Бүгінде корей халқының өмірі мен мәдениеті әлемдік өркениеттің көш басында тұр. Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Қазір жасөспірімдердің арасында дорама көрмейтіні, корей косметикаларын тұтынбайтыны, корей асханаларынан тамақ ішіп, k-pop әндерін тыңдамайтыны кемде-кем. Ендеше ғылымда Hallyu деп аталатын «корей толқыны» біздің өміріміздің айнымас бір бөлшегіне айналып үлгерді.
«Корей толқыны» феномені 90-жылдары Оңтүстік Корея жерінен бастау алған. Ол, ең алдымен, Қытай мен Тайваньға әсер етті. Содан біртіндеп Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне тарап, бүгінде дүниежүзіне танылды. «Корей толқыны» құбылысының мәні – корей елінің поп-мәдениетін, атап айтсақ киносын, телехикаясын, музыкасын, тағамын, киімін, жауынгерлік өнерін дәріптеу. Батыс әлемі «Корей толқынын» феномен ретінде қарастырып, талдай бастағанына біраз болды. Бастапқыда бұл құбылысты мәдениеттанушылар мен киносыншылар «уақытша мәдени науқан» деп бағалаған. Алайда жыл өткен сайын қарқыны қатты «корей толқыны» күшейіп, сарапшылардың қателескенін дәлелдеді. «Халлю» жаңа белестерді бағындырып, корей мәдени экспорты ұзақмерзімді даму жолына түсті. Тіпті, Корея Республикасы елдегі өндірісті, Samsung, LG секілді ірі компанияларды бастапқыда қалай қолдаса, мәдени революцияны да өзінің қамқорлығына алған. Сол алпауыт бизнестерге елдегі «поп» мәдениетті дамыту, қаржылай қолдау сеніп тапсырылған көрінеді.
КИНОДАН МОЛ КІРІС
«Көрермендерді неге корей телехикаялары қызықтырады?» деген сұрақ қоғамда жиі талқыланады. Мұның себебін мамандар, корей телехикаяларында атыс-шабыс жоқ, саяси мәселені көтермейді, кішісі үлкенді сыйлайды, қыз-келіншектері ашық-шашық киінбейді десе, этнограф-ғалымдар қазақтар мен корейлердің дәстүрлі мәдениеті мен өмірге көзқарасы ұқсас екенін айтады. Тіпті, отандық кинотанушылар корей кинодраматургтері туралы сөз болғанда, көркем фильмнің сценарийін өмір шындығына барынша жақын етіп жазады, үлкенді сыйлау, кішіге ізет, досқа адалдық дейтін адами қасиеттерді жағымды да шынайы көрсетеді деп бағалайды.
– Корей мәдениеті ғаламдық феноменге айналды. Корей эстетикасы: перформанс, режиссура, драматургия, актерлік ойын, операторлық өнер, дыбыс режиссурасы, монтаж өнері, суретшілік, костюм мен мейкап, яғни креативті индустрияның барлық аспектісі сапалы жасалады. Сондықтан да визуалды тұрғыдан тартымды ғана емес, экспрессивті, әсерлі. Көтерілетін тақырыптарын қараңыз, ескі жүйемен күрескен батыр қыздар болсын, заманауи бай мен кедейдің арасындағы тартыс болсын, өзінің кім екенін білмей күмәндану, тамырына үңілу болсын, бірнеше буынға жалғасқан травмаларды игеру болсын – бәрі адамзатқа тән мәселелер, – дейді киносыншы Әсия Бағдәулетқызы.
Оның айтуынша, корей дорамаларында көрсетілетін кейіпкерлер арасындағы эмоционалды байланыс күшті. Әркім өзінің виртуалды әлеміне сүңгіген, фрагменттелген, адамдар арасы ажырай бастаған бүгінгі дәуірдің адамы өз өміріне жетіспеген күшті эмоцияларды кино кейіпкерлерінен алады. Тартымдылықтың бір сыры осында.
Сонымен қатар Оңтүстік Корея «халлюмен» байланысты тауарды экспортқа шығару арқылы жылына миллиондаған доллар қаражат табады екен. Бұл ел экономикасына айтарлықтай оң өзгеріс әкелетіні айтпаса да түсінікті. Мысалы, орта есеппен Кореяның ішкі нарығында мәдени өнімдер 100 млрд долларға сатылса, экспортқа шыққан мәдени контент 12-15 млрд долларды құрайды. Мәдениеттанушы Сәния Баженееваның пікірінше, Корей дорамаларында маркетингтік жарнама көп. Мысалы, бір ғана «Кальмар ойыны» арқылы олар өздерінің соңғы шыққан смартфондарын жарнамалаған. Оны көріп отырған адам ол телефонға міндетті түрде қызығады.
