Кеңес қызметіне көңіл бөлінсе...
Кеңес қызметіне көңіл бөлінсе...
Коллаж: Елдар Қаба
554
оқылды
Соңғы жылдары елімізде ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балаларға айрықша көңіл бөлініп-ақ жатыр. Оларды оқыту, әлеуметке және қоғамға бейімдеу – ұстаздар қауымының ғана емес, тұтас мемлекет алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі. Соған қарамастан психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің жұмысын сауатты ұйымдастыруға тиісінше көңіл бөлінбей келе жатқаны жанға батады. Кеңес қызметін жетілдіре түсу үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Мәселен, Солтстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласындағы мұндай кеңес беру орындары 84 мың балаға шақталған. Соның салдарынан кезек көп. Өкінішке қарай, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны жылдан-жылға артып барады. Ал оларға қызмет көрсететін мамандандырылған ұйымдардың жұмысына қатысты заңнама нормалары әбден ескірген. Мәселен, қолданыстағы заңнама бойынша елімізде осы жылдың 11 шілдесіне дейін 60 мың балаға бір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес қызмет көрсетуі тиіс болған. Қазіргі норматив бойынша қызмет алу шылардың саны 50 мыңға дейін қысқарған. Салыстырмалы түрде айтсақ, шетелдерде 7 000 балаға осындай бір орталық жұмыс істейді. Олар бір балаға тиісінше 3-4 сағат көңіл бөліп, бірнеше рет қабылдай алады, тіпті есейгенше толыққанды кеңес беруі мүмкін. Ал Солтүстік Қазақстан облысының орталығы мен бес ауданына қызмет көрсететін осындай кеңес 84 мың балаға ғана арналған! Бұл бір орган үшін тым үлкен жүктеме. Ал қосымша мекеме ашуға бала саны жеткіліксіз. Соның салдарынан мұндағы балалар 2-3 ай бойы өз кезегін күтуге мәжбүр. Қазір 238 бала комиссияның қабылдауын күтіп жүр. Ал ауытқушылықты неғұрлым ерте бастан анықтап, түзету шараларын уақытылы қолға алған абзал. Сонда ғана түзету ісінен нәтиже болмақ. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейік, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес дамуында ауытқушылық бар балаларды оқыту түрін анықтайды. Бұл кеңес баланың медициналық емес, тек педагогикалық жағдайын ғана анықтай алады. Мәселен, аталған кеңеске биыл мамыр айының басында жазылған Петропавл қаласының тұрғыны Нұржан Тағаниязовтың кезегі шілденің соңында ғана жетіпті.
«Осы кезең ішінде біз біршама уақыт жоғалттық. Дәрігер мамандардың берген кеңесі ескіріп қалды. Мұншалықты ұзақ мерзім ішінде баланың денсаулық жағдайы нашарлауы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, кеңес мамандарының көмегіне уақытылы жүгіне алмаймыз», – деді Нұржан Миржанұлы.
Оның үстіне, өз баласы қазақ тілінде сөйлейтінін алға тартып, кеңес мамандары өзімен орысша сөйлескен кезде сәби қысылатынын да жасырмады. Соның салдарынан мамандар қателесуі де ғажап емес.   КЕҢЕСТІҢ ДЕ, КАДРДЫҢ ДА ЖҮКТЕМЕСІ КӨП Солтүстік Қазақстан облысының Білім басқармасына қарасты облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесінің басшысы міндетін атқарушы, педагог-психолог Елена Мащенко да тіркелген балаларға тиісті мерзім ішінде қызмет көрсетіп үлгере алмайтынын мойындады.
«Балалардың саны тым көп болғандықтан, біз бұл мерзімді сақтай алмаймыз. Кеңестің штатында 7 адам жұмыс істейді, одан артық маман қабылдай алмаймыз. Олар балаларды жеке-жеке қабылдамайды. Психолог, логопед, әр бейінді дефектологтар, сурдолог, тифлопедагогтан құрылған комиссия қабылдап, қорытынды шығарады. Мамандардың жұмыс уақыты аптасына 24 сағат. Қосымша жұмыс, семинар, түрлі оқуға қатысуға біздің қызметкерлер жеке уақытын шығындайды. Кезекті азайту үшін екі-үш еселенген штат қабылдау мүмкін емес», - деп түсіндірді Елена Николаевна.
Барлық педагогтар сияқты 54 күнге еңбек демалысына шығатын кеңес мамандары бүгінде кезекпен ғана демалатын болған. Ондай кездері 2-3 білімі бар мамандар бірін-бірі алмастыратын көрінеді. Осылайша, жүктемеден тыс 34 мың бала болғандықтан, кеңес мамандары да шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатқан жайы бар. Кезекті азайту мақсатында олар аудандарға барып, ауыл балаларын сонда тексереді. Әр маман бір жарым мөлшерлемемен жұмыс істеп жүр. Яғни, әрқайсысының мойнында 24 емес, 36 сағаттық жүктеме. Мұнда әр балаға бір сағат уақыт бөлінеді. Мұның барлығы нормативтік құжаттармен реттелген. Қажет болған жағдайда балалар 3-4 ретке дейін шақырылуы мүмкін. Дәл осы кеңес Петропавл қаласына қоса, Қызылжар, Аққайың, Мамлют, Мағжан Жұмабаев және Жамбыл аудандарының 18 жасқа дейінгі балаларына қызмет көрсетеді. Әзірге облыс бойынша осындай ұйым саны үшеу ғана болып тұр. Атап айтқанда, мұндай орган Сергеевкада, Талшықта және облыс орталығында қызмет көрсетеді. Барлық әлемде ерекше білім беруге қажеттіліктері бар бала саны популяцияның 2-3 пайызын құрайды. Бірақ бізде қазір әртүрлі басқа ауытқушылықтарға ұшыраған балалар саны артқандықтан, кеңеске жүктеме көбейген. AMANAT партиясы Солтүстік Қаза стан облыстық филиалы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Жәкенов бұл ретте кеңес көмегіне мұқтаж бала саны шын мәнісінде 10 пайыз болуы мүмкін, сондықтан штатқа тағы 3-4 бірлік қосу қажет деп есептейді.   ӘЛЕУМЕТТІК МЕКТЕП КЕРЕК AMANAT партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен шағымдардың арасында кеңеске қатыстысы да жетіп артылады. Мәселен, көпбалалы ана Оксана Подколзина ерекше білімді қажет ететін баласын жаздың басында психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңеске тіркелгенімен, кезегі 9 қыркүйекте, яғни оқу жылы басталып кеткеннен кейін ғана жететініне алаңдайды. Осы тектес жүктеменің саны артқанына байланысты өткен білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің көшпелі отырысында облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес басшысының міндетін атқарушы, педагог-психолог Елена Мащенко мән-жайды түсіндірді.
«Мектептердің балалардан кеңес қорытындысын талап етуге құқығы жоқ. Әр мектепте психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі жұмыс істейді. Олар І тоқсан бойы өз бетінше жұмыс істей алады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар баланы анықтап, жеке бағдарлама құрастырады, педагог-ассистент пен қажетті мамандарды белгілейді. Егер бұл қызметтің жұмысы нәтижесіз екені анықталса ғана кеңеске жолдайды. Бұл жерде тек мамандардың біліктілігі туралы сұрақ туындауы мүмкін. Өкінішке қарай, мұндай мәселе кез келген ұйымда бар», - деп түсіндірді Елена Николаевна.
Елімізде психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестер 1993 жылы ашыла бастаған. Оған дейін қажетінше уақытша комиссиялар ғана құрылып келген болатын. Бүгінде психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңеске сұраныс артқан.
«Кеңес қызметіне сұраныс әлі де жоғары. Экологиялық жағдайға, интернетке байланысты ауытқушылық көп. Әлеуметтік интеллекттің бұзылуы деген ресми емес атауға ие ауытқушылыққа ұшыраған балалар да бар. Осының бәрін ескерсек, заңға өзгеріс енгізіліп, жүктеме 50 мың балаға дейін азайтылғанының өзі жағдайды түзей алмасы анық», – дейді педагог-психолог Елена Мащенко.
Облыстық Білім басқармасының әдіскері Елена Балтинаның айтуынша, балалар өз кезегін жарты жылдап, бір жылдап күтетін қалалар бар екен. Олармен салыстырғанда, Петропавлдағы жағдай әлде қайда жақсырақ болып саналатын көрінеді. Солтүстік Қазақстан облысындағы тағы бір мұқтаждық – әлеуметтік мектеп мүлдем жоқ. Барлық әлемде жұмыс істеп тұрған ерекше балалар мен ата-аналарды мұндай әлеуметтендіру мектептері солтүстікқазақстандықтар үшін арман ғана. Сондай-ақ бұл саладағы кадр тапшылығы қинап тұр. Дефектолог, логопед сияқты мамандар даярланғанымен, жас мамандар ерекше балалармен және олардың ата-аналарымен жұмыс істегеннен гөрі тырнақ бояу, кірпік өсіру сияқты сұлулық индустриясындағы жұмысты көңілі қош көреді екен. Петропавлдағы түзету кабинетінде үш жыл ішінде жұмысқа орналасқан жас мамандардың екеуі ғана тұрақтап қалыпты. Солтүстік Қазақстан облысында 2024 жылы төртінші кеңес жұмысқа кірісуі мүмкін. Әзірге барымызбен базарлай тұруға тура келеді.