Бәрі әлеуметтік желідегі парақшама бейтаныс адамның көмек сұрап хат жолдауынан басталды. Айтуынша, көпбалалы, әйелі ауыр дертке шалдыққан. Енді дәріге қаржы керек екен. Бұл бірінші рет емес. Бұған дейін де бірнеше адам дәл осылай көмек сұраған еді. Әдеттегідей барлық хабарламаның соңы есепшот нөмірімен аяқталады. Қазір дәл осылай онлайн қайыр сұрайтындар көбейді. Тіпті, оның қайсысы шын мәнінде көмекке мұқтаж, қайсысы алаяқ екенін ажыратудан қалдық. Әсіресе танымал тұлғалардан қайыр сұрап, қол жаятындар көбейіп барады. Жағдайы жақсы болса мұқтаж жанға көмектескенде не бар дерсіз? Бірақ қол-аяғы сап-сау, еңбек етуге қабілетті жастардың қайыр сұрауы жиілеген. Ал кез келген пікірлер топтамасын ашсаңыз, 10 пікірдің екеуі қайыр сұрау. Әдетте танымал адамдарға жазатындардың дені баласының еміне, ішер ас пен киер-киіміне ақша сұрайды екен. Мейлі, әуелгісі амалдың жоқтығынан болар, ал соңғысы ше? Психолог Дәуренбек Құдаровтың айтуынша, қайыр сұрау масылдықтың бір түрі. Шын мұқтаждар жағдайын айтып қайыр сұраудан ұялады. Ал интернеттегі қаптаған тіленшілер қайыр сұрауды кәсіпке айналдырып алған. – Интернет болмаған кезде де қайыр сұрайтындар болды. Қайыр сұраушыларды әуесқой және кәсіпқой деп екіге бөлер едім. Әлеуметтік желі дамыған сайын мұндай тіленшілердің саны да көбейе береді. Арасында шын мұқтаждар да бар. Бірақ қайыр сұрауды кәсіпке айналдырып алғандар да көп. Шыны мен өтірігін ажырату мүмкін емес. Қайыр сұрайтындар адамның ішкі сезімдерімен ойнайды. Азаматтардың аяушылығын оятып, көмек сұрайды, – дейді Дәуренбек Құдаров. Қазақ қашанда қолындағы барын қайырымдылықтан аямаған халық. Алайда жеке пайдасы үшін қайырымдылық атын жамылып, қара басын ойлайтындар мен «көмекке мұқтажбын» деп алдайтындардың санының көбейгені халықтың сеніміне қаяу салып отыр. Әлеуметтанушы Шыңғыс Төрездің пікірінше, әлеуметтік желіде қайыр сұрайтын азаматтар санының артуы жаһандану процесінің әсері. Яғни, қайыршылық та цифрланды. – Мұның пайдалы және зиянды жағы бар. Бұл шын мұқтаждар үшін тиімді болса, ал алаяқтардың көбеюі қарапайым халық үшін ажыратуға қиындық тудыруда. Құқық қорғау қызметкерлеріне де жалған жарлыларды анықтау оңай емес. Мұқтаж жан арнайы қайырымдылық жасайтын ұйым арқылы қайыр сұраса, нормаға сай болар еді. Ал кез келген адамның әлеуметтік желіде әркімге жазып қайыр сұрауы дұрыс емес, – дейді Шыңғыс Төрез. Әлеуметтанушының айтуынша, желіден жұрттың жаппай тіленшілікпен айналысуын масылдық, масылдық емес деп кесіп айту қиын. Нақты деректерге сүйенсек, темір тордың арғы жағында отырып та осындай жолмен ақша тауып, кәсіпке айналдырып алғандар да бар. Сондай-ақ әлеуметтік желіде мұқтаж жандардың атын жамылып, парақша ашып қайыр сұрайтын алаяқтар да кездеседі. Ал мұқтаждар өздері осылай қайыр тілесе оны масылдық деп атауға болады. Себебі қоғамның өзі соған жағдай жасап отыр.
