Бүгінде ұл-қыз өсіріп отырған ата-ананың үрейі көп. Себебі мектеп пен көшеде, қоғамдық көлік пен лифтіде балаларға қатысты зорлық-зомбылық жиілемесе, азаймай тұр. Тіпті темір тордан босап шыққан қылмыскерлер істеген ісінен сабақ алмай, қылмысын қайталап жатыр. Жалпы педофилдерді жазаға тартуда сот жүйесі неге дәрменсіз? Әлем елдері мұндай қылмысқа қандай жаза қолданады?ТӘРТІБІ «ҮЛГІЛІ» АЗҒЫН Жаркенттегі жантүршігерлік оқиғадан соң халық тағы да әрі-сәрі күйге түсті. Бұған дейін қыз зорлағаны үшін екі рет сотталған 38 жастағы күдіктінің қылмысын ақтауға келмейді. Алайда бұл темір тордан тәртіпке келмей шығып, қылмысын қайталағандардың алғашқысы емес. Статистикаға сүйенсек, балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық жасап сотталғандардың 90 пайызы озбыр әрекетін қайталайды екен. Ендеше азғынды жазалауда еліміздің сот жүйесі дәрменсіз. Жалпы Қазақстанда 2000 жылға дейін зорлық жасау фактілері бойынша бас бостандығынан айыру мерзімі 3-5 жыл аралығында болған. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жасағаны үшін қолданылатын жаза 2010 жылы қатаңдады. Бұл жолы ең ұзақ мерзім 15 жылдан 20 жыл аралығы деп белгіленген. Кейіннен жаңа Қылмыстық кодексте педофилдерді белгілі бір лауазымды қызмет атқару құқығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы бап қосылды. 2018 жылы педофилдерге химиялық кастрация жасау туралы шешім қабылданды. Дәл осы жылы бұл препаратты сатып алуға мемлекет 9,6 млн теңге бөлген. Бұл қаржы 77 сотталушыға химиялық кастрация жасауға жұмсалған. 2019 жылға 152 сотталушыға 19 млн теңге бөлінді. Ал 2020 жылы бюджеттен 232 сотталушыға химиялық кастрация жасау үшін 29,2 млн теңге бөлінген. Яғни, қаржы жыл өткен сайын артты. Алайда, бұл қатаң шарамен жағдай оңалып кетпеді. Дәрігерлердің айтуынша, ем нәтижелі болуы үшін науқас терапияға келісім беріп, тұрақты қабылдауға келуі керек. Бірақ қылмыскер көп жағдайда егілетін препараттың күшін арнайы дәрілерімен жояды. Ол жыныстық белсенділікті қалпына келтірмек түгілі, арттырып жіберетін көрінеді. Одан бөлек, ципретеронның күшін қарапайым спирт де жоя алады екен. Оған қоса, дәрігерлерде педофилдердің тізімі жоқ. Сондықтан оларға бұл препаратты кез келген дәрігер тағайындауы мүмкін. Ал онлайн дүкендердегі саудасы жүргенін қалайтын сатушы дәрігер нұсқауын сұрап жатпасы анық. Сондықтан химиялық кастрация педофилдің айылын жимайды. Заңгер Айгүл Орынбектің пікірінше, жемқорлыққа батқан жүйе мен құзырлы органдарға деген сенім өзгермесе қолданылып жатқан шаралардың бәрі нәтиже бермейді.
– Педофилизм – ауыр қылмыс. Кейде таныс, тамыр сыбайластық пен жемқорлықтың арқасында ауыр қылмыс жасағандар тиісті жазасын алмайды. Зорлық жасаған қылмыскерлерге кінәні жеңілдетуге мүмкіндік берілмеуі керек. Зорлық ауыр қылмыс құрамына жатады. Үлгілі тәртіп үшін босату ауыр қылмыс жасағандарға қолданылмауы қажет. Сондықтан жасөспірімдерді зорлағанғандарды өмір бойы бас бостандығынан айырып, халық шоғырланатын елді мекеннен тыс жерлерге ауыр жұмысқа салу керек. Педофилдердің кінәсі сотпен дәлелденсе, суреттерін елге ашық жариялау қажет деп ойлаймын, – дейді заңгер Айгүл Орынбек.
Ендігі жерде еліміз өзге елдерде бұрыннан қолданылып келе жатқан, сотталып шыққан педофилдерге электронды білезік беріп, олардың не істеп жүргенін бақылауға алатын тәжірибені де қолданысқа енгізді. Электронды білезікті бүлдірген жазасын өтеушілер жауапқа тартылады. Жауапты органдар осылайша олардың әр басқан қадамын қадағалап отырамыз деп сендіреді. Алайда, заңгер айтқандай, сот жүйесіндегі бармақ басты, көз қысты азаймаса, зардабын қарапайым халық көре береді.
