Айдын СМАҒҰЛОВ: Сметов сияқты спортшы санаулы ғана
Айдын СМАҒҰЛОВ: Сметов сияқты спортшы санаулы ғана
530
оқылды
Татами, турнир, жат­ты­ғу, ұпай. Олим­пиа­да ал­дын­да дзю­­до­шы­лар атал­ған төрт­тік­ті тү­­ген­деп жүр. Олар То­кио­­да өткен Әлем чем­пио­­на­ты­ның арқа­­сында  уақыт бел­де­уін, дайындық ың­ғайын ба­ғам­дап қайтты. Түр­лі турнирде қар­сылас ау­жайын біліп, тактика құрды. Төртжыл­дық­ты түйін­дер до­даға сақа­дай сай болу үшін жапон ма­ма­нының ке­ңе­сі­не жүгін­ді. 2020 жылы балуандар қан­дай бәсе­ке­ге қаты­­са­ды? Олимпиадада қан­дай сал­­­мақ дәрежесінде  бақ сынайды? Сауа­лымызға дзю­додан ұлттық құрама бапкері Айдын Смағұлов жауап берді. –  2019 жыл дзюдошылар үшін несімен есте қалды? Шәкірттеріңіз үшін қатты уайымдаған турнирді атай аласыз ба? – 2019 жылы спортшыларымыз жақсы көрсеткіш көрсетті. Азия чемпионатында 2,3-орын алдық. Әлем чемпионатында қола медаль алдық. Гранд-слэм, Гран-при тур­нирінде ойдағыдай өнер көр­сет­тік. Дегенмен әр турнир өзінше есте қалады. Чемпион болу үшін, жүл­деге ілігу үшін үлкен еңбек керек. Күні-түні жатпай-тұрмай спорт­шылармен жеке жұмыс жүр­гіземіз. Әрине, басты мақсат –нәтиже. Кез келген жарыс­та шә­кірт үшін тақым қысып, асы­­­ғы­ның алшысынан түсуін ті­лей­міз. – Олимпиадаға жолдама ала­ды-ау дегендердің арасында жаңа есімді кездестіре аламыз ба? – Жалпы, дзюдода жолдама алу үшін төрт жыл бойы ұпай жи­най­сың. Әзірге, қоржында жеті сал­мақ дәрежесінің алтауынан ли­цензия бар. 2020 жылы өтетін тур­нирде барымызды салып, олим­пиадада жеті салмақта күресеміз деп ойлаймын. Дзюдода жаңа есімді кіргізу қиын. Мәселен, 60 келі салмақта Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев 4 жыл бойы лицензия үшін жанталасып жүр. Оның арасында Рүстем Ибраев сияқты әлемнің күміс жүлдегері бар. Ол рейтингтік ұпай жинау үшін барын салады. Жаңа есім деп Мағжан Шамшиддинді атауға болады. Бауыржан Жауынтаев пен Дәурен Сүйкенов – қатарға жаңа қосылған жас өрен. Екеуі түрлі жарыста күресіп, ұпай жи­нап жүр. Бірақ бұл аз. Өйт­кені бір салмақтың өзінде 400-450 спортшыға дейін рей­тинг­те тұрады. Соның ішінде олим­пиа­даға жолдама алу үшін үздік 18 спортшының қатарына енуіңіз керек. Үздік 18-ге кірмесең, олим­пиадаға қатыса алмайсың.   Сол себепті үлкен додада нәтиже көр­се­тіп жүрген балуандар жылдар бойы ұпайды тірнектеп жинайды. Ал жаңа есім бірден рейтинг кө­ші­не ілесе алмайды. Дзюдоның ерек­шелігі де –  осы. – Сметовтен кейін осы деңгейді ұстап тұрады деп кімді  атай аласыз. Биыл жыл жаңалы­ғы­на айналар жас дзюдошы бар ма? – Мұндай спортшының бол­ға­­нын біз де қалаймыз. Елдос Сме­тов – Қазақстанның ғана емес,  Орталық Азияның үздігі. Жа­с­­­тар арасындағы Әлем чем­пио­ны, Азия чемпионы. Ере­сек­тер арасында Азия мен Әлем чем­пионы атанып, Азия ойын­дары­ның жеңімпазы болған. Әрі Рио Олим­пиадасының күміс, соң­ғы Әлем чемпионатының қола жүл­дегері. Қазақстанды былай қой­ғанда, Орталық Азияда мұндай нә­тиже көрсеткен спортшы са­нау­­лы емес, біреу.  