Оразкүл Асанғазықызы: Тілді сақтау – ұлтты сақтаудың кепілі
Оразкүл Асанғазықызы: Тілді сақтау – ұлтты сақтаудың кепілі
920
оқылды
Бүгін қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қызметкерлерімен кездесті. Кездесу «Тіл құбылысы: ұлттық мазмұны және мемлекеттік мәртебесі» атты тақырыпта өтті. Қоғам қайраткері министрлік қызметкерлеріне ана тіліміздің маңызы жайлы түсіндіріп, мемлекеттік тілді дәріптеудің жолдарын талдап берді. Аталған жиын мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, ұлттық құндылықтарымыздың негізі ретінде ана тілімізді құрметтеу, мемлекеттік тіл саясатын қолдау мақсатында өтті. Шараны өткізуге “AMANAТ”партиясы да атсалысты. оразкүл Кездесуде бастан-аяқ оқу-ағарту ісінің үздігі Оразкүл Асанғазықызы мемлекеттік тілімізді дәріптеу, оның мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын кеңейту турасындағы арнайы баяндамасымен бөлісті. Сөз басында тіл жанашыры «Жаңа Қазақстанды» құру жолында тілімізді жаңа деңгейге шығарудың маңызы зор екеніне тоқталды.
«Биыл 150 жылдығын тойлап отырған Ұлт ұстазы, ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынұлы айтады: «ұлттың сақталуының да, жоғалуының да негізгі себебі – бұл тіл». Сондықтан қазақ деген ұлт осынша ғасыр келе жатқан кезде оның ары қарайғы дамуы оның мемлекеттік тіліне байланысты. Балаларын орыстілді сыныпқа беріп, өздері отбасының тілін орыс тілі жасап жүрген азаматтардың арам ойынша қазақ тілі – бүгін бар, ертең жоқ. Қазақ тілі – ондай тіл емес және ондай болмайды да. 1991 жылы қазақ тілі әлемде 168-орында болса, 30 жылдың ішінде әуелі бір Алланың, екіншіден, дұрыс саясаттың, үшіншіден, қазақтың алтын құрсақ аналарының арқасында біз 70-орынға көтерілдік»,- деп тоқталып өтті Оразкүл Асанғазықызы.
Сондай-ақ ол бүгінде әрбір мемлекеттік орган қазақ тілінде ойлана алатын, сауатты жаза алатын мамандарды жұмысқа алуы керек екенін айтты. Сонда ғана мемлекеттегі заңнан бастап кез келген құжат сауатты жазылып, құрастырылатынын атап өтті.
«Лингвистер айтады: «қазақ тілі – бай тіл, бейнелі тіл, әуезді тіл». Сондықтан қазақтың тілінің де, мәдениетінің де, әдебиетінің де ешкімнен кем жері жоқ. Қазақ тілінің байлығын рет-ретімен қойған Ахмет Байтұрсынұлы»,- деді қоғам қайраткері.
Оразкүл Асанғазықызы өрке­ниет­ті әлем бірнеше тілде сөй­ле­й­тінін, бі­рақ өркениетті әлем ал­ды­­­мен өзінің тілін құрмет­тейтінін қадап айтты. Әлемдегі алдыңғы қатарлы тіл өкілдерінің ана тіліне деген құр­­меттері біздікі сияқты дек­­ла­­ра­тивті түрде емес, нақ­ты қол­­данылуында. Яғни, тіл­дің ең басты шарты – оны қол­дану. оразкүл Осы орайда ол британиялық лингвист Дэвид Кристалдың мына сөзін мысалға келтіріп өтті:
«Тіл жойыларда қостілділік пайда болады. Екі тілді ерткен екі мәдениет өзара шайқасқа түседі. Ақырында жеңімпаз мәдениеттің тілінде сөйлеушілер көбейеді. Ал жаңағы жеңіліс тапқан шағын мәдениеттің тілінде сөйлеуден басқа емес, өзінің жас ұрпағы ұяла бастайды. Ана тілінде сөйлеуге қысылатын сол ұрпақ та «жеңімпаз мәдениеттің» аяғына жығылады. Аға ұрпақ – ата-ана қанша әуреленсе де өз балаларына ана тілін үйретуге шамалары жетпейді. Ең өкініштісі де – осында».
Жаһандану біздің тұрмы­сы­мызға, жалпы өмірімізге тілдік-саналық деңгейде енеді, яғни оның ең басты көрінер тұсы да – тіл. Осы ретте тіл жанашыры ағылшын тілін бе, басқа қажетті тілді ме үй­ре­ну за­ман­ның талабы болғанымен, ол өз тіліңнен безі­ну емес екенін тілге тиек етті. Кездесу соңында министрлік қызметкерлерімен сұрақ-жауап та ұйымдастырылды. оразкүл Осылайша, Оразкүл Асанғазықызы тіл мәселесіне, ұлттық тәрбие, ұлттық намыс мәселесі жайлы өткір ойларымен тыңдаушыларды елітіп, сергітіп, серпілтіп жіберді.