Аз демалып, көп оқимыз
Аз демалып, көп оқимыз
1,129
оқылды
Елімізде оқушылардың демалыс уақыты өзгеретін болды. Оқу-ағарту министрлігі сарапшылармен ақылдаса келе, 1 қыркүйектегі Білім күнімен басталатын оқу жылы 31 мамырда аяқталуы мүмкін екенін хабарлады. Сонымен бірге тоқсана­ра­лық, күзгі, көктемгі, қысқы демалыстардың да мер­зімі азайды. Оқушылардың каникулына қатысты өз­ге­рістер жаңа оқу жылынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Каникулды қысқарту қайдан шықты?

Маусым айының соңында са­рапшылар педагогикалық ұжым­дарға дөңгелек үстел өткізді. Тал­қылау нәтижесінде Үкіметке 2022-2023 оқу жылынан бастап оқушылардың демалыс күндерін қысқартып, соның есебінен оқу жы­лын ұзарту туралы ұсыныс жа­салды. Бастамашыл топ бірнеше дәйек-дәлелді алға тартты. Бірін­шіден, осының арқасында күн са­йынғы оқу жүктемесі азаяды. Әйт­песе, балалар күніне 7-8 са­бақ­қа қатысуға мәжбүр. Ал лицей-гимназияларда 9 сабаққа дейін ба­рады. Әсіресе, үш ауысымды мек­­тептерде қиын: соңғы ауысым­нан балалар қас қарайғанда – 21.00-де қайтады. Бұл – балалар­дың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Әрі денсаулығына зиян. Екіншіден, оқу жылын ұзарту мектеп бағдарламасына заман талап еткен қосымша пәндерді ен­гізуге жол ашады. Ғалымдар, са­рапшылар бала кезден діни, қар­жылық және басқа салаларда ба­лалар мен жасөспірімдердің сауа­тын ашуды, кәсіпкерлік негіз­деріне үйретуді, бұл үшін тиісті пәндерді мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынды. Оқушылар ара­сында мемлекеттік тілдің қолда­ны­сын кеңейту үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің сағатын арт­тыру қажет. Бірақ оқу бағдар­ла­масының шектен тыс жүктелуі бұған мүмкіндік бермейді. Үшіншіден, оқу жылын ұзарту қазақ тілі, математика, физика, хи­мия, биология сияқты пәндер­дегі күрделі тақырыптарға көбірек сағат бөлуге, оралып, қайталауға мүмкіндік беретін көрінеді. Қазір оның бәрі үстірт оқылады, мыса­лы, қазақ тілінен кейде 2 тақырып­ты бір сабақта оқиды. Төртіншіден, сарапшылар ұзақ демалу бары­сында оқушылар жыл бойы өткен тақырыптарды ұмытып қалады деп отыр. Ал жазғы демалыс уақыты азайтылса, шәкірттер білгенінен жаңыла қоймайды. Бастама автор­лары Қазақстанда оқу жылының тым аз екенін және 34 аптаға ғана созылатынын, ал каникул әлемдегі ең ұзағы саналатынын айтады. Біз­дің мектеп оқушылар жыл ішін­де 130 күн демалады. Салыстырсақ, Израилде каникулдың ұзақтығы 84 күнге, Оңтүстік Кореяда 90 күнге, ал Жапонияда 102 күнге созылады. «Оқу жылы 20-25 тамызда бас­талуы керек деп санаймын. Өйт­кені олар екі аптадай оқу процесі­не кірісе алмай қиналады. Біз министрлікке оқу жылын 20 не 25 тамызда бастауды және оқуды кем дегенде 5 маусымға дейін жал­ғастыруды ұсындық», – деді «Әді­лет» орта және мектепке дейінгі білім беру республикалық қауым­дастығының төрағасы Динара Құдайқұлова.

