Әдетте, ауыл атауы сол елді мекеннің тарихынан сыр шертсе керек. Дегенмен отарлау кезінде қаншама тарихи атау құрдымға кетті. Қарағанды облысында да өткен ғасырда талай ауыл өз атауын өзгертті. Жаңадан құрылған кеңшар, ұжым шарларға пролетариат көсемдерінің аттары, мән-мағынасы жоқ атаулар беріле бастады. Рас, Қарағанды облысына қарасты Осакаров ауданына тарихи атауы Сарыбелдің қайтарылуы көпшіліктің көңілінен шықты. Бірақ аудан атауы өзгергенімен, орталық әзірге Осакаров кенті деп аталады. Бұл атаудың өзгеруіне де куә болар күн алыс емес деп үміт етеміз. Айта кету керек, кенді өлкеде мұндай қуанышты күнді күткен ауылдар әлі жетерлік. Өңріге барсақ, Қарағанды қаласына жақын орналасқан Нұра, Осакаров (қазір Сарыбел) аудандарында ауыл атаулары орысша немесе сол кезеңдегі белсенділердің атымен аталды. Абай ауданының бірқатар атауы да осы кепті киді. «Пахотное», «Сарепта», «Ильичевский», «Восход», «Юбилейное», «Мичуринский» ауылдық округіне қарасты үш ауылда орысша «Агрогородок», «Садовое», «Ягодное». Сонымен қатар «Дзержинский», «Спасск», «Южный», «Ялта» деп кете береді. Облыс орталығынан шалғайдағы Жаңаарқа ауданында да жағдай осы.
«1933 жылдың көктемінде Жаңаарқа жерінде аштықтан аман қалған ауылдар бас құрап, мойынсерік ТОЗ-дарға ұйымдастырылып, олар бірден тоғызға дейін нөмірленген ауылдық кеңестерге бөлінген екен. Бұл жылдары Кеңес үкіметінің қайраткерлері мен әскери қолбасшыларының құрметіне қойылған. Мәселен, «Маркс», «Ленин», «Крупская», «Киров», «Калинин», «Голощекин», «Елтай», «Мирзоян» сияқты көсемдердің аттарымен аталынған елді мекендер тізімі 60-70 жылдары одан әрі жаңаша «түрленіп», кеңестік үгіт-насихат көріністерін білдіретін «Целинный», «Дружба», «Рассвет», «XXV-парт съезд» атындағы сияқты коммунистік идеология әсері нәтижесінде қалыптасқан атаулар көп болмаса да біршама кездеседі», – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Дәуренбек Ескекбаев.Ал Шет ауданына қарасты «Красная поляна» ауылының атауы әлі өзгертілмеді. Жақында Абай ауданына қарасты Южный кентінде өткен ат жарысында көкпар тартқан осы ауылдың сайыпқырандары жейделеріне «Жәңгір төре» деп жазып шығып, ат ойнатты.
Айтатын уәждері де бар. «Ауылы мыздың атауы «Жәңгір төре» деп өзгергенін қалаймыз. Сондықтан да осы атаумен шығып отырмыз. Қай жерге жарысқа барсақ та, осы жейдемен шығамыз. Аудан басшылары, облыстағы шенділер көрсе екен. «Красная поляна» деген түсініксіз атаудан құтылып, «Жәңгір төре» ауылының азаматы болып жүргіміз келеді» деген еді жігіттер.Айтпақшы, бұл той өткен «Южный» кентінің де атауы қазақылануға сұранып тұр. Осы ауылдың тұрғындары да ауыл атауының өзгергенін қалайды.
«Кент қазір «Южный» аталады. Дегенмен біз елімізде жүргізіліп жатқан саясатқа байланысты, өз пікірімізді білдіргіміз келеді. Көрші ауылдардың көбі тарихи атауына ие болды. Бізде кент атауы «Кәмен би» атымен аталғанын қалаймыз», – дейді «Южный» кентінің тұрғыны Сәрсенбек Мәжікенұлы.Иә, Арқаның жер-су атауларын қазақшалайтын уақыт әлдеқашан жеткендей...