Солтүстік Қазақстан облысында үйір-үйір жылқыны жалғыз өзі бағатын блогер қыздың танымалдығы күн санап артып келеді. Ат құлағында ойнайтын бойжеткен әлеуметтік желіде ауыл өмірін көрсетеді. Бұрымды қыздың ұлттық нақыштағы киімі мен әшекейі көпшіліктің көңілін аударып қана қоймай, Асыл Ахметованың парақшасына өзіндік сипат берген. Асыл Ахметова Жамбыл ауданына қарасты Озерное ауылында тұрады. Әкесінің байырғы тұрағына олар отбасымен Қостанай қаласынан көшіп келген. Нұр-Сұлтан қаласындағы политехникалық колледжді тәмамдаған соң Асыл өз ауылына келіп, мектепке информатика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Аспанмен таласқан зәулім үйлерден, қаланың қарбалас өмірінен шаршаған қыз ауылға қайту туралы ұсыныс түскен кезде қатты қуанғанын айтады. Ол үшін ауылдың кең даласына тең келер ештеңе жоқ. Оқуда жүрген кезінде елді сағынғанда, ауыл көрінісін түсірген өз бейнежазбаларын қарап, мауқын басқан кездері көп. Жұмыстан бос уақытында жылқы бағып, әкесіне қолғабыс етеді. Өзінің айтуынша, жылқышы әкесіне ол 7-сыныпта оқып жүрген кезінен бастап көмектесіп келеді. Осы уақыт ішінде Қамбар ата төлін бағудың қыр-сырын жетік меңгеріп үлгерген. Бүгінде алдында жеті үйір жылқысы бар. Дені – ауылдықтардың малы. Сондықтан қаршадай қыздың мойнындағы жауапкершілік мол. Сүмесін малдан тауып отырған ауылдастарының әр жылқысы үшін ол басымен жауап беретінін жақсы түсінеді. Сондықтан түрлі оқыс оқиға бола қалса да, абдырамай, оңтайлы жол таба біледі. «Кейде жайылымдағы жануар төлдеп қалады, жарақат алған, суға батқан кездері де болды. Сондай кездері шұғыл шара қолдануым керек. Ешкімнен көмек күтуге болмайды. Айдалада жүргендіктен ұялы байланыс жоқ, ешкімге хабарласа да алмаймын. Сондықтан алғашқы алдын алу шараларын өзім жалғыз қолдана беремін. Оның бәрін әкемнен үйренгенмін. Бала кезімнен қайда барса да мені қасынан тастаған жоқ, атына мінгестіріп алатын. Соның нәтижесі болса керек, 5 жасымда атқа қонып, 6-сыныпта мал қараса бастадым», – дейді Асыл Ахметова. СЕРІГІ ДЕ, СЫРЛАСЫ ДА – ДЖУНГЛИ Бойжеткеннің жылқы малына деген махаббатының оянуына түрткі болған – әкесі. Оның әлеуметтік желіде танымал болуына да осы махаббаты себепкер. Ең алғаш көп қаралым жинаған бейнебаяны – өзінің үй маңында мініп жүрген Джунгли атты жылқысы туралы болатын. Оған дейін өзі үшін түсірген видеолары аса қызық болмапты. Ал Джунглимен түсірген 20 секундтық видеосы бірден трендке айналған, тіпті Ресейде кеңінен таралып кетіпті. Бұл – оның сүйікті жануары, тіпті, ең жақын досы әрі сырласы, кейде онымен өзінің құпия ойларын бөліседі екен. Джунглимен түсірген бейнежазбасы 90 мың қаралым жинағаннан кейін Асыл Tik Tok қосымшасында ауылдың күнделікті өмірі туралы баяндай бастаған. Бастапқыда ауылдың күйбең тірлігі көпшілікті қызықтырғанына таң қалған Асылдың бүгінде бұған бойы үйренген. «Адамдардың басым бөлігі ауылда туып-өсіп, кейін қалаға көшіп кеткендіктен, кең даланы сағынады. Ауыл өмірі қауымға қызық екенін түсініп, осы бағытта бейнежазба түсіруді жалғастырып келемін. Ауылдан көшіп кеткен қаншама адам балалық шағын еске алып, қолдау білдіріп жатады. Бұл мені кәдімгідей ынталандыра түсті», – дейді Асыл Ахметова. Қазір Асылдың Tik Tok парақшасында 143 мың жазылушысы мен Instagram әлеуметтік желісінде 46 мыңға жуық оқырманы бар. Оның жазбалары мыңдаған қаралым мен жүздеген пікір жинайды.
ЖЫЛҚЫ МЕН ҚАЗАҚТЫҢ МІНЕЗІ ҰҚСАС
Асыл әкесінің бүгінде қартайып, шау тартып келе жатқанын түсінеді. Сондықтан барынша көбірек көмектесуге тырысады. Карантин кезінде қашықтан оқуға келгенде және оған дейін де жазғы демалысында, уақытының көбін жылқы бағумен өткізіпті. Күнге күйіп, күзде қалаға келгенінде қатты қысылған кездері де әлі есінде. «Нұр-Сұлтанға барғанда, қап-қара болып жүргеніме ұялатынмын. Туыстарым да күлетін. Сонда жылқы бағам деп айтуға да қысылушы едім. Қаланың адамдары ауылдың өмірін қайтсін деп ойлаушы едім. Қазір бәрі керісінше», – деп жымияды жылқышы қыз. Қазір таңғы төртте жайылымға шығатын жылқыны түске дейін әкесі бақса, түстен кейін оны қызы алмастырады. Содан қас қарайғанша, түнгі 11-лерге дейін далада. Мал баққанда Асыл ұялы телефоннан қазақтың әуенін қосып қояды. Өзінің де «әу» дейтіні бар. Осы уақыт ішінде бойжеткен Қамбар ата төлінің мінез-құлқын ұғынып та алған. «Жылқы бағындыру үшін күш емес, мінез керек», – дейді блогер қыз. Оның айтуынша, ең алдымен жылқымен тіл табыса білу қажет. «Жануар бәрін түсініп, сезінеді. Егер оған мейірім танытсақ, ол да сүйіспеншілікпен жауап береді. Адам баласы атқа дұрыс отырмаса, жануар қырсығады. Одан соң онымен дұрыс шаба алмайсың, мінез көрсетеді. Үйге немесе үйірге қарай шауып кетуі де ғажап емес. Мәселен, мал бағып жүрген кезде үйге бару керек болғанда, атты бұрсаң, үйірін қалдырғысы келмеген айғыр қарсылық білдіреді. Сондай кезде адам өзінің үстемдігін арттырып, өктем дауыспен бұйыра айқайлауы тиіс немесе тіпті ұрып жіберсе де артықтық етпейді. Жалпы, жылқы малының мінез-құлқы біздің халықтікіне қатты ұқсайды. Олар да еркіндік пен бостандықты жақсы көреді», – деп салыстырды жылқышы қыз. Ол тіпті жылқысыз өз өмірін елестете алмайтынын да айтып қалды. МАҚСАТЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ НАСИХАТТАУ Қайсар қыздың ерлермен қатар бәйгеге қатысып жүргеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Мұны да әкесі үйретіпті. Бәйгеге ат баптаған кезде басы-қасында өзі жүреді. Ат жарыстың да қыр-сырын терең меңгерген. Шаршатпау үшін аттың басын қай кезде жіберіп, қашан тарту керек екенін біледі. Бәйгеге қатысудың қаупі мол екенін де түсінеді. Жарыс кезінде оқыс оқиғаларға кезіккен кездері де болыпты. Мәселен, бір бәйгеде алдындағы ат теуіп жіберіп, құлауға шақ қалған қыз өз ептілігінің арқасында аттың мойнынан ұстап үстіне қайта қонған екен. Бәйге барысында жарыс аттарының бір-біріне соғылған немесе ой-шұңқырға шалынған кездері де болған. Мұндайда бауыр еті баласын аяған анасы бәйгеден төнер қауіп-қатер көп екенін түсіндіруге тырысқанымен, қызының қолын байлай алмайды. Айта кетейік, жылқышы қыз темір тұлпардың да құлағында еркін ойнайды. Ұялы байланысы да, интернеті де бірде бар, бірде жоқ түкпірдегі ауылдардың бірінде тұрып жатса да, кеңінен танымал болған қыз суды тасып ішетін, қыста жолын қар басып қалатын ауыл тұрғындарының осындай жағдайда тұрып жатқанын әлеуметтік желі арқылы көрсеткісі келетінін айтады. Ауылды жерлерде жастар тұрақтауы үшін ауыл әлеуетін көтеру керек деп санайды. Жалпы, ата-бабадан қалған құндылықтарды дәріптеген бойжеткеннің мақсаты – қазақ халқының ұлттық кәсібін, мәдениеті мен дәстүрін кеңінен насихаттау. Ол үшін Асыл Ахметова балаларды атқа мінуге баулып жүр. Ат әбзелдерімен де таныстырады. Республика көлемінде осы дәстүрді, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін лагерь ашылғанын қалайды. Жүрген жерінде осындай ұсыныс айтып жүр. «Қазір жастардың көбі, қыздар түгіл жігіттердің өздері атқа міне алмайды. Тіпті, қасында тұруға қорқатындар баршылық. Ата-бабамыздан қалған қазақи дәстүрімізді дәріптемесек, ертең жойылып кетуі мүмкін. Сонда мұның себебін іздеп, кімнен көрерімізді білмей жүргенше, қазірден бастап қолға алу керек. Сонда ғана салт-дәстүріміз жалғасын табады», – деп ой түйді «жылқышы қыз» атымен танылған Асыл Ахметова. Tik Tok-тағы танымал қыз ол үшін халқының мәдениеті мен әдет-ғұрпын әлеуметтік желі арқылы насихаттай беруге даяр.