4 жылға сотталды
4 жылға сотталды
579
оқылды
Былтыр Қарағанды қаласындағы Constellation қонақүйінің шатырынан экстремалды секіруден кейін 34 жастағы Евгения Леонтьева қайғылы қазаға ұшыраған болатын. Жақында Қазыбек би аудандық сотында судья Манат Жұмақаева Fly Kazakhstan әуе компаниясының нұсқаушысы Александр Музникасқа осы іс бойынша үкім шығарды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі колонияда өтейтін болды. Айыпталушыға Қылмыстық кодексі 306-бабының 3-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету» бойынша айып тағылды. Бұған дейін прокурор Александр Музникасты 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Нәтижесінде, сот оны 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздіктегі колонияда өтеу жазасына кесті. Сондай-ақ сот Музникасты марқұмның анасына 2 миллион теңге, ал күйеуіне 4 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді. Олар оған 3 ай уақыт берді. Осыдан кейін талапкерлер моральдық шығынды күшпен өндіре алады.
– Сот үкімімен Александр Музникас кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза өтеу мерзімі нақты ұстаудан, яғни 2021 жылдың 11 қазанынан бастап есептеледі, – деді судья.
Манат Жұмақаева соттың үкім шығаруына не түрткі болғанын түсіндірді. Сот жәбірленушінің жеке басын, оның процеске дейінгі және процестегі мінез-құлқын, сондай-ақ А. Музникастың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын және қылмыстың абайсызда жасалғанын ескерді. Қорғаушы тараптың Александр Музникас Fly Kazakhstan әуекомпаниясында жұмыс істемеген, жай ғана көмектесті деген уәждерін сот негізсіз деп тапты. Соттың айтуынша, Музникас қызметке кірісіп, нұсқаушы міндетін атқарған. Шынында, еңбек қатынастарының рәсімделмегені жұмыс берушінің кінәсі. Ал серіктестік басшысы Еңбек кодексін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылуы керек. Іс бойынша заттай айғақтар сотта қалады. Fly Kazakhstan компаниясының басшысы Илья Ильичевтің Ресейде тұратыны анықталды. Оның Қазақстанға экстрадициялануы туралы әзірге ақпарат жоқ. Дегенмен тергеу жүріп жатыр. Марқұм қыздың туыстары сот үкіміне наразы. Олар осы бап бойынша ең ауыр жазаны (8 жылға бас бостандығынан айыру – автор) талап етті.
– Шынымды айтсам, апелляциялық шағым түсіргім келеді, бірақ оның мәні жоқ деп ойлаймын. Ешқашан сотқа тартылмаған. Бірақ сот үкіміне көңілім толмайды. Біз 4 жыл емес, 8 жыл сұрадық. Оның немқұрайлылығы мен салғырттығы осыған әкелді. Ол өзінің қауіпсіз екеніне сенімді болмады. Оның кінәсі 100 пайыз деп есептеймін, – деді сотта марқұмның күйеуі.
Сондай-ақ марқұмның күйеуі Fly Kazakhstan фирмасының иесі Илья Ильичевтің сотына қатысуға ниетті екенін атап өтті. Ол оны әйелінің өліміне кінәлі деп санайды. Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған жарияланған күннен бастап 15 күн ішінде шағым жасауға және наразылық білдіруге болады.