Экологияны қорғау туралы жиі айтамыз. Бірақ пластиктен бас тартып, қағаз бен суды үнемдеп, жыл сайын көшет отырғызып, тіпті қолындағы қоқысын сұрыптап жүрген адамды кездестіру қиын. Адамға табиғаттың керектігіне көзі жеткен батыс елдері eco-friendly өмір салтын ұстанып келеді. Осыған орай экоблогер, белсенді азамат Базарбек Қамысбаевпен әңгіме өрбіткен едік.– Желідегі оқырман сізді экобелсенді ретінде жақсы таниды. «Экология – бәріміздің бас ауруымыз» деп жүргеніңізге де біраз болды. Жалпы эко әлемді қорғау туралы ой қашан, қалай келді?
– Менің eco-friendly өмір салтын ұстанып, осы тақырыпқа қызығып жүргеніме 4 жылдай болды. Анығырақ айтсам, бұл – әйелім Айсұлудың бастамасы. Айсұлу Аустрияда білім алған. Айтуынша, ол жақта қоқысты сұрыптау, оны қайта өңдеу пункттеріне тапсыру адамдардың күнделікті ісіне айналған. Сосын біз үйленгеннен кейін осы дағдыны елімізде де пайдалану керек деп есептедік. Былай қарап тұрсаң оңай. Нақты жолға қойып алсаң, көп уақытты да алмайды. 2019 жылы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы және республикалық «Жасұлан» ұйымымен бірігіп, Instagram арқылы экочеллендж өткізді. 21 күнге созылған экомарафонға мен де қатыстым. Негізгі мақсатым қазақ тіліндегі контентті қолдау еді. Берілген тапсырмаларға сай қоқыс сұрыптап, көшет отырғызып, қалдықтардан пайдалы зат жасадық. Сосын марафон ережесіне сәйкес тек мен ғана емес, мені әлеуметтік желіде оқитын оқырмандарым да бірнеше тапсырманы орындады. Пайдалы ақпарат алды. Қазақстаннан 500-ге жуық адам қатысып, соңында әділқазылардың шешімімен жеңіс маған бұйырды. Осы челленджден кейін желіде eco-friendly өмір салты жайлы жазып келемін.
– Пластиктен не себепті бас тарттыңыз? Бұл шешіміңіз күнделікті өмірде қиындық тудырып жүрген жоқ па?
– Қазір ең көп кездесетін материал – пластик. Себебі пластик арзан және оны қолдану оңай. Яғни пластикті бір рет пайдаланып, қоқысқа тастаймыз. Бірақ оның зияны туралы ойлана бермейміз. Бұрын пластик болмаған кезде де адамдар жақсы өмір сүрген. Оны қағазбен алмастырған. Пластиктің баламалары көп болған. Ал қазір пластикті өте көп қолданамыз. Көп жағдайда пластикті қайта өңдеп, екінші рет пайдалана алмаймыз. Сондықтан біз пластиктен бас тарттық. Дегенмен елімізде мұндай концепция ұстану қиын. Мысалы дүкенде пластикке балама ұсынбайды. Сондықтан біз дүкенге барғанда экосумкаларымызбен баруға, пластик қалташаларды алмауға тырысамыз. Пластиктен бас тарту қиындық тудырған жоқ. Ең қиыны – бастау. Бір рет осындай экодағды бастап кетсеңіз, ол күнделікті әдетке айналады. Біз экобелсенділікті қоқысты сұрыптаудан бастадық. Алғашында сыртқа шығарып тастайтынбыз, кейін қайта өңделетін қоқысты қабылдау пункттеріне тапсырдық. Еco-friendly өмір салтының мақсаты – үнемдеуді үйрету. Керек емес артық заттарды пайдаланбау, тіпті жуынатын кезде суды да үнемдеу. Маусым сайын көп киім алмай, әр нәрсені өзіңе қажетті мөлшерде ғана қолдану. Статистика бойынша осы концепцияны ұстанатындар өз бюджетінің 40 пайызын үнемдейді екен. Қарапайым мысал, дүкенге барған сайын қалташа сатып алмай, оның орнына көп рет қолданатын шоппер пайдалану әлдеқайда арзан.
