Абай Құнанбайұлының туған күніне орай бүгіннен бастап қандай мәдени іс-шаралар өтеді?
Абай Құнанбайұлының туған күніне орай бүгіннен бастап қандай мәдени іс-шаралар өтеді?
Фото: bilimdinews.kz
1,242
оқылды
Семейде Абай күні өтеді. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде 10 тамыз – Абай күніне орай іс-шара өтеді, – деп хабарлады inform.kz. Бүгін 15.00-де Абай облыстық Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайында қос музейдің бірлескен «Ұлылар үндескенде» (вернисаж) көрмесі ашылады. 9 тамыз күні сағат 10.00-де облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында «Барлық даналық кітапта» атты әдеби экспозициялар топтамасы өтеді. Онда «Абай әлемі» бірегей басылымдар кітапханасы», «Қазақ даласының ұлы перзенті», « Ғасырлар үндестігіндегі рухани мұра» топтамалары ұсынылмақ. 10 тамыз сағат 11.30-да «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» гастрольдік сапары Семейде басталады. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған «Әуезов әлемі» атты дөңгелек үстел отырысы өтеді. Сондай-ақ «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымы жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездеседі. Шығармашылық ұжым құрамында «Қазақконцерттің» солистері – Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Раушан Оразбаева, Азамат Жалтыркөзов, Медет Шотабаев, Салтанат Ахметова, Жанна Орынбасарова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият, Ардақ Елеусіз, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Дарын Құдайберген, Әлібек Әлмадиев, Әйгерім Алтынбек, Гүлсім Мырзабекова, Дидар Әбдіхалық бар. Бұдан бөлек, баспасөз мәслихаты мен «Ұлы дала – Ұлы Абай» гала-концерті жоспарланған. 11 тамызда сағат 17.00-де Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театрында «Жас Абай» (авторы Т.Ибрагимов) қойылымы көрсетіледі. 12 тамызда Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Абайдың ақындық мектебі және Сапарғали Әлімбетов», «Тәңірберген Әміренов – Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы» дәрістері өтіп, «Семей десе Абай деп қарайды адам...» атты көрме ашылады. 13 тамызда Достоевский атындағы драма театрында «Қара сөздер» поэтикалық қойылымы көрсетіледі. 14 тамызда Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайында «Ұлылар үндескенде» көрмесіне экскурсия өткізіледі: сағат 12.00-де – қазақ тілінде, 14.00-де – орыс тілінде. 15 тамызда «Дариға-ай» жастар театры Мұхтар Әуезовтің «Ғажайып трагедиясы» спектаклін сахналайды. 16 тамызда Ф.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық мұражайда Абай өмірі мен шығармашылығына арналған дәріс өтеді. Семейдегі Абай күніне арналған іс-шаралар легі 17 тамызда Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның «Қалың елім қазағым қайран жұртым» атты концертімен аяқталады.