Иіске тұншыққан қала
Иіске тұншыққан қала
585
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы жылдары ауаның күкіртсутегімен ластану деңгейі жоғарылап, қолқаны қапқан иіс тұрғындарға жайсыздық туғызып отыр. Әсіресе, көктем мен күзде, жаздың жаңбырлы күндері қаланы жайлаған жағымсыз иіс кеңінен тарайды. Бұған Петропавл қаласының шетінде орналасқан биотоғанның әбден ластанғаны себеп. Осы су ай­дынына күн сайын қаланың 40 мың текше метрге жуық кәріздік қал­дық­тары құйылады. Мұнда пайда болған тұнба шөгінділері іріп-шіріп, аши бастаған. Отте­гі­нің жоқты­ғынан пайда болатын реакция нә­тижесінде күкіртсутегі пайда бола­ды. Қалаға жайылатын иіс – сол. «Көктемде қаламызды жа­ғым­сыз иіс жайлайды. Соның ке­сі­рінен далаға да шыққымыз кел­мейді. Кеудемізді керіп дем ала ал­маймыз. Әсіресе, кіш­кен­тай ұлым жиіркен­шек, сасық деп үйге қарай жүгіреді. Алайда те­резе ашсақ, пәтерімізді де жа­ғымсыз иіс жайлайды», – деп ша­ғымданды қала тұрғыны Гүл­дана Жайлыбаева. Петропавлдықтардың көп­шілігі бұл иістің қайдан шыға­ты­нын біл­мейді. Ал «Қызылжар су» ЖШС-ы осы мәселені шешу жол­дарын қа­растырып жатқалы бірнеше жыл­дың жүзі болды. «Су айдынын қалпына келтіру мәселесін бірнеше жылдан бері зерт­теп жүрміз. Мақсатымыз – кү­кіртсутегінің деңгейін азайту немесе мүлдем жою. Механи­ка­лықтан бас­тап биологиялық та­залауға дейін неше түрлі әдістерді зерттедік. Мә­селен, Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы Талдыкөл механикалық жолмен тазар­тылған болатын. Ресей Федера­циясынан бастап АҚШ ғалым­дары өндірген әртүрлі хи­мия­лық препараттарды да қарастыр­дық. Қалыптасқан жағдай эко­логияға кері әсерін тигізіп отыр­ғандықтан, бұл мақсатқа қаржы да бөлінді», – деді «Қызылжар су» ЖШС бас инженерінің орынбасары Ербол Нәбиев.

БАЛДЫРДЫҢ КӨМЕГІ

Түрлі әдістерді қарастыра ке­ліп, кәсіпорын биотоғанды био­логия­лық жолмен тазарту әдісін таңдап­ты. Бұл тәсіл қолданылмас бұрын Ре­сей, Жапония, АҚШ елдерінің тә­жірибесі зерделенген. Бағымызға қа­рай, Петропавл қаласында жұ­мыс­тың осы түрімен айналысатын «Су ғылыми-тех­нологиялық орта­лығы» бар екен. Кәсіпорын осы ор­талықпен ке­лісімшарт жасасып, биотоғанды тазалау жұмысын қолға алды. Үш жылға шақталған жоба­ның құны – 123 миллион теңге. Бүгінде бұл қаржы кезең-кезеңімен игерілуде. «Су ғылыми-технологиялық ор­та­лығы» ЖШС директоры Алек­сандр Рейбанд түсін­дірге­ніндей, бұл тәсіл бойынша суға хлорелла бал­дырлары жіберіледі. «Нәтижесінде, дафния деп ата­латын микроор­га­низмдер бө­лініп, суды тәулігіне екі рет сүзеді. Биотоғанға хлорелланың өте көп мөлшері қажет болды – 6 миллион литр шамасында. Себебі жо­ба басталған кезде биоматериал­дың қажетті көлемімен қамтамасыз ету қажет болды. 1 миллилитр су­ға 10-12 миллион жасуша бө­лінген кезде, оны төгіп, қайтадан құйдық. Жұмыс қыстыгүні де тоқ­таған жоқ. Қардың үстімен жү­ретін көліктерге бөшкелерді тір­кеп, мұзды ойып, хлорелла жібердік. Мұздың астына 19 тоннадай балдыр кетті», – деп түсіндірді кәсіпорын директоры Александр Рейбанд. Келісімшарт бойынша жоба аяқталған соң «Су ғылыми-тех­но­логиялық орталығы» бұл тех­но­ло­гияны «Қызылжар су» кә­сіпорнына тапсырмақ. Ол үшін қа­зірдің өзінде кәсіпорын ма­ман­дары үшін арнайы оқу курстары ұйымдастырылыпты. Кейін «Қы­зылжар су» ЖШС-ның аума­ғына фотобиореактор орнаты­лып, кәсіпорын мамандары өз қа­жет­тіліктері үшін хлорелла балды­рын өндіре алатын болады.

ҚАЙРАН ҚАРЖЫ

Кәріздік тазарту құрылғы­ларын қайта құру жұмыстары 2019 жылы тоқтап қалған себепті «Қызылжар су» кәсіпорны осын­дай амалдарды қолдануға мәжбүр. 2013 жылы басталған қайта құру жұмыстары ең соңғы – 4-ші ке­зеңге жетіп, шорт тыйылды. Сол­түстік Қазақстан об­лыстық эко­логия департаментінің бас­шысы Азамат Бектасов түсін­дір­геніндей, жоба түзетуге жіберілген. «Алайда жобалау-сметалық құжат­тама сараптамадан өтпей қалды. Одан соң республика бойынша ре­конструкциялау жұмыстарына мораторий жарияланды. Бүгінгі күні еліміздің 56 қаласы үшін мо­раторий алынып тасталды. Енді жоба сараптамадан өтуі тиіс. Одан соң қаржы бөлінуі қажет. Алайда облыстық бюджеттің қау­қары жетпейтін сияқты, барлығы респуб­ликалық бюджетке келіп тіреледі», – деп түсіндірді Азамат Бектасов. Жалпы, бұл жұмыстың бірін­­ші кезегі 2005 жылы басталған бола­тын. 2012 жылы үшінші кезе­ңі аяқ­талды. Ал 2013 жылы бас­тал­ған соң­ғы төртінші кезеңі аяқсыз қалды. Айта кету керек, бұл мақсатқа 2 миллиард 65 миллион теңге бө­лі­ніпті. Тапсырыс беруші – «Пет­ропавл қаласының тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, жолау­шы­лар көлігі және автомо­биль жол­дары бөлімі» мемлекеттік меке­месі. Осы бөлімнің жұмы­сы­на қа­тысты соңғы кезде көп сұрақ туын­дап жүр. Тіпті, облыс бас­шылығы оны жауып тынуға дейін бар. Бұл мекеменің қолға алған шаруасының көбі аяқсыз қалып, қаржыға келіп тірелуде. Қала тұрғындарының кей­бі­реулері сол реконструкцияның қа­жеті де жоқ деген пікірде. Мә­селен, «Біздің шенеуніктер көп қаржыны қажет ететін қымбат жобаларға әуес. Шын мәнінде, миллиардтаған қар­жыны үнемдеп қалуға болушы еді. Хлорелла қол­данылатын тәсілді не­ге жүзеге асырмасқа? Әрі арзан, әрі тиім­ді», – дейді Петропавл тұр­ғыны Роман Чудинов. Бір әттеген-айы – биоло­гия­лық тазарту бірден нәтиже бер­мейді. Оның «қызығын» петро­павлдықтар келер жылы ғана көре бастамақ. Әзірге күлімсі иіс­ке мойынсұнып, шыдай тұруға тура келеді.