Ерікті болып ел аралайды
Ерікті болып ел аралайды
884
оқылды
Ағылшын тілін білу деңгейін көтеріп, бойында бұғып жатқан көшбасшылықты оятып, елдегі және шетелдегі өзі құралпы ұл-қыздармен бірге әлеуметтік проблемаларды шешетін жобалармен айналысып, тіпті керек десеңіз, шетелде волонтер болуға немесе тағылымдамадан өтуге кез келген жас қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Beimalim алаңында өткен AIESEC және Khan Academy Qazaq жобаларының өкілдерімен кездесу барысында осыған көз жеткізіп қайттық. AIESEC — әртүрлі елдердің өкілдері арасында өзара алмасу арқылы жастардың көшбасшылық қабілетін дамытумен айналысатын, 1948 жылы құрылған ірі халықаралық ұйым. Оның Қазақстандағы филиалы 2007 жылы құрылған.
«Біздің ұйымда әртүрлі департамент бар. Оның бірі маркетинг мәселелерімен, бірі бизнесті дамытумен, бірі шетелдік жастарды қабылдаумен, енді бірі волонтерлерді шетелге жіберумен айналысады. Шетелге шығып, белгілі бір салада тәжірибе жинағысы келген, жасы 30-ға дейінгі кез келген қыз-жігіт бізге келіп, өзінің бойында бар дағды-машықтарын айтса, біз AIESEC-тің жер-жердегі филиалдарымен хабарласып, тура сол дағдыларды қажет ететін шетелдік компанияларды қарастырамыз. Ол жақта жұмысының, жалақысының, жатар жерінің, тамағының дұрыс болуын қадағалап отырамыз», – дейді AIESEC сыртқы тағылымдама және ұйымдастыру комитетінің сыртқы байланыстар жөніндегі менеджері Жансая Маханова.
Тағылымдамалар 6 аптадан 1 жарым жылға дейін созылады. Сіз Африка елдеріне барып, ағылшын тілі не сурет пәнінен сабақ беруіңіз немесе Аустралиядағы жойылып кету алдында тұрған тасбақаларды күтіп-бағуға көмектесуіңіз мүмкін – әйтеуір, сіздің қолыңыздан қандай дүние жақсырақ келеді, сол қабілетіңізді паш ете алатындай жұмысқа орналасасыз. Work and Travel деген кейбір бағдарламалардағыдай, сізге жұмыс тауып бергені үшін ұйым ақы алмайды. Сізден талап етілетіні – жұмысыңызды тиянақты істеп, уақыты келгенде елге оралу. Қазіргі күнге дейін 3 мыңнан астам қазақстандық осы бағдарлама аясында шетелде тағылымдамадан өтіп келген. Ал жұмыс істегіңіз келмесе, ел-жер көретін мәдени волонтер ретінде де AIESEC-ке жүгінуіңізге болады. Онда бірақ барлық шығыныңызды өзіңіз өтейсіз.
«Біз мұнда тегін жұмыс істейміз. Тағылымдамадан бөлек, әртүрлі әлеуметтік жобалармен де айналысамыз. Іс-шараларға демеушілер мен серіктестерді өзіміз табамыз. Мысалы, бүгінде демеуші тауып, жаз бойы елордада «SOS Generation» әлеуметтік жобасын жасап жатырмыз. Онда балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған әртүрлі тақырыптағы шеберлік сыныптарын өткіземіз», – дейді Жансая Маханова.
AIESEC-тің Top Talents атты екі апталық жобасы да бар. Бұл кейс-чемпионатта бакалавриат пен магистратура студенттері бизнес-кейстерді шешу арқылы танымал компаниялардың көзіне түсуге мүмкіндік алады.  width= Беделі жағынан осы ұйымнан кем түспейтін тағы бір жоба – Khan Academy Qazaq. Бұл – әлем бойынша 36 тілде ондаған миллион адам қолданатын Khan Academy білім беру платформасының қазақстандық нұсқасы. Әдетте мектеп оқушылары сабақта қандай да бір тақырыпты дұрыс түсінбей немесе мұғалімнен сұрауға ұялып, мұның соңы сол пәндегі қиындықтарға алып келе жатады. қолданатын Khan Academy платформасында әртүрлі пәндердегі тақырыптарды егжей-тегжейлі түсіндіріп беретін видеолар жинақталған. Жобаның негізін Назарбаев университетінің студенттері қалаған. Солардың бірі Әсем Сарыбекова осы идея қалай келгені жайлы былай дейді:
«Университетке қабылдау емихандарына дайындаларда YouTube желісіндегі Khan Academy арнасының видеоларын қарайтынмын. Бірақ оның бәрі ағылшын тілінде еді. Қазақтілді балалар осыншама тамаша академиялық контентке қол жеткізе алмайтыны жаныма батып, көп ұзамай әріптесім Айсұлу екеуміз платформаның авторларына хабарластық. Бір айдан соң платформаның қазақша нұсқасын жасауға ресми рұқсат алдық».
НУ студенттері содан бастап волонтерлер іздеуге көшкен. Ағылшын және қазақ тілдерін жетік білетін, аудармаға тілі жатық әрі академиялық контентті жақсы түсінетін оқушылар мен студенттерді тартып, платформадағы видеоларды қазақшалауға кіріскен. Бүгінде YouTube-тағы Khan Academy Qazaq арнасында математика, физика, биология және компьютерлік бағдарламалау пәндері бойынша қазақша 739 видео бар.
«Мен Венгрияда оқып жүргенімде, ағылшын тілімді үнемі жетілдіріп, дамытып отыратын платформа іздей бастадым. Сол кезде осы Khan Academy Qazaq арнасына волонтер болып, өзі мамандығым биология пәнінен академиялық контентті ағылшын тілінен қазақшаға аударуды шештім. Жұмыс оңай емес. Бірақ аудару арқылы бір жағынан ағылшын тілімді, екінші жағынан пән бойынша білімімді дамыта алдым. Бүгінде жоба пәндерінің волонтерлерін басқарамын. Аударма жасайтын волонтерлерді табамын, олардың жұмыстарын тексеремін», – дейді Khan Academy Qazaq өкілі Гүлсамал Асқарова.
Айта кетейік, Khan Academy білім беру ұйымын 2008 жылы MIT және Гарвард түлегі Салман Хан құрған. Ондағы мақсаты – әлемдік кластағы тегін білімге барлық баланың қолын жеткізу болған. Жоғарыдағы екі жобаның да өкілдерін тыңдаған соң, біздің жеткіншектер осындай пайдалы жобаларға жақын жүрсе, игілігін көрсе, оқыса, дамыса, биікке ұмтылса деп тіледік. Болам деген балаға бұл күнде шынымен мүмкіндік көп.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