Мәжіліс депутаты Динара Зәкиеваның айтуынша, соңғы 5 жылда кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың өсуі байқалады (2017 ж. – 679, 2018 ж. – 739, 2019 ж. – 801, 2020 ж. – 830, 2021 ж. – 913). Яғни күніне орта есеппен 3 бала жәбір көреді. Сәйкесінше 2 жыл бұрын педофилдерге жаза күшейді. Бірақ оған дейін бостандыққа шығып үлгерген адамдар қоғамға үлкен қауіп төндіріп отыр.
– Сондықтан ІІМ ақпаратына сәйкес биылдан бастап педофилдер мен мерзімінен бұрын босатылғандарға мемлекет электронды білезіктер кигізе бастады. Мұндай құрылғылардың көмегімен пробация қызметкерлері педофилдердің қайда жүргенін тәулік бойы бақылай алады. Олар қатаң ережелерді сақтауға міндетті болады. Мысалы, тек белгілі бір радиуста ғана жүре алады, – дейді Динара Зәкиева.
Депутаттың пікірінше, мұндай қылмыстардың 60 пайызын негізінен балалардың жақын ортасындағы адамдар жасайды. Қылмыстың бұл түрі жасырын, оны анықтау қиын. Жәбірленушілер көбінесе зорлық туралы біреуге айтуға қорқады. Сондықтан балаларға өмірінде не болып жатқаны туралы, зорлыққа ұшырағаны жайлы айтуға мүмкіндік беру өте маңызды.
– Менің ойымша, бала құқықтарының бұзылуына әкелетін себептердің бірі – әлеуметтік проблемалардың шешілмеуі. Мұны болдырмаудың бір жолы – профилактика, оның ішінде отбасылармен және балалармен уақытылы жұмыс істеу және көмек көрсету. Сондықтан осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу және отбасы институтын күшейту үшін әкімдіктерде отбасы басқармаларын немесе Отбасы және балалар құқығын қорғау жөніндегі бөлек министрлік ашу керек деп ойлаймын, – деді депутат.
ДАУАСЫ ЖОҚ ДЕРТ
Психологиялық анықтамалықта «Педофилия – психикалық бұзылыс, ауру» деген анықтама берілген. Олай болса, педофил түрмеде құр уақыт өткізбей, дертінен құлан таза айығып шығуы керек еді ғой. Бірақ біз педофилияны қылмыс түріне жатқызып жүрміз. Статистика бойынша, қазір жазасын өтеп жатқан 2 мыңға жуық педофил бар екен. Ал былтыр 50 педофил бостандыққа шығыпты.
Психолог Серікгүл Сәлидің айтуынша, дәл қазіргі уақытта педофилдерді емдеудің арнайы стандарты жоқ. Сол себепті барлық ел бірдей бір бағытта емдеуді қолға ала алмайды. Педофилияны жүйке жүйесінің ауруымен шатастырмауымыз керек.
– Адамның психикасы сезім мен санадан тұрады. Ендеше педофилия сезімнің ауытқуынан пайда болады. Сезім ақылға бағынбайды. Адам мұндай қылмысты істеуге болмайтынын түсініп тұрса да, сезімнің қалауын тоқтата алмайды. Педофилдер бірден сондай ауытқумен туылмайды. Олар қылмысқа бармас бұрын іштей ауытқудың екі сатысынан өтеді. Қылмыскер қанша жыл түрмеде жатса да түзелмейді. Осы әрекетін өле-өлгенше қайталай береді,– дейді Серікгүл Сәли.
Айта кету керек, қоғамда жантүршігерлік осындай қылмыстар көбейсе де зорланған балалардың құқығын қорғап жүрген қоғам белсенділерінің басын қосып, ұсыныстарын тыңдап жатқан ешкім жоқ. Тіпті елімізде зорланған қыздарға психологиялық қолдау көрсететін бірде-бір мекеме тіркелмепті. Ал психолог маман жәбір көрген балаларға психологиялық көмек көрсетілуі керек екенін айтты.
– Көмек көрсету – бүлдіршіндерді ортасынан оқшаулау емес. 12-13 жасқа жеткенше балаға өміріндегі қиын оқиғаны ұмытатындай ету керек. Себебі 12 жасқа дейін баланың психикасы қалыптаспайды. Сондықтан қолдан келетін жалғыз әрекет – баланың көңілін аулап, оқиға болған жерден басқа жаққа әкету, – дейді Серікгүл Сәли.
Оның айтуынша, педофилдердің құрбаны тек қыздар емес. Ең бірінші ауытқу пайда болған кезде қылмыскердің сезімі ұлдарға оянады. Педофилдік пен гомосексуалдықтың түбірі бір. Бірақ қылмыскерлер ұлдарға зорлық көрсете алмағандықтан көп жағдайда әлі жететін кішкентай қыздарға тиіседі екен. Ал педофилдерді азайту тек бір тарапты емес, әр ата-ана өсіріп отырған бала сының тәрбиесіне баса назар аударуы керек.
