Тарихи орындардың тағдыры алаңдатады

Тарихи орындардың тағдыры алаңдатады

Кеңестік Қазақстанның алғашқы астанасы Ақмешіт, бүгінгі Қызылорда қаласында өткен шежіремізден сыр шертетін құнды жәдігерлер мен тарихи орындар өте көп. Қазір ықылым заманнан бой түзеп, күні бүгінге дейін сақталған осындай тарихи орындарды күтіп, сақтау басты борышымыз болып тұр. Соңғы жылдары өткенімізден сыр шертетін сондай тарихи орындардың қатары сиреп бара жатқаны байқалады. Бұл тұрғыда қаланы көркейту мақсатында жаңа ғимараттар салу үшін ескі ғимараттардың бұзылып, тарихи орындардың азайып кеткені жергілікті жұртшылықты алаңдатып отыр. Заман көшіне ілесіп, заманауи ғимараттар салу құптарлық. Алайда тарихшылар көне тарихи орындардың жойылып жатқанына наразы. Бұған дейін 200 жылдық тарихы бар Қызылордада өткенімізден сыр шертетін тарихи орындардың қатары көп болғанын мамандар растап отыр. Негізінен, дерекке сәйкес, облыс бойынша 500 тарихи ескерткіш тіркелсе, Қызылорда қаласында 20-дан астам тарихи орын есепке алыныпты. Бұдан өзге есепке алынбағаны мен жойылып кеткені аз емес. Қазір қала орталығында сақталып тұрған Айтбай мешіті, 1855 жылы жылжымалы шіркеу ретінде ашылған Құтқарушы Христиан шіркеуі, бүгінгі Альасад сауда орны орналасқан кезінде Мұстафа Шоқай оқыған үлкен училище ғимараты, сол сияқты Әйтеке би көшесіндегі орталық монша, облыстық мұражай ғимараты ескі тарихи орындар саналады. Бұл ғимараттардың салыну тарихы тереңде жатыр. Ал кезінде өңіріміздегі кезіндегі қайраткерлер тұрған үйлер, Николай ІІ патшасының дәуірінде бой түзеген көптеген көне нысан жойылып кеткен. Мұндай тарихи ескерткіштердің қадірін түсінбей, адам қолымен бұзылғаны ащы да болса шындық.

«Негізінен, Сыр өңірінің тарихы тереңнен бастау алады. Қаламыздың өзінде өткенімізден мағлұмат беретін құнды тарихи орындар мен жәдігерлер аз болмады. Алайда заман талабына сай құнды ескерткіштеріміздің көпшілігі бұзылып, құрдымға кетті. Мемлекет қамқорлығынан тыс қалғандықтан, көптеген тарихи орыннан қол үзіп қалдық», – дейді тарихшы Бақытжан Ахметбек.
Тарихшының айтуынша, қала аумағында жойылып кеткен тарихи орындар қатары жыл санап артып барады. Соның ішінде 3-4 жыл шамасында орталық алаңдағы Н.Бекежанов атындағы драма театрының артында ескі дәуірден көрініс беретін үлкен су мұнарасы болатын. Шаһардағы ең ескі тарихи нысан ретінде сақталған бұл орын да күтпеген жерден бұзылып, орнына басқа нысаны салыныпты.
«Қызылорда қаласының тарихынан сыр шертетін мұндай орындардың қатары жыл санап сиреп барады. Ал мұнараға келер болсақ, қалада мұндай екі мұнара болатын. Оның бірі – қалалық саябақ аумағында болса, екіншісі осы драма театрының артында тұратын. Көпжылдық тарихы бар бұл су мұнарасының аяқ астынан не үшін бұзылғаны беймәлім. Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде бір жиында облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы мен мәдениет басқармасына осы мәселе бойынша сауал да тастадым. Бірақ тұщымды жауап болмады», – дейді Б.Ахметбек.
Негізінен, Қызылордада 1908 жылдары Қармақшы өңірінің тумасы, атақты Мақан Жиенбайұлы деген бай тұрған. Ол сол кездері Николай кірпішімен қаламызға көптеген зәулім үйлер салдырған. Соның ішінде мемлекет қайраткерлерінің, больщевиктердің тұрған үйлері осы Мақан байдың ықпалымен салынған екен. Сол сияқты бүгінгі Әйтеке би көшесіндегі жүйке аурулары ауруханасы орналасқан аумақта, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжіне қарсы бетте, сол жағалаудағы жақында салынған мұражайдың орнында, сондай-ақ «Шаңырақ» қонақүйінің бойында көптеген тарихи ғимарат осы Мақан Жиенбайұлы салдырған ғимараттары болатын. Бүгінде бұл тарихи мұралардың бірі де жоқ. Мемлекет тарапынан қорғалмай, бұзылып кеткен. Бұрынғы «Ақмешіт бекінісі» кезінен қалған көне ғимараттар да саусақпен санарлық. Тарихшы осылай деп мәлімдеп отыр. Бүгінде өңірде көне қорымдар, тұлғалардың бейіттері, мавзолейлер, шайқас орындары сақталып тұр. Ондай құнды тарихи орындар да мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынуы тиіс екенін алға тартады. Шындығында, қаламызда жаңа ғимараттар салу үшін көптеген ескі тарихи ғимаратты құрдымға жіберу көрініс тауып тұр. Жағдай бұлай жалғаса берсе, құнды мұраларымыздан мүлде қол үзіп қалуымыз мүмкін. Сондықтан тарихи орындарды қамқорлыққа алып, барымызды бағалайтын кез келген сияқты.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,

Қызылорда облысы