Таяқтың екінші ұшы

Қарсы тарап та салмақты дә­йектемелерді келтірді. Біріншіден, каникулды күрт қысқартқанның өзінде күн сайынғы оқу жүктемесі көп жеңілдемейді. Демек, үш ауысымнан құтылу үшін жаңа мек­теп, қосалқы ғимараттар салған жөн. Екіншіден, жазғы каникул кезінде көптеген педагог кәсіби дамуға, біліктілігін арттыруға, шет­елде курстардан өтуге, сая­хаттауға арнайды. Ал демалыстың күндері қысқарса, мұның бәрінен бас тартуға тура келуі мүмкін. Үшіншіден, ата-аналар балала­рын жазғы демалыста спорт сек­циялары мен шығармашылық үйірмелерге береді. «Артспорт» жобасы арқылы мемлекет осыған мүмкіндік ұсынды. Оқу кезінде балалар қатты шаршайтындықтан көбіне өз дарынын ұштауға, әле­уетін дамытуға уақыт пен күш таба бермейді. Төртінші дәлел – мек­тептер кондиционерлермен, су дис­пенсерлерімен жабдық­тал­маған. «Тек ауылдарда ғана емес, қалаларда да көптеген ата-ананы осы жайт қатты алаңдатады. Бұл жерде климаттық жағдайларды ес­керу қажет. Жаһандық жылыну сал­дарынан аптап ыстық көктемде басталады. Мамырда ауа темпе­ра­турасы +30 градусқа дейін көте­ріледі. Ал сыныптар кондицио­нерлермен жабдықталмаған. Оқуды маусым айына дейін созса, балалардың оқуға деген ықылас-ынтасын жойып аламыз. Егер балалардың білім сапасы құлдыраса, онда бағдарламаны өзгерту, пәндерді оңтайландыру, оқулықтарды өзгерту керек», – дейді ата-аналар белсендісі Мария Романенко. Оның үстіне, балалар дема­лысты зарыға күтеді. Бұл оларға бой жазып, көңіл серігетін мезгіл. «Оқу жылын ұзарту балалардың заманауи мәселелерін ушықтырып жібереді. Демалыс уақыты азайса, суицид көрсеткіші де күрт артуы мүм­кін. Бұған қоса, мектеп қабыр­ға­сындағы ақша, құнды заттарды боп­салау, арандату, зорлау сияқты қылмыстар артуы ықтимал. Менің немерем бар, ол ұзақ оқуды қала­майды. Жақсы оқиды, бірақ де­ма­лысты қалай өткізуге қатысты нақ­ты жоспары бар. Президентіміз де ба­лалардың мектепті ерте тастап ке­тетініне назар аудартты ғой», – деді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.