– Жалпы, корей косметикалары, ұлттық тағамдары мен мәдениеті осы дорамалар арқылы тарап отыр. Қазір Кореяда пластикалық медицинаға деген сұраныс жоғары. 90-жылдары Кореяға тек 100 мыңдай турист барса, қазір миллиондаған турист барады. Олар пластикалық операция жасатқаннан бөлек, тек концерт көру үшін, дорамаларды түсірген жерлерді тамашалау үшін келеді. 2010 жылдан бері корей феномені бүкіл әлемді жаулай бастады. Оңтүстік Кореяның жүргізіп отырған саясаты – жұмсақ күш саясаты. Яғни, өзінің сүйкімді, жағымды имиджін қалыптастыру арқылы жеке мүддесін басқаға тықпалайды. Ол саяси немесе экономикалық мүдде болуы мүмкін, – дейді Сәния Баженеева.
«К-РОР» -ты ӘЛЕМ ТЫҢДАЙДЫ
Корей елінің киносын сөз еткенде «К-рор» өнерінен аттап кете алмаймыз. Жастардың сұранысын арттырған музыкалық жанрдың құпиясы барлығына қызық. Жалпы, бұл музыкалық эволюция – «корей толқынының» негізгі тамыры. Бүгінде дүниежүзінде 100 мыңға жуық фан-клуб ашылып, тыңдарман жинаған. Алғашында тек музыкалық жанр ретінде пайда болған «K-pop» көп ұзамай әлем жастары арасында үлкен танымалдылыққа ие болып, оңтүстіккореялық сән мен стильге еліктеген жастардың субмәдениетіне айналып үлгерді. Соңғы кезде қазақ жастарының арасында «K-pop»-қа негізделген Q-pop жанры пайда болды. Осыдан 20 жыл бұрын қазақ эстрадасына жаңалық болып енген «Орда» тобы ның бағыты k-pop жанры болатын. Сәні мен әні үйлесім тапқан топтың бағытын алғашында ешкім түсінген жоқ. Уақыт өте келе көрермен көзі үйреніп, қоғам қабылдап, тыңдарманы көбейді. Бүгінде топ тарқаса да, жігіттердің дені өнерден ұзаған жоқ. Араға 15 жыл салып, Ninety One тобы қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. «Орданың» өнерін жалғап, жоғарыда айтып кеткен субмәдениет қалыптастырды. Осылайша, «Орданың» экс-солисі Ерболат Беделхан шығыс мәдениеті болғанымен, өзіміздің менталитетке сай, көзқарасқа қайшы келмейтіндей жаңа жанр ойлап тапты. Q-pop, яғни Qazaq pop жанры дүниеге келді. Бүгінде қазақ эстрадасында 20-дан астам музыкалық топ Q-pop бағытында жұмыс істейді. Аға буын өкілдері әлі күнге дейін ұлттық дүниемізге жат деп дабыл қақса да, «корей толқынына» деген жастардың ықыласы мен сұранысы азайған емес. Тіпті, осы жазда АҚШ президенті Джо Байден Ақ үйде «K-pop» жанрының королі атанған, танымал BTS тобын қабылдады. Ендеше «корей толқыны» мәдениет экспортынан бөлек, әлемдік саясатқа да ықпал етіп жатқаны сөзсіз.
P.S. Қазір қазақ хандарының кім екенін білмесе де, корей актерлерінің атын жатқа айтатын, олардың өмірін үнемі назарда ұстайтын буын өсіп келеді. Тіпті, қоғамда дорама актерлеріне ессіз ғашық болатын қыз-келіншектер де бар. Корей киноларына деген әлемнің ықыласы «Оскар» сыйлығын иеленген «Паразиттер» киносынан кейін ерекше байқалды. Ал былтыр жарыққа шыққан «Кальмар ойыны» сериалының әсерінен АҚШ-та корей тілін үйренетіндердің саны бірден 40 пайызға артыпты. Ол аз десеңіз, 2021 жылы ағылшын тілінің Oxford сөздігіне 26 корей сөзі еніпті. Қазақстанда да корей тілін үйренгісі келетін жастар саны артып келеді. Бұл да корей толқынының бір мысалы.