216 партиялық мониторинг тобы жұмысқа кірісті

216 партиялық мониторинг тобы жұмысқа кірісті

«AMANAT» партиясының Атқару­шы хатшысы Асхат Оралов бейнекон­ференция байланысы арқылы пар­тия­ның өңірлік филиалдарымен азық-түлік пен халық тұтынатын тауар­­­лар бағасының қымбаттау мә­се­­­лесіне қатысты кеңес өткізді. Осы аптадан бастап еліміздің барлық облыс және аудандарында 216 партиялық мониторинг және қадағалау тобы жұмысқа кірісті. Олар сауда нысандарын тексереді және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына мониторинг жүргізеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов мәлімдеді. Атап айтқанда, ол елдегі инфляцияның жедел өсуіне сыртқы факторлардан басқа, сауда жүйесіндегі делдалдар мен алыпсатарлардың айтарлықтай көбеюі ықпал еткеніне назар аударды. «14 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында тауарлар бағасын тұрақ­тан­дыру және азаматтардың табысын арт­тыру бойынша нақты міндеттерді белгіледі. Дегенмен мемлекеттік органдар қабылдаған іс-шаралар бағаның өсуін тежеуге толық көлемде ықпал етпейді. Бағаны жөн-жосықсыз көтеретін сатушылар тексеру уақытын алдын ала біліп отырады және олар мемлекеттік органдардан келетін тексерушілердің түрін таниды», – деді Атқарушы хатшы. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, маусым айында жылдық инфляция 14,5 пайызды құрады. Бір жыл ішінде ең көп қымбаттаған – азық-түлік тауарлары (17,9 пайыз). Азық-түлік емес тауарлардың бағасы 11,1 пайызға, ақылы қызметтердің бағасы 8,9 пайызға өсті. «Қоғамдық саясат институтының әлеу­меттік зерттеуіне сәйкес, қазақстандық­тардың 80 пайыздан астамы бағаның өсуіне алаңдайды. Бұл мәселе, әсіресе әлеуметтік осал топтар үшін өте өзекті. Біз осы жағдайды партияның барлық өңірдегі қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп түс­кен өтініштердің артуынан байқап отырмыз. Мәселен, жыл басынан бері әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерімен жүгін­ген­дердің үлесі 30 пайызға өсті. Осыған байланысты біз жергілікті жердегі нақты жағдайды анықтау үшін азық-түлік пен тауарлар бағасына мониторинг жүргізетін 216 арнайы топ құрдық. Қазірдің өзінде дүкен сөрелеріндегі бағалар мен мемлекеттік органдардың есептері бір-біріне сәйкес келмейді деуге болады», – деп атап өтті Асхат Оралов. Атқарушы хатшы мониторинг тобына тек партиялықтар ғана емес, сондай-ақ қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері, бизнесмендер, журна- листер мен тәуелсіз сарапшылар да кіре­тінін айтты. Жұмыс нәтижелері Парламент Мә­жілісінде және Үкіметте қаралады. Шығыс Қазақстан облысындағы жағ­дай туралы мониторинг тобының мүшесі, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Зоя Новолодская айтып берді. «Кешеден бері өңірде 84 сауда нысанына мониторинг жүргізілді. Жүргізілген талдау нәтижесінде әкелінетін көкөністердің (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) бағасын 19 пайызға көтеру фактісі анықталды. Мониторинг кезінде кәсіпкерлер сатып алу бағасын көрсететін құжаттарын ұсына алмады. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, аталған нысандар партиялық бақылауға алынды», – деді ол. Сондай-ақ жиын барысында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша экономика және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Омаров сөз алды. «Елордада картоп (10 872 тонна – 65 пайыз), сәбіз (2 938 тонна –76 пайыз), қырыққабат (1900 тонна – 49 пайыз), пияз (2695 тонна – 107 пайыз) сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бес ай тұтынуға болатын 30 пайыздық қоры жасалды. Бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан бағасын тұрақтандыру үшін меморандум аясында елорданың өңдеу кәсіпорындарына астық жіберілуде», – деді ол. «AMANAT»-тың Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысы Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, өңірде 18 партия­лық мониторинг тобы құрылған. «28 шілдеде аталған топтар облыстың 88 базары мен ірі сауда нысандарын аралады. Бағаның өсуін тежеу үшін облыста тұрақты түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылады, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша ірі сауда ұйымдарымен меморандумдар жасалады. Біз қазірдің өзінде 1467 үй маңындағы дүкендердің 1463-ін (99,7 пайыз) тексердік, бағаны негізсіз көтерудің 38 фактісі анықталды. Тиісті шаралар қабылдау арқылы бағалар 10-15 пайызға төмендеді», – деп атап өтті ол. «AMANAT» партиясында мониторинг жүргізетін топтар күн сайын жұмыс істейтіні айтылды. Аймақтардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өзгергеніне қатысты мәліметтің мән-жайы Партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралады. Өзгеріс анықталған жағдайда мәселені шешу үшін ұсынымдар әзірленіп, нақты мерзімі мен жауапты тұлғалар белгіленеді.