Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – негізгі міндет
Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – негізгі міндет
Фото: Интернеттен алынды
437
оқылды
«Алдымен келісіп алайық. Мен атқарылған жұмысты қысқаша таныстырып өтейін. Соңынан сұрақ-жауапқа көшеміз. Қала өміріне қатысты айтар ұсыныс, тілектеріңізді тыңдауға әзірмін. Егер жеке өздеріңізге қатысты мәселе болып, көптің алдында айтуға ыңғайсыздансаңыздар, жиналыстан кейін қалып жеке қабылдаймын». Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов халыққа есеп беру кездесуін осындай сөздермен ашты. Қала басшысының есеп беру жиналысына келгендер көп болды. 1 600 орындық «Астана» концерт залы (бұрынғы Конгресс холл) ғимараты түгел толғандай көрінген. Бір бұрыштан бос орын тапқан соң, жан-жағымызды шолып өттік. Алдыңғы қатардан елге танымал, ақын-жазушылардың, мәдениет саласы өкілдерінің де төбесі көрінді. Әкімнің есебін тыңдауға келгендердің дені әйел адамдар мен зейнет жасындағы тұрғындар екені байқалады. Төмен қарап, телефондарын шұқылап, өзімен-өзі болып кеткен қыз-қырқын, жігіт-желең де көп екен. Иә, Көлгінов көпшілікті күттірген жоқ, уақытында бастады. «Бірлігі мықты, ынтымағы жарасқан ел болып, Нұр-Сұлтан қаласын әрі қарай бірге дамыта берейік» деген тілекпен баяндамасына кіріскен қала басшысы бас шаһарда атқарылып жатқан негізгі шаруа жайын таныстырып өтті. Алтай Сейдірұлының айтуынша, бұдан бұрын елорданың төрт ауданында тұрғындармен кездесу өтіп, аудан әкімдерінің есебі тыңдалған. Аталған кездесуде қойылған сұрақтар бойынша жұмыс кестесі бекітіліп, тиісті мекемелерге тапсырма берілді. Нәтижесінде, елорда халқы үшін арнайы ашылған «Жанұя» орталығы осы уақытқа дейін он мыңнан астам адамды қабылдапты. ӘЛЕУМЕТТІК САЛА – ҚАЛАНЫҢ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕСІ Бас шаһардың халқы жыл сайын өсіп, қала қанатын кеңге жайып келеді. Мәселен, алғаш «астана» атанғанда (1998 жылы) тұрғын саны 400 мыңның төңірегінде болса, былтырғы көрсеткіш бойынша 1 млн 200 мыңға жеткен. Қазір Нұр-Сұлтанда жылына 25 мыңнан астам сәби дүниеге келеді, 2 000 жылдары бұл көрсеткіш 4,5 мыңдай ғана болыпты. Оған қоса ішкі көші-қон үдерісі елорданың демографиясына үлкен әсер етіп отыр. Жыл сайын өңірлерден 50 мыңдай адам жұмыстың, оқудың қамымен ел астанасына қоныс аударады. Яғни, жан саны көбейген соң, әлеуметтік жауапкершілік мәселесі де жөндеп қарауды қажет етуде. «Қала деген – қамалдар емес, адамдар» деген сөз бар» деген әкім баяндамасында осыған қатысты жағдайға көбірек тоқталды. Ең алдымен, білім беру ісінде мұқтаждық көп. Қала мектептерінде оқушыға орын жоқ, екі ауысымдық оқу кестесін былай қойғанда, 8 мектеп үш ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Он төрт мектепте оқушы саны қалыпты жағдайдан асып кеткен. Дегенмен қала басшылығы да қамсыз емес, 2019 жылы 6 мектеп пайдалануға берілсе, биыл құрылысы аяқталатын ғимараттар 10 мың орындық оқушыны қамтиды. «Бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан біз кешенді даму жоспарымызға 50 мектеп салу туралы енгіздік. Тек бюджетке қарап отыра бермей, жеке инвестицияларды да тартудамыз. Жеке инвесторлар есебінен 24 мектеп салу ұсынысын қолдап отырмыз», – деді А.