– Жыл сайын жаңа жылды барынша экологиялық жағынан зиянсыз өткізіп жүр екенсіз. Қалай?
– Жаңа жылда үйді безендіретін заттарды сатып алмаймыз. Қайта өңделетін заттармен өзімізше үйімізді сәндейміз. Пластиктен жасалған жасанды шыршадан да бас тарттық. Өйткені мұндай шыршаның экологиялық шығыны бұл шыршаны 15-20 жыл ғана пайдаланғанда ғана өтеледі. Бір-екі жыл ғана қолданып, қоқысқа кететін шыршаны алмаған жөн. Шыршаны таңдауда пластиктің түріне де мән беру керек. Негізі экологтар жасанды шыршадан гөрі табиғи шыршаны қолданған дұрыс дейді, себебі бір жасанды шыршаны жасауға өте көп ресурс жұмсалады. Бірақ табиғи шырша арнайы тәлімбақта өсірілуі және оның тиісті сертификаты болуы керек. Өз басым мұндай шырша сататындарды әлі кездестірмедім. Эко жаңа жыл өткізудің тағы бір тәсілі құтыға отырғызылған табиғи шыршаны пайдалану. Мұндай шыршаны жаңа жылдан соң, балконға шығарып қоюға, кейін жазда топыраққа отырғызуға болады. Бірақ мен ең тиімді тәсілді таңдадым. Кез келген үйде бар заттардан шырша жасаймын. Мысалы жыл сайын мерекеде үйдегі кітаптардан шырша жасаймын. Интернетте мұндай шырша жасаудың неше түрлі креатив идеялары бар. Есесіне табиғатқа еш зиян келтірмейсіз.
– Кеңселерде ең көп кездесетін қоқыс – қағаз. Қағазды қолдануды азайтпасақ қандай қатерге тап болуымыз мүмкін?
– Қағаздың орынсыз жұмсалуының алдын алмасақ, орманды құртамыз. Статистикаға сәйкес, 1 тонна қағазды үнемдесек, 17 ағашты, 26 000 литр суды, 240 литр жанармайды, 4000 квт электрэнергиясын сақтап қалады екенбіз. Бірақ қазір сіз айтқандай, ең көп кездесетін қоқыс түрі – қағаз. Сондықтан әр адам орманды қорғауды өзінен бастау керек. Өйткені ағаш – сіз бен біз тыныс алатын оттегінің негізгі көзі. Бүгін ойланбастан қағаз пайдалансақ, түбінде табиғатқа емес, өзімізге зиян тигіземіз. Сондықтан қағаз қолдануды айтарлықтай азайтатын бірнеше экоәдеттерді айта кетейін. Ең бірінші, электронды құжат айналымына көшіңіз. Қағазды аса қажетті кезде ғана басып шығарыңыз. Басып шығарар алдында құжатты бірнеше қайтара тексеріңіз. Маңызды құжат болмаса, қағаздың екінші бетін пайдаланыңыз. Қағазды ғана емес, картриджді де үнемдеңіз. Ол үшін ұсақ шрифт пен жақын интервал таңдаңыз. Мысалы, printer.com компаниясының зерттеуі бойынша Century Gothic шрифті «ең үнемді» шрифт саналады екен. Электронды цифрлы қолтаңбаны пайдаланыңыз, сонда қол қою үшін қағазды басып шығарудың қажеті болмайды. Екінші, егер сізге ыңғайлы болса қағаз кітапты қолдануды азайтып, электронды кітаптарға басымдық беріңіз. Үшінші, өзіңіз туралы мәлімет беруде телефон алмасып, не желідегі аккаунтыңыздың сілтемесін жіберуге болады. Төртінші, қағаз майлықтардан бас тартыңыз. Ең бастысы, пайдаланылған қағазды қоқыс жәшігіне тастамай, оны міндетті түрде қайта өңдеуге тапсырыңыз. Коммуналдық шығындардың өзін түбіртекпен емес e-mail пошта арқылы алу дағдысына бейімделіңіз.