Жазғы демалыс 1 маусымнан басталады

Сонымен, тараптардың дәйек-дәлелдерін таразы басына тең тарта келе, Оқу-ағарту министрлігі ортадан шығатын шешім қабыл­дағанға ұқсайды. Ведомствоның Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті «Орта білім беру ұйым­дарында 2022–2023 оқу жы­лының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы» министр бұйрығының жобасын қоғамдық талқылауға шы­ғарды. Онда меншік нысанына және ведомстволық бағыныс­ты­лығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында оқу жылының бас­талуы, ұзақтығы және каникулы кезеңдерінің келесі мерзімдері айқындалған: біріншіден, жаңа оқу жылы 1 қыркүйекте басталады. Екіншіден, жаңа оқу жылының ұзақтығы 1 сыныптарда 35 оқу ап­тасын құрайды. Ал 2-11 және 12 сыныптарда 36 оқу аптасына созы­лады. Салыстырсақ, алдыңғы оқу жылы 1 сыныптарда 33 оқу апта­сы­на, ал 2-12 сыныптарда 34 оқу аптасына созылған еді. Үшіншіден, оқу жылы ішіндегі каникул кезеңдері былайша бел­гі­ленбек: барлық сыныпта күзгі ка­никул – 7 күнді құрайды және 2022 жылғы 31 қазаннан 6 қараша ара­лығында созылады. Қысқы каникул – 9 күн: 2022 жылғы 31 желтоқсан мен 2023 жылғы 8 қаң­тар аралы­ғында. Көктемгі каникул – 9 күнді: 2023 жылғы 18–26 наурыз аралығын қамтиды. Осы­лай­ша, тоқсанаралық демалыс күн­дерінің саны өткен оқу жы­лы­мен салыстырғанда 12 күнге дейін азайып отыр. Оқу-ағарту министрлігі ең бастысы оқу жылының 36 аптаға созылуы оқушылардың жазғы демалысына көп әсер етпейтініне назар аударды. Балалар енді 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін демалады. – Сарапшылар оқу жылын 20 тамызда бастап, маусым айының соңына дейін ұзарту мәселесін қа­растыруды сұрап, министрлікке талай жүгінген. Өйткені 5 күндік оқу аптасына көшкелі оқу күнде­рі­нің жалпы саны бірден 34 күнге азайып қалды. Нәтижесінде, Қа­зақ­станда оқу күндерінің жалпы саны шамамен 150 күнді құрайды. Ал дамыған елдерде ол – 200 күн­дей. Сарапшылар қосымша оқу апталарының қосылуы арқасында күн сайынғы сабақтар саны азая­тынын атап өтті. Тиісінше, оқу­­шы­ның да, педагогтің де оқу жүктемесі кемиді. Аптасына 6 күн оқып жатқан мектептер енді бес күндікке көше алады. Бұл педагогтердің жұмыс тиімділігін арттырып, оқу­шылардың өткен материалдарды игеруін жақсартады, – дейді ми­нистр Асхат Аймағамбетов. Ол IV тоқсанды 20-25 мау­сымға дейін созу туралы ұсы­ныс­тың біраз жылдан бері дүркін-дүркін көте­ріліп келе жатқанын мәлім етті. «Сарапшылар көп жылдан бері дабыл қағып жатыр. Жазғы дема­лыс ұзаққа созылса балалар ермек таппай, компьютер-смартфондағы ойындарға бар уақытын сарп етеді. Ал шетелдегі құрбы-құрдастары бұл кезде оқуын жалғастырады. Осыған орай, біз жұмыс тобын құ­рып, оған ғалымдарды, психо­лог­тарды, ата-аналар мен ұстаздар­ды тарттық. Халықаралық тәжіри­бе зерттелді. Жұмыс тобы сарап­шылардың ұсынысын қолдамай тастады және балама ұсыныс енгізді: біріншіден, оқу жылының басталуы межесін өзгертпей, үй­реншікті 1 қыркүйекте қалдыр­ған жөн. Екіншіден, оқу жылын 31 ма­мырға дейін ұзартуға бола­ды. Сөйтіп, балалардың каникул­ға шығу уақыты тек 5 күнге жыл­жиды. Яғни, балалар жаздың ал­ғашқы күнінен демала бастай­ды», – деді министр. А.Аймағамбетов оқу апта­ла­рының санын ұзартумен шектел­мей, оқу процесін басқа да тәсіл­дермен жетілдіруге уәде етті. Осы мақсатта жалпы оқу жүктемесі қайта қаралып, азайтылмақ, оқу бағдарламалары жақсартылады, педагогтердің біліктілігі артты­ры­лады, өзге де шаралар қабыл­да­на­ды. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап, мектептердегі апталық оқу жүктемесін төмендету жоспар­ланған. Жалпы, Германия, Англия, Жа­понияда жазғы демалыс 7 апта­ны, Польша, Қытай, Оңтүстік Кореяда 7-9 аптаны, Финляндия, Венгрия, Швецияда 9-11 аптаны, Латвия, Италия, Португалияда – 11 аптаны құрайды. Ал Қазақ­стан­да енді 14-тен 13 аптаға азаяды. Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімованың түсінді­руін­ше, оқу апталарын 34-тен 36-ға ұлғайту мәжбүрліктен туындаған шара. Себебі оқу жылында шама­мен 10 күнді мерекелер алып қоя­ды: олар 34 аптадан шегеріледі. Ал мектептер білім берудің мемле­кет­тік стандартын, оқу жоспарлары мен бағдарламаларын орындауы шарт. Содан мерекелік күндердің жүктемесі өзге күндерге ауысады. Сондықтан министрлік «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындыр­майтын» тәсілді тауып, демалыс күндері көп қысқартпай, оқу ап­та­ларын ұзарту тәсілін таңдады. Ве­домство бір күнде 7-9 сабақ оқу балалардың денсаулығына, тұлға­лық қалыптасуына зиян келті­ретінін айтып, енді ол жүктеме 5, ал жоғарғы сыныптарда – 6 са­баққа дейін азаятындығына сен­дір­ді. Мұны әрине, уақыт көрсетеді.

Елдос СЕНБАЙ