ӨЗГЕ ЕЛДЕР ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАЙДЫ?
Чехияда педофилдер хирургиялық жолмен кастрацияланады. 30 жыл ішінде 115-ке жуық адамға хирургиялық кастрация жасалған. Бұл елде кастрация жасаудың бекітілген шарты бар. Мысалы, сот зорлық жасаған адамды кінәлі деп тауып, ол түрмеде жазасын өтейді. Жазасын өтеу мерзімі өткеннен кейін дәрігерлер мен сот оның қоғамға қауіпті емес екендігі туралы шешім қабылдауы керек. Онсыз түрмеден шықпайды. Мерзімін өтегеннен кейін психологиялық ауытқуы бары анықталса, арнайы емдеу орындарында қанша жыл болса да емделеді. Ұзақ жыл емделуге келіспегендер хирургиялық кастрация жасауға келісім беріп, сосын еркіндікке шыға алады.
Польшада 2009 жылғы қыркүйектен бастап фармакологиялық кастрация қолданылады. Заңға сәйкес, педофилді емдеу қажеттілігі туралы шешімді сот оны түрмеден шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей шығарады. Егер 15 жасқа дейінгі жасөспірім немесе туысы педофилдің құрбаны болса, ер адам міндетті химиялық кастрациядан өтеді.
Германияда әртүрлі деректерге сәйкес 50-250 мың арасында педофил бар. Жыл сайын 15 мыңға жуық бала жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Бірақ бұл полицияға хабарланған жағдайлар ғана. Балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстары үшін 6 айдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Францияда химиялық жолмен сүндеттеу әдісі 2005 жылдан бері қолданылады. Шешімді судья мен емдеуші дәрігер арасында делдал функциясын атқаратын психиатр-үйлестіруші қабылдайды. Педофилдерге таңдау беріледі – химиялық кастрацияға келісу немесе психиатриялық аурухана қабырғасында мәңгіге қалу.
АҚШ-та 1990 жылдары күшіне енген мәжбүрлі түрде кастрация заңы бар. Соған сәйкес, егер сотталған адам түрмеден шыққаннан кейін жыныстық қылмыстарды қайталаса, сот химиялық кастрация жасауға бұйрық бере алады. Калифорния штатында алғаш рет педофилге осындай жаза қолданылған. Онда педофил 13 жасқа толмаған балаға зорлық көрсеткен болса, түрмеден шыққаннан кейін химиялық кастрация міндетті түрде жасалады. Жазаның бұл түрі 1997 жылдан бастап Техас штатында да ерікті түрде өткізіліп келеді. Сондай-ақ Америкада қауіпсіздік шарасы ретінде жыныстық құқық бұзушыларға электронды бақылау, электрондық білезік енгізілген.
Ұлыбританияда 2008 жылдың тамыз айынан бері жазасын өтеп шыққан педофилдерге қатысты ерікті түрде химиялық кастрация жасау көзделген. Оған дейін психологиялық қолдау бағдарламалары көрсетіліп келген.
2004 жылы Израиль арнайы медициналық дәрі-дәрмектің көмегімен педофилдерге химиялық кастрация енгізді. Израиль Денсаулық сақтау министрлігі мен түрме әкімшілігінің пилоттық жобасы аясында кастрация педофилиямен сотталып, түрмеде жазасын өтеп жатқан адамдар қабылдады.
Кейбір елдерде педофилдерге өте ауыр жаза беріледі. Мәселен, Қытайда педофилдің баланы зорланғаны дәлелденсе, бірден өлім жазасына кеседі. Сондай-ақ сот шешімімен физикалық кастрация жазасы да белгіленуі мүмкін.
Иранда дарға асу немесе ату жазасы арқылы жұрт алдында өлім жазасына кесіледі. Солтүстік Кореяда педофилді өз құрбаны өлтіреді: кінәліге ату жазасы белгіленеді, ал зорланған бала сол ату командасының құрамында болады. Мысырда сотталғандарды жұрт алдында дарға асады. Үндістан үкіметі де бірнеше жыл бұрын 12 жасқа дейінгі қыздарды зорлаған педофилдер үшін өлім жазасын енгізді. Сонымен қатар, педофилдерге өлім жазасы Сауд Арабияда, Латын Америка, Оңтүстік Корея, Ирак пен Африка елдерінде қарастырылған.
Байқағанымыздай, педофилия әлем елдерінің ортақ мәселесіне айналып үлгерген. Әр ел азғындықтың алдын алу үшін түрлі шара қолданып әлек. Алайда, педофилдерге жазамен қатар психологиялық оңалту істерін жүргізбесе бәрі бекер.