Қайырымдылық қорлар қаптап кетті
Мұқтаждық пен масылдықтың ара-жігін ажыратудан қалып бара жатқанымыз жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Мемлекет басшысы енжарлықтың жарға жығатынын ескертіп, халықты осы әдеттен арылуға шақырған-ды. Бірақ, желіде онлайн қайыршылардың қаптауы бұрынғы жартастың әлі сол жартас екенін аңғартса керек.Үш жыл бұрын мұқтаж адамдар 24 пайыз еді, қазір бұл көрсеткіш 38 пайызға дейін көбейген. Өйткені жыл өткен сайын масылдық көбейіп барады. Үйде жатып интернетке кіріп елден қайыр сұрау адал еңбекке қарағанда әлдеқайда оңай болып тұр. Сәйкесінше желідегі жұрт та онлайн тіленшілерден шаршаған. «Харекет» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Мадияр Серікбаевтың айтуынша, халық жарлыларға көмек бергісі келсе, тек белгілі бір қайырымдылық қорларына жүгінуі керек. Себебі кәсіби тіленшілер қорларға бармайды. Шындығы әшкере болып қала ма деп қорқады. – Біздің қор сұраған адамның барлығына бірден көмектеспейді. Көмек сұраған азаматтың тұрып жатқан үйін тексереді, басындағы баспанасының бар-жоғын, қанша несиесінің барын анықтап әкімшіліктен анықтама алады. Қосымша ақпаратты көршілері мен мешіттерден де сұрайды. Осындай тексерістерден өткеннен кейін ғана біз шын мұқтажды анықтаймыз. Басында баспанасы болса да мұқтажбыз деп келіп, үй сұрайтындар болды,– дейді Мадияр Серікбаев. Дегенмен қазір аты бар да, заты жоқ қайырымдылық қорлары қаптап кетті. Интернетте қайырымдылықпен айналысамыз деп өз-өзін жарнамалайтын ұйымдарға сене беруге болмайды. Мұндай қайырымдылық ұйымдар салымшылардың сеніміне кіріп, ақшаны жымқырғаннан соң жабылып қалады екен. Кейіннен жаңадан және жаңа атаумен ашылып қайтадан алаяқтық әрекеттерін жүзеге асырады. Оның ғаламтордағы сайтының ақпары 2 беттен аспайды. Бұл жағдайда қайырымдылық қорлары туралы ақпаратты алдын ала тексеріп, күмәнмен қараған жөн. Өйткені елімізде қайырымдылықты бақылайтын жүйе мен арнайы мекеме жоқ. 2015 жылы 16 қарашада «Қайырымдылық туралы» заң қабылданды. Алайда заңда қайырымдылық жұмыстарын бақылаушы, жүйелеуші мекеме көрсетілмеген. Салдарынан шын мұқтаждар қайырымға жарымай, алаяқтар айласын асырып жүр. Айталық алматылық жалғызбасты әже Зияда Қалниязова шарасыздығын пайдаланып, «көмек көрсетеміз» деп алдап, жағдайын фото-видеоға түсіріп, артынша жоғалып кететін жастардың көп екенін айтады. – Көмектесеміз деген жастар жиі келеді. Қайырымдылықпен айналысатындарын, халықтан ақша жинап беретіндерін айтты. Менде шын шығар деп ойлап келісім бердім. Бірақ уәдесін орындап, екінші рет үйіме келген ешқайсы жоқ,– дейді Зияда Қалниязова.Интернет қайыршылық «эпидемиясы»
Еуропа мен Америкада онлайн қайыршылық мүлде басқаша сипат алып, бизнес деп танылатын деңгейге жеткен. Бұл жақта әлеуметтік желі арқылы ақша сұрау баяғыда ескірген, ол жақта қайыр сұрайтындар жеке сайт ашады. Оларды cyber-beggars деп атайды. Қазіргі кезде E-Panhandling, cyberbeg сияқты порталдар белсенді түрде жұмыс істеп тұр. Сайттарға кіріп қарасаңыз несие картасының қарызын өтеуге, пластикалық ота жасатуға, емделуге немесе оқу ақысын төлеуге, күйеуіне қаржылай тәуелді әйелдің ажырасуына, сондай-ақ фильм түсіру немесе альбом жазуға бірнеше центтен миллион долларға дейін сұрағандардың жазбаларынан көз сүрінеді. Тіпті, Билл Гейтстен де асқан бай болуға көмек сұрайтындар, су жаңа көлік алуға жәрдемдесуге шақыратындар да кездеседі екен. Америкалық Wired журналы кибер-тіленшілік сайтын ең алғаш ашқан адам – Карин Боснэк есімді телепродюсер екенін жазады. Ол 2002 жылы несиесін өтеуге қиналып, ақша сұрау мақсатында жеке сайтын ашқан. Нәтижесінде оған 13 мың доллардан астам ақша түскен, сөйтіп аз уақыт ішінде бар қарызынан құтылған. Содан бастап ол басқа онлайн тіленшілерді қолдаумен айналысқан. Нью-Йорк Таймс басылымы e-қайыршылық эпидемиясы осындай сайттардан басталғанын растайды және 2002 жылғы 23 маусымды онлайн тіленшіліктің туған күні деп санауға болатынын жазған. Сондай-ақ АҚШ-та қайырымдылық қорлардың жұмысын Салық комитетімен қатар Федералды тергеу бюросы, бизнес бюросы мен Ішкі кірістер қызметі бақылайды. Мұхиттың арғы жағындағы елде қайырымдылық қорын тіркеу де қиын. Ал біздің елдегі ережеге сәйкес, ұйымның мақсаты мен міндеті туралы жазылған хат пен басқаратын бірнеше адамның құжаты қажет. Көршілес Ресейде де бұл мәселе шешімін таппай отыр. Әлеуметтік желіде алдап кеткендер мен алданғандардың оқиғасы өріп жүр. «Экономика жоғары мектебі» зерттеу институтының мәліметінше, әрбір үшінші ресейлік қайырымдылыққа ақша бөледі екен. Ал олардың барлығы бүгінге дейін межелі жеріне жетпеген. Бұл тұрғыда да Ресей сарапшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қайырымдылық атын жамылған теріс ниеттілерге нүкте қоятын шаралардың қажеттілігін айтқан. Иә, интернет – қоғамның айнасы. Олай болса, интернеттегі жүгенсіздікті де реттейтін уақыт келді. Онлайн қайырымдылықпен айналысуды заң бойынша жүйелеп, қайырымдылық қорларын бақылайтын арнайы мекеме құру керек.