Сондықтан  Елдос Сметовтің жолын жалғап, тың­­нан түрен салатын ұрпақ өссе, елі­­міздің беделді спортшысына ай­налары анық. – Білуімізше, дзюдошылар Олим­пиадаға дейін тиісті ұпай енші­леп үлгеру қажет. 2020 жылы шә­кірттеріңіз қандай турнирде бақ сынайды? – 2020 жылғы лицензиялық тур­­нир Тель-Авивтен басталды. Аталған жарысқа  рейтингте тө­мен­гі орында тұрған балуандар­ды апарамыз. Мүмкіндік беріп, ұпай еншілеуіне жағдай жасаймыз. Фран­цияда өтетін Гранд-слэм тур­нирінде бірінші нөмірлі дзю­до­шыларымыз сынға түседі. Се­бе­бі бұл – жүйріктер бас қоса­тын таңдаулы сайыстардың бірі. Парижде өтетін жарысқа жоқ дегенде 100-ден астам мемлекет қатысады. Олимпиадалық рей­тингке ілігу үшін 700-800-ден ас­там спортшы күреседі.  Ма­рок­­кодағы додаға негізгі құ­рам­­ды, Дюссельдорфтағы Гран­-п­ри жа­рысына ұпайы аз спорт­­шыларды жібереміз. Жолда­ма алуға ұпайы жетпей жатқан дзю­дошылар Екатеринбургте кү­реседі. Түркия мен Бакуде өте­тін турнирге қатысатындардың дені – жастар. Артынша Азия чем­­пионаты басталады. Азия чем­­пионаты Моңғолияда өтеді. Чем­пионатқа барлық бал­уан ба­ра­ды. Осыдан кейін Masters-те спортшыларымыз бар күшін са­лып, ұпай жинауға ұмты­луы керек. Өйткені олим­пиа­да­ға іріктеу кезе­ңіне Masters турнирімен нүк­те қоямыз.  Катарда өтетін Masters-ке әр салмақ бойынша үздік 32 дзюдошы қатысады. Әлем чем­пионатына тең келетін дода. Әлем чемпионатында жеңімпазға 2 000 ұпай берсе, Masters-те 1-орын ал­ған спортшы 1 800 ұпай ен­ші­­лейді. 25-30 мамыр ара­­лы­ғын­­да дзюдо күресінің лицен­зия­­­лық турнирі аяқталады. 30 ма­­мырда олимпиадалық тізімге ен­ген 18 қатысушының тізімі жа­рия­ланады. – Жалпы, спортта  жаттығудан бө­лек, мотивация маңызды рөл ой­найды. Осы ретте шәкірттеріңізді қа­лай жігерлендіресіз? Спортшы­лар­­дың психологиялық дайындығы қалай? – Әр этап түрлі спорттық жат­­тығудан тұрады. 2-3 жыл қатары­нан, ішкі және сыртқы жаттығу жиы­ны жоспарға сай өтеді. 4 жыл бойы басты сын, яғни олимпиадаға дайындалады. Арасында Азия мен Әлем чемпионаты, Гранд-слэм, Гран-при жарысы бар. Моти­ва­цияның дені жүлделі орын алу­ға жетелейді.  Спортшылардың пси­хо­логиялық дайындығы өте жақсы. Елі мен жерін, Отанын сүйетін дзюдошыларымыз сенімді ақтағысы келеді. Әрі бар күшін салады. – Алдағы олимпиададан сіз кү­тер меже қандай? – Олимпиада кезінде әр бапкер ата-ана, жанкүйер жүлделі орын мен жеңіс күтеді. Кім бол­сын спортшының алтын алғанын қалайды. Бәріміз алтыннан үміт­тіміз. Алланың қалауымен жүл­де­ге ілігіп жатсақ, мұның өзі үл­кен нәтиже деп ойлаймын. Бұйыр­ға­нын көреміз. – Әңгімеңізге рақмет!   Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