тексерулер жүргізбек. Оқу-ағарту министрлігінің Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенованың айтуынша, лицензиялауды қайта енгізбес бұрын министрлік қолданыстағы заңнаманы өзгертеді. «Алаңдауға негіз жоқ деп санаймыз. Лицензиялау 2024 жылы басталып, кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алдымен жаңа балабақшалар, содан кейін мемлекеттік аттестациядан 2 рет өте алмағандар, шағым түскен, тәуекел тобындағы мекемелер, содан соң ғана қалғаны тексеріледі. Лицензиялануы үшін біліктілік талаптарынан өтеді», – деді комитет төрағасы. Ол мемлекеттің жекеменшік балабақшаларды жаппай жабу ниеті жоғын, бірақ тек негізгі біліктілік талаптарына толық сай келетін мекемелер ғана кедергісіз жұмысын жалғастыратынын нықтады. Лицензиялауды енгізу кезінде біліктілік талаптары бекітілетін болады, соған сәйкес педагогтердің біліміне, сондай-ақ жоғары және бірінші санатты педагогтардың үлесіне қатысты талаптар белгіленеді. Әйтпесе, жоғары және бірінші санатты педагогтер үлесі Алматы облысындағы балабақшаларда – 17,8 пайызды, Түркістан облысында – бар-жоғы 11,5 пайызды құрайды. Ең қызығы, мектепке дейінгі тәрбиелеумен ұстаздар емес, техникалық мамандар айналысып жүрген көрінеді. Ұлттық білім беру деректер базасының (ҰБДБ) мәліметінше, балабақшалардағы педагог-тәрбиешілердің жалпы саны – 97 209. Алайда оның 62 802-сі немесе 64,6%-ы ғана жоғары білімге ие. Бәрі педагог аталғанымен, арасында небары 29 707-сі (29,9%) ғана бейінді мамандыққа – мектепке дейінгі тәрбие беруге оқыған. Ал 31 952 педагог-тәрбиешінің немесе 32,8%-ының техникалық және кәсіптік білімі бар. Тағы 2 455-і немесе 2,5%-ы – тек мектеп бітірген. Қазақстанда балабақшалардың 25,5%-ы ғана спорт алаңқайларымен жабдықталған. 3 063-інде (29%) бейнебақылау жүйелері жоқ. 5 812-сінде ғана (55%) сыртқы және ішкі бейнебақылау қатар жүргізіледі, қалғандарында не сыртқы немесе ішкі бақылау ғана жолға қойылған. Тере берсе, былығы жетерлік. Билік оның бәрін лицензиялау арқылы шешуге тырысады. Тек балабақшалар жаппай жабылып, балақайлар далада қалмаса болғаны.