Киелі Түркістан шаһарында Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 4 жыл толуына орай «Түркістан – Ер Түріктің бесігі» атты ақындар айтысы өтті.
Шабыттың қайнар бұлағы Түркістан ақындарға кенде емес. Кешегі өткен Қаныбек Сарыбаев, Әбдікерім Манапов, бүгінде айтысты биікке дәріптеп келе жатқан Бекарыс Шойбеков, Тұрар Тілеулиев, Мұхит Құрбанбеков халықтың сүйікті талантты ақындары атанған. Одан бөлек, рухани шаһар халық өнерін кеңінен насихаттауда шығармашылық жобаларды іске асырып келеді. Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл толуына орай ұйымдастырылған ақындар айтысының шымылдығы «Шежірелі Түркістан» кітабынан алынған тарихи шығарма желісі бойынша «Йасы шаһары» атты театрландырылған көрініс-қойылымымен ашылды. Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен жыр сайысында сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев барша ақындарға сәттілік тілеп, айтыс өнерінің берері мол рухани құндылық екенін тілге тиек етті.
Сөз сайысының кіл жүйріктері жиналған шарада жыр дүлділдері тұғыры биік Тәуелсіздікті жырға қосып, түрленген, гүлденген Түркістанымызды, облыс болып құрылғанына 4 жыл толу мерекесін кеңінен жырлап, тілге тиек етті. Сондай-ақ, жеңісті де, жемісті жұмыстарды жырлап, ордалы Оңтүстіктен және Түркістан қаласынан шыққан ұлы тұлғаларымыздың еңбегін паш етті. Аламан айтысқа республикамызға белгілі айтыс өнерінің биігін бағындырған, айтыстың нағыз ақтаңгерлері, алтын домбыра иегерлері Түркістан қаласынан Бекарыс Шойбеков, БҚО, Орал қаласынан Жансая Мусина, Қызылорда облысынан Мұхтар Ниязов пен айтыстың ақтаңгері, Алматы қаласынан Шұғайып Сезімхан, Шымкент қаласынан Нұрлан Есенқұлов, Нұр-Сұлтан қаласынан Мейірбек Сұлтанхан, алматылық Нұрзат Қару және Арқалықтың абыройын асқақтату үшін Айбек Қалиев қатысты.
Аламан айтыстың алғашқы жұбын шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен алматылық ару Нұрзат Қару бастады. Әдемі әзілдермен өрілген қыз бен жігіт айтысы көрермендер көзайымына айналды. Сондай-ақ, айтыс өнерінің азулы арландары түркістандық Бекарыс Шойбеков пен торғайлық Айбек Қалиевтың тартысты айтысы да көпшілік көңілінен шықты. Алтын домбыраның үш дүркін иегері қызылордалық Мұхтар Ниязов пен Ақжайықтың аруы Жансая Мусина арасындағы айтыс та әдемі әзілдермен көмкерілді.
Ал, елордадан келген Мейірбек Сұлтанхан мен алматылық Шұғайып Сезімхан арасындағы сайыс тартысты, тартымды өтті. Бас жүлдені алматылық ақын Шұғайып Сезімхан иеленсе, оралдық ару Жансая Мусина бірінші орынға лайық деп танылды.
Екінші орынды қызылордалық Мұхтар Ниязов жеңіп алса, үздік үштікті түркістандық Бекарыс Шойбеков мен Арқалықтың арқалы ақыны Айбек Қалиев қортындылады. Одан бөлек, Тәушен Әбуова атындағы номинация Нұрзат Қаруға, Қаныбек Сарыбаев атындағы номинация Нұрлан Есенқұловқа табысталды. Сондай-ақ, Көпбай Омаров атындағы номинация Мейірбек Сұлтанханға бұйырды.
Ақындар айтысына Бақыт Әбжет, Әбілхаир Сыздықов және Бекмурат Анарбаев төрелік етті. Жырдан шашу шашылған күні түркістандық әншілер әннен шашу шашып, ақындарды арқаландырып отырды.