Бұл қағаз үнемдеудің бірнеше әдісі ғана. Егер осы айтқандарымды күнделікте өмірде барлық адам қолданатын болса, қаншама ағаш сақталар еді.
– Шыны керек, қазір қоқыс сұрыптап отыратын адам аз. Қағаз бен пластикті сіз сияқты арнайы орынға апарып өткізуге халық неге асықпайды? Экомәдениетті қалай қалыптастыру керек?
– Экологиялық тәрбие келешектегі экологиялық мәселелердің алдын алуға үлкен септігін тигізеді. Себебі экологияға ең көп зиян келтіретін ол – адам. Ал балалар – біздің болашағымыз. Яғни келешекте сіз бен біз табыстаған планетада өмір сүретін, сол игіліктерді тұтынатын – балалар. Ал оларды қазірден табиғатқа қамқор болуға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үйретсек, олардың экологиялық мәдениеті де жоғары болады. Демек, адам іс-әрекетінен пайда болатын экологиялық мәселелер де азаяды. Өйткені саналы тұтынуды қолдайтын, сауатты ұрпақ қалыптасады. Біз ұлттық, рухани тәрбие туралы көп айтамыз. Дәл солай, экологиялық тәрбиеге де аса назар аударуымыз керек. Өйткені экологиялық тәрбие бұл бәрінің бастауы. Тіпті мектеп пен ЖОО-да ғана емес, экологиялық білім беруді балабақшадан бастаған дұрыс. Экологиялық сабақтарды ойын түрінде түрлі тәсілдермен қызықты етіп өткізуге болады. Ең бастысы, кішкентай балалардың бойында табиғатқа деген қамқорлық сезімін қалыптастыра білу. Осы орайда, Қазақстандағы ЮНИСЕФ ұйымының өкілдігі қолға алған «Plastic Free» жобасы туралы айтқым келіп отыр. Мен бұл жобада еліміздің басқа да белсенділерімен қатар ерікті болдым. Жоба аясында біз еліміздің түкпір-түкпіріндегі бастауыш сынып оқушыларына «Пластикті қолдануды азайту» тақырыбында онлайн-сабақтар өткіздік. Онлайн-сабақтарға бүкіл Қазақстан бойынша 9000-нан астам оқушы қатысты. Бұл жоба балалардың экологиялық сауатын көтеру, экомәдениетті қалыптастыруда маңызы өте зор деп санаймын.
Қазір қоғамда мұндай мәдениет толық қалыптаспай жатқанының бір себебі біздің менталитеттен деп ойлаймын. Отандастарымыз қоршаған ортаны күтуді бірінші кезектегі мәселе деп есептемейді. Өйткені ол көзге көрінбейді, сезілмейді. Сондықтан оған адамдар әлі күнге дейін немқұрайлы қарап келеді. Меніңше, қоршаған ортаға қоқыс тастағандарға салынатын айыппұл көлемін көбейтіп, ол үшін жазалауды да бастау керек сияқты. Тағы бір мәселе – көп жерде қалдық жинауға лайық инфрақұрылым жоқ. Мысалы, астанада, үлкен қалаларда, облыс орталықтарында бар да, ауылдарда қалдықтарды ажыратып жинайтын қоқыс жәшіктер көп жерде орнатылмаған. Туризм нысандарында да осы жағдай үлкен мәселе болып тұр. Бурабай демалыс аймағының өзінде қоқыс жәшігі жоқ, бірақ әкімшілік пен сол жердегі ұлттық парктің ұжымы туристер қалдықтарын өзімен бірге алып кетуі керек деген талап қойған. Дегенмен адамдар оған дайын емес.
Қоршаған ортаны қорғау мәдениетін адам өзінің бастапқы қажеттіліктерін қанағаттандырғаннан кейін ғана қолға алады. Бізде, өкінішке қарай, халықтың басым бөлігі әрең күн көріп жүр десем, артық айтпаймын. Бұл жайт та зор ықпал етеді.
– Әңгімеңізге рақмет!