Қазақстанда мемлекеттің көмегіне мұқтаж жандардың саны 4 млн адамнан асты. Соның нәтижесінде тек кейінгі екі жылда әлеуметтік қамсыздандыру шығындары 20,6 пайызға артып, 4,1 трлн теңгені құрады. Алайда тауар бағасы артып, инфляция ырық бермей тұрған шақта Үкімет тағайындаған әлеуметтік төлемдер халықтың қажеттілігін қаншалықты өтей алады? Ол халықаралық стандарттарға қаншалықты сай келеді? Бірден айта кетейік, жалғыз біз емес, барша әлем кейінгі үш жылда алдымен пандемияның, сосын жаһандық геосаяси жағдайдың әсерінен қымбатшылықтың, жұмыссыздықтың ауыртпалығын тартып отыр. Әрине, бұл бақуатты жұрттарға көп зауал келтіре алған жоқ. Алайда даму жағынан кенже қалған мемлекеттердің тұрмысын әжептәуір тұралатып жіберді. БҰҰ есебінде, 2021 жылы халықаралық еңбек нарығында жұмыс орындарының қысқартылуы қаржы дағдарысы болған 2009 жылмен салыстырғанда төрт есеге өскені айтылған. Қазіргі күні 2 миллиард 200 миллион адам тапшылықтың зардабын тартып отыр. Олардың 11 пайызы – тақыр кедей. Сол себепті БҰҰ хатшылығы «әлемде аштық пен жұмыссыздық күрт көбейді» деп дабыл қағып, барлық елдерді жоқшылықпен белсенді күресуге шақырды. ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚЫСЫП БАРАДЫ Үкіметтің жыл басында өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кедейшілікке қарсы күресті күшейтуге тапсырма берген болатын. Президент сондай-ақ жұмысшылардың жалақысы инфляция мен нарықтағы бағаға қарағанда анағұрылым баяу өсетінін айтты. Соның салдарынан мемлекет бекіткен әлеуметтік төлемдердің тиімділігі төмендеген. Қазақстан қымбатшылық жағынан тіпті ЕАЭО елдерінің ішінде төменнен санағанда бірінші орынға шықты. Экономист Мақсат Халық оның себебін Үкімет жұмысының тиімсіздігімен байланыстырады.
«Қазақстанның өзін-өзі азық-түлікпен толыққанды қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Бізде ет өнімдері де, сүт өнімдері де өндіреледі, астық мол, бір сөзбен айтқанда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бәрі бар. Әйтсе де, соны ұқсата алмай отырмыз. Үкімет ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің жұмыс істеуіне бар жағдайын жасап, тауарын тасымалдайтын логистикасын жасап берсе, форвардтық сатып алуларды ұйымдастырса, баға өздігінен арзандар еді. Ал бізде жергілікті билік базар-дүкендердегі саудагерлермен алысып, бағаны қолдан бекіткісі келеді. Нарық заманында мұндай тәсіл жүрмейді ғой», – деп налиды экономист.ЖАСЫРЫН СТАТИСТИКА ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ Ұлттық банктің ресми мәліметінше, республикада инфляцияның жылдық көрсеткіші – 14,5 пайыз. Ал азық-түлік инфляциясы 20 пайызға жеткен. Президент Үкіметтің жартыжылдық жұмысына баға бергенде кейбір тауарлардың 80 пайызға дейін қымбаттағанын айтты. Бұл жерде Ұлттық банктің тек тұтынушылық себетке кіретін тауарлар бойынша инфляцияны ғана есепке алып отырғанын ескерген жөн. Бірақ онда бар-жоғы 43 тағам түрі ғана бар. Алайда өмір онымен шектелмейді, адамдарға күнделікті ішіп-жейтін ас-судан басқа, дәрі-дәрмек, киім-кешек, гигиена мен тазалық әжеттерін өтейтін, басқа да әлеуметтік маңызды тауарлар керек. Егер оның бәрін қоса есептесек, инфляция 40 пайызға жетеді. Әйтпесе, жыл басынан бері кей тауарлардың бағасы 2 есе, тіпті 3 есе өскені мәлім. Ресми статистика бойынша, бізде табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдардың саны 998 мыңға жеткен. Ал бейресми сарапшылар кедейлердің саны одан екі есеге көп дейді.
«Ресми статистикада біздегі кедейшілік деңгейі 5 пайызға жуық деп көрсетілген. Бірақ Дүниежүзілік банктің дерегінде Қазақстандағы кедейшілік – 12,5 пайыз. Ол 2 миллионға жуық қазақстандық кедейшілік деңгейінде өмір сүріп жатыр деген сөз. Яғни, Үкімет шынайы жағдайды әлі де жасырып отыр», – деп қынжылыс білдірді М.Халық.Одан бөлек, Қазақстанда балалар кедейшілігі деген дерт те жайлап кеткен. Жалпы, республикадағы 6 миллион баланың 1 миллионы кедей отбасында өмір сүріп жатыр. Яғни, бұл балалардың қосымша дамуына, сапалы білім алуына, жағдайы жоқ дегенді білдіреді. Өскенде кедей отбасыларынан шыққан балалардың болашағы, яғни ертеңгі Қазақстанның болашағы қалай болады? Кедейшіліктің астарында жатқан бұл қауіпті де қатты ескермей болмайды. КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІ КҮН КӨРУГЕ ЖЕТПЕЙДІ Халықаралық нормаға сәйкес, күніне 5,5 АҚШ долларына өмір сүретіндер «кедей», ал 1,9 доллардан кем ақшаға күнелтетіндер «тақыр кедей» саналады. Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі – 2,8 доллар (Ресейде күніне 6 доллар). Халықтың әлеуметтік жағдайы екі индикаторымен өлшенеді – ең төменгі күнкөріс шегі (ТКШ) және кедейлік шегі (КШ). Кедейлік шегі, ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызын құрайды. Әлеуметтік көмек алғың келсе, сіңірі шыққан тақыр кедей болуың керек! Ал Еуроодақ аумағында кедейлік категориясы ең төменгі күнкөріс шегінің емес, орташа табыстың 60 пайыз деңгейінде белгіленген. Соған қарамастан, Қазақстанда ондаған жылдар бойы ТКШ көтерілмей келеді. Төменгі күнкөріс шегі тұтынушылық себеттің көлеміне тең.
«Халықтың төменгі өмір сүру шегіне қатысты тұтынушылық себет ең соңғы рет 2006 жылы қабылданды. Оның құрылымында азық-түлік үлесі 70-тен 60 пайызға дейін төмендеді, тиісінше басқа тауар түрлерінің 30-дан 40 пайызға ұлғайды. Осы кезде азық-түлік себетіндегі тағам жиынтығы 20-дан 43 түрге көбейтілді. Соның нәтижесінде, оның жан басына шаққандағы орташа энергетикалық құндылығы 1 175-дан 2 175 ккалға өсті. Міне, 16 жыл өтті, содан бері әлеуметтік маңызды тауар жиынтығының құрамы әлі өзгертілген жоