Итбалықтардың «итшілеген» тірлігі
Итбалықтардың «итшілеген» тірлігі
801
оқылды
Каспийді мекен еткен итбалық­тар қырғыннан көз ашпай келеді. Жыл сайын болатын оқиға биыл да қайталанды. Таяуда теңізде 200-ден астам итбалық белгісіз себептен өлгені мәлім болды. Ал мамандар жануарлардың не себепті қырылғанын нақты айта алмай отыр. Брекешев бәріне бейжай қарай ма? Елімізде 2022 жылдың басынан бері Каспийде 220 итбалық өлі табылған. Барлығы Қаражанбас аудандары мен Түпқараған түбегінің оңтүстік-батыс шетінен шыққан. Бірақ осы жануардың не себептен қырылып жатқанын Экология министрі Серікқали Брекешев дөп басып айтып бере алмады. Таяуда себебін білмекке Балық шаруашылығы комитетінің ғылыми ұйымдары, Гидробиология және экология институты, Микробиология және вирусология ғылыми өндірістік орталығы, Қазақстан қолданбалы экология агенттігі мен Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелері бірігіп зерттеу жүргізген. «Жұмыс тобы мынадай қорытындыға келді: Табылған жануар өлекселері қатты ыдырап жатты. Бұған Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының ветеринарлық қызметкерлеріне ыдырау дәрежесін ескере отырып, токсикологиялық, гестологиялық және вирусологиялық зерттеу жүргізіп, тіндерді іріктеу мүмкін болмады. Теңіз жануарлары бірнеше ай бұрын өлгені анықталған», – деді Брекешев. Ақырында тек 67 итбалықтың өлексесі тексерістен өткен. Соның 17-сінің денесінде өлімге әкелуі мүмкін механикалық әсерлердің іздері болғаны анықталған. Механикалық әсерге итбалықтардың балық аулау торына түсіп қалуы, қармаққа аулануы жатады. Яғни, министр мәселені балықшыларға қарай бұрғандай болды. Оның үстіне, ведомство басшысы 2021-2022 жылы қыс итбалықтың көбеюіне қолайсыз болғанын алға тартады. Біз Брекешевтің балықшылар мен ауа райын айыптағанына ерекше назар салғалы отырмыз. Негізі, осыған дейін экологтер Кас­пий теңізінің әбден ластанғанын, оған мұнай компанияларының әсер еткенін айтатын. Ал еліміздің Экология министрлігі әркез геологтардың мүддесін соғады. Бұл жолы да сондай жағдай қайталанды. Итбалықтардың өлімін көпшілік Қашаған кен орнын игеріп жатқан NCOC компаниясының тереңдету жұмыстарына байланыстырады. Ал Брекешев «2021 жылғы зерттеудің нәтижелері тереңдету жұмыстары айтарлықтай зиян келтірмегенін» айтады. Бұл тұста «айтарлықтай зиян келтірмеген» деген сөздің өзі шынында министрдің өз сөзіне толық сенімді емесін аңғартатындай. Маусымдағы алтыншы Каспий саммиті кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий итбалығының ауыр жағдайын ескертіп, алаңдайтын мәселе екенін жеткізген еді. Шамасы, жануарларға бейжай қарайтын Серікқали Брекешев тағы бір сөгісті артық көрмейтін сияқты.

Жиырма жылдық жойылу

Соңғы 20 жылдан астам уақыттан бері Каспий теңізінде итбалықтардың қырылуы жиілеп кетті. Экологтер тарапынан бұл мәселе сан рет көтерілсе де, қандай да бір мекеме мұның нақты себебін айтқан емес. Көбіне тек болжамдармен шектеледі. Әйткенмен, техногендік күштердің кері әсер еткені анық тәрізді. Итбалықтардың азығы – шабақтардың азаюы мен аңшыларды да кінәлаушылар бар. Жаппай індетке ұшырауы жиілей түскендей. 2000 жылы Каспий теңізінде 30 мыңға жуық итбалық қырылды, оның 10 мыңнан астамы Қазақстан жағалауынан табылған болатын. Теңіз жануарларының өлі денелерін қатты жел Каспийдің солтүстігінен оңтүстік акваториясына ағызып әкелген еді. Ол кезде итбалықтардың қырылу себебін мамандар хроникалық токсикоз деп атады. Яғни, жануарлардың өлі денесінен шикі мұнайдың ыдырау өнімдері, отын мен флот мазуты, сондай-ақ пестицидтер табылған. 2006 жылы көктемде 330 итбалық өлді. Бұл жануарлардың қырылу себебін зерттеген комиссия «оба дертінің вирусы болуы мүмкін» деп қорытындылады. Алайда Микробиология және вирусология институтының вирустар экологиясы лабораториясының өкілдері Маңғыстау облысында итбалықтардың жаппай қырылуына балық аулаудың күрт күшеюі себеп болды деген болжам жасаған. 2007 жылы бұл оқиға тағы да қайталанып, жағаға шығып қалған өлі итбалық саны мыңға жуықтады. Өлі итбалықтар Қаламқас пен Қаражанбас мұнай кеніштерінің арасындағы жағалаудан, «Қаламқас» су бөгетінің төңірегінен табылған. 2009 жылы Каспий жағасына жүздеген итбалықтың өлексесі тағы шықты. Маңғыстау облысына қарасты осы Түпқараған ауданынан 350 итбалықтың өлексесі табылған. Содан бері «итбалық қырғыны» тоқтаған жоқ, жыл сайын қайталанады. Әйтеуір, табиғат жанашырлары итбалықтардың өлу себебіне «адам факторы» әсер етіп отырғанын алға тартады. Демек, өндіріс орындарының экологияға тигізген зардабы орасан. Ал мұны қазбасын маңызды санайтын кәсіпорындар ашып айтпайды. Сонымен Каспийде қанша итбалық қалды, қаншасы қырылды? Қазір Каспий теңізіндегі итбалықтар мәселесін түбегейлі зерттеп жүрген экологтер жоқтың қасы. Бірлі-жарым пікір айтушылар ғана бар. ХХ ғасырдың басындағы зерттеу бойынша, Каспий теңізінде 1 миллионнан астам итбалық мекен еткен. Ал 2005 жылғы санақ бойынша, көк айдында шамамен 110 мың итбалық қалған. Демек, 1 ғасырдың ішінде 10 есе азайған. Мұнымен шектелмей, 2018 жылы тағы 30 пайызға дейін кеміген. 2020 жылы Каспийде 170 мыңға жуық итбалық қалғаны белгілі болды. 2008-2018 жылдар аралығында жүргізілген зерттеу қорытындысына сай, итбалықтар Каспийдің солтүстігінде көп болатынын көрсеткен. Бұл жерге жету үшін олар Түрікменстан шекарасынан бастап Жайық өзені сағасына дейінгі миграциялық дәлізді пайдаланатын көрінеді. Ал бұл дәліздің көп бөлігі ластанып үлгерген. Айтпақшы, кезінде итбалықтар мәселесін жиі қозғаған марқұм Бостан Сүлейменов болатын. Эколог теңіздің өнеркәсіптік және ауылшаруашылық қалдықтарымен ластануы итбалықтардың ағзасына хлор органикасы мен ауыр металдарды шоғырландырғанын көп ескертті. Салдарынан олардың иммунитеті әлсіреп, араларында жұқпалы аурудың таралуына түрткі болған. Ал «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы, EcoJer қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов бұл мәселеде нақты бір себебін айту қиын екенін алға тартады. – Нақты себебін білу үшін жыл бойы мониторинг жүргізілуі қажет. Мұндай істі қазір ешкім қолға алған жоқ. Зерттеу жасаған бірді-екілі компаниялар болған. Бірақ олар мәліметтерін ашық жарияламайды. Компания мониторинг жүргізген кезде олардың сарапшыларымен қатар тәуелсіз сарапшылар да жүруі керек еді. Алайда мүмкіндік жоқ. Кезінде осындай ұсыныс айттық. Қабылдамады. Бұл мәселеде бірнеше кешенді фактор қосылып әсер етуі мүмкін. Судың ластануы да, табиғи құбылыс та, браконьерлер құрған аулардың да, кемелердің де зияны тиген болуы мүмкін. Мұның бәрі тек ылғи мониторинг жүргізіп отыру арқылы ғана анықталады. Сондықтан мен осы факторлардың бірде біреуін жоққа шығармаймын, бірақ нақтысын да айта алмаймын. Дәлелдемелер жоқ, тек пікірмен шектелуге мәжбүрміз, – дейді ол. Қорыта айтқанда, проблеманың маңызы жылдан жылға артқанымен, жауаптылар кешенді зерттеу жүргізуге құлықсыз секілді. Мамандар итбалықтар қырылған кезде ғана мәселеге зер салады. Алайда одан еш нәтиже жоқ. Біздің ойымызша, басқа факторларды айтпағанда, теңіздің ластанғаны анық. Экология саласындағы басшылар белгілі бір деңгейде кәсіпорындардың «былығын» жасыруы мүмкін. Яғни, кешенді зерттеу жүргізіле бастаған күннің өзінде оған тәуелсіз сарапшылар атсалысқаны абзал.