Көлгінов. Тағы бір айта кетерлік жайт, Нұр-Сұлтан мұғалімге зәру. Қала мектептерінде сабақ беретін 17 мың ұстазға қосымша 250 маман керек. Педагогика мамандығы бойынша оқу бітіріп шыққан жастардың мұғалімдікке қызметке аса қызыға қоймайтыны жайында бұрын да айтылып, жазылып жүр. Ал оқушы сыймай, үш ауысыммен жұмыс істеп тұрған мектепте қызмет етуге кім құмарта қойсын дейсің іштей. Елордада мектепке қарағанда балабақша мәселесі біршама жолға қойылғандай көрінді. Дегенмен тапшылық жекеменшік балабақшалардың есебінен шешіліп отыр. Қазіргі уақытта 3-6 жасқа дейінгі баланың 98,4%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілген. Қалада 94 мемлекеттік және 237 жекеменшік балабақша бар. Әкімнің сөзіне сүйенсек, бизнесті дамытуға мүмкіндік жасалған соң кәсіпкерлер де белсенді кірісіп, жекеменшік балабақшаны талапқа сай ұсынуда. «Әр балаға мемлекеттен 28 мың теңгеден субсидия қарастырып отырмыз. Мұның мемлекетке де, кәсіпкерге де, ата-анаға да пайдасы бар. Егер әкімдік барлық балабақшаны қазына ақшасына салатын болса, мысалы, 80 нысан дейік, онда бюджеттен 96 млрд теңге қажет болар еді. Біз оны үнемдедік. Мемлекет он еседен артық үнемдеп отыр, сонымен бірге бизнеске қолайлы жағдай жасап отыр», – деді А.Көлгінов. Иә, әкімнің есебінен түйгеніміз – бұрын елорда «шенеуніктер қаласы» атанып келген болса, қазір бизнес шаһарға айналып, орта және шағын кәсіпкерлік нысандары көбейген. Бюджеті кірісінің 54%-ы – кәсіпкерлердің үлесінде. Екінші әлеуметтік мәселе – денсаулық сақтау қызметі. Бас шаһардың халқына 257 денсаулық сақтау мекемесі қызмет көрсетеді. Алайда мұнда да кадр тапшылығы бар, қала бойынша 494 медицина қызметкері қажет. Былтыр жедел жәрдем қызметіне 52 жаңа көлік сатып алыныпты. Әйтсе де, тұрғындар аталған қызметтің уақытынан кешігіп жететініне жиі шағымданады. Оған негізгі себептің бірі тұрғын үйлер жанындағы шлагбаумдар, домофон, карточкамен қозғалатын лифт қызметі т.б кедергі көп. Алтай Сейдірұлы алдағы уақытта бұл мәселені реттейтінін айтты. Әкімнің есеп беруінде қозғалған үшінші мәселе – үлескерлер проблемасы. Бүгінгі күні үлескер ретінде не үйге, не салған ақшасына қол жеткізе алмай отырған 12 мыңнан аса адам бар. Құрылысы тоқтап тұрған проблемалық нысан саны – 42. Қала басшысы олардың жиырмасын биыл бітіріп беретінін жеткізді. 2019 жылы 2,5 мың үлескердің мәселесі шешіліпті. Әйтсе де, үлестік құрылыс нысандарына байланысты шешілмеген түйін көп. Кезінде заңды белден басып, қала құрылысына араласқан компания басшылары жоғарыдағы адамдармен тамыр-таныстығының арқасында небір қитұрқы әрекетке барған. Мәселен, 9 қабатты тұрғын үйге жалған құжат жасап, «ауадағы» 10-11 қабаттардың пәтерін сатқан, бір пәтерді бірнеше үлескерге рәсімдеген де жағдайлар кездескен. Оның барлығын заңды жолмен реттеу үшін уақыт қажет деді әкім. Одан бөлек, қазіргі сәтте 48 мың адам «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кезегін күтіп отыр. Ол 48 мыңның ішінде көпбалалы, жалғызбасты аналар, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар, ерекше қажеттілікті қажет ететін бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар. «Баспанаға деген үлкен сұранысты ескере келе, былтыр мемлекет тарапынан 2 900 пәтер пайдалануға берілді. Оның 1 050-і жұмыс істейтін жастарға арналды. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес биыл ел игілігіне берілетін пәтерлер саны 3 есе көбе­йеді», – деп атап өтті А.Көлгінов. ҚАЛАНЫҢ СӘНІН КЕТІРГЕН ҚОЮ ТҮТІННЕН ҚҰТЫЛАТЫН КҮН ЖАҚЫН «Астананың желі тоқтаса, аспанын түтін басады». Бұл – нұр-сұлтандықтар үшін мәтелге айналып кеткен сөз. Соңғы екі-үш жылда жел тымық күндері қала қалың түтінге оранып, тұманның астында қалатыны жиі байқалып жүр. Оның бірден-бір себебі – алты ай қыс қар құрсауында жататын шаһарды жылытуға жағылатын тас көмірден туындап отыр. Елорданың екі жылу электр стансасы (ЖЭС-1 және ЖЭС-2) жылына 3,8 млн тонна көмір жағады. Оған қоса, қаладағы жеке үйлер бір қыста 500 мың тонна көмірмен жылынады екен. Міне, экологиялық ахуалдың бастау көзі қайда жатыр? Оны аз десеңіз – қала көшелерінде сымай жүрген 400 мыңнан аса автокөлік 92 мың тонна улы газдарды ауаға шығарады. Мұның барлығы тұрғындардың денсаулығына елеулі зиян келтіретіні сөзсіз. Дегенмен Алтай Сейдірұлы газдандыруға көшкеннен кейін ел астанасының қазіргі ластану индексі 25%-ға төмендейтініне сендірді. «Бірінші кезекте газбен қамтамасыз ету автоматтандырылған газ таратушы стансалар есебінен ЖЭС-1, ЖЭС-2, ЖЭС-3-ке жүргізіледі. Одан соң «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғын алаптарына газ таратушы желілер қондырылады. Кейінгі кезекте желілер «Оңтүстік-Шығыс» және «Теміржолшылар» тұрғын алаптарына дейін орнатылады», – деді ол. ТҰРҒЫНДАРДЫ НЕ МАЗАЛАЙДЫ? Айта кетейік, әкім баяндамасын аса ұзаққа созған жоқ. Атқарылған шаруаның негізгісіне ғана қысқаша тоқталғанды жөн көріпті. Алдын ала дайындалған LED экранда көрсетілген слайдтар да негізгі мәліметті ұсынып тұрғандықтан болар, Көлгінов кездесу уақытының көп бөлігін тұрғындармен тікелей байланысқа арнады. Кезек сұрақ-жауапқа келгенде жоғарыдағы телефон шұқылап кеткен жастар да басын көтеріп, елеңдесіп қалғандай болды. Әрине, әкіммен жақын кездесу күнде бұйыра бермесі белгілі. Залдың ішіндегі төрт жерден қойылған (екеуі балконда) микрофонға жұрт жапа-тармағай кезекке тұрды. Одан бөлек, тікелей трансляция арқылы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ мен С.Сейфуллин атыдағы ҚазАТУ-да жиналған қауым кезектесіп сауал жолдады. Тұрғындар тарапынан жолданған сұрақ екі тілде (мемлекеттік тілде және орыс тілінде) қойылды. Байқағанымыздай, мәселесін қазақша жеткізгендер – негізінен зейнеткерлер. Орыс тілінде шағым айтқандардың дені орта жастан төмен қарайғы кезеңдегілер. Бірен-сараны болмаса, көбісі өзіміздің қандастар. Бір қызығы, мәселесін орысша жеткізгендердің көбісі сөзінің басын «осы қаланың жергілікті тұрғынымын» деп бастап, өзгелерден бөлектеп көрсеткісі келгендей болды. Елорда әкімінің алдында ел көтерген мәселе көп болды. Оның барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Десе де, халықтың сөз ауанынан биылғы қалың жауған қардан қатты қиындық көргені білініп жатты. Әсіресе, қаланың шеткері жағындағы тұрғын үй алабынан келгендер қатынастың қиын болғанын, үй-үйдің арасында үйілген қардың көптігі мен жаяу жүргіншілер жолының мұз басып жатқанын жеткізді. Дегенмен Алтай Сейдірұлы көпшіліктің сауалына жан-жақты жауап беріп, көңілдерін күпті еткен мәселенің түйіні тарқайтынына сендіре білді. Әкімнің айтуынша, биыл қар жылдағыдан үш есе қалың жауған, қар тазалаушы қызметкерлер үш ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Жалпы, қыс басталғалы бері қаладан 3,5 млн текше метр (280 мың рейс) қар шығарылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артық. «Жүк көліктері тәулігіне 2,5 мың рейс жүргізуде. Күн сайын қаланы шамамен 2 мың техника мен 1,5 мың жұмысшы қардан тазартуда.  Әлі де атқаратын жұмыс көп. Ақпан, наурыз бойы коммуналдық қызмет күндіз-түні жұмыс істейтін болады», – деді А.Көлгінов. Сондай-ақ қала тұрғындары әкімге шағынаудандарда тазалықтың сақталмайтыны, шеткері көшелерге автобустың толық қатынамайтыны жайлы да шағымданды. Қала басшысы әр айтылған мәселеге орай, залдан жауапты қызметкерді атын атап, тұрғызып, бірден тапсырма берді. Елорданың төрт ауданының әкіміне аталған мәселеге орай нақты міндет жүктеп, нәтижесін көрсетуді талап етті. ТҮЙІН Айта кетейік, тұрғындар көтерген проблемалар ішінде 4-5 жылдан бері шешілмей келе жатқаны бары да анықталды. Арыз айтушылардың кейбірі сол уақыттағы әкім орынбасарларының аты-жөнін атап, бес жыл бұрынғы уәделерді еске алып жатты. Алайда ол орынбасарлардың бүгінде қайда жүргенін ешкім білмесі анық. Демек, бес жыл бұрын берілген уәдені қазіргі орынбасарлар орындауға міндетті. Жуан үш сағатқа созылған есеп беру жиынынан түйгеніміз – халық жақсылықты да, жамандықты да ешқашан ұмытпайды. Бауыржан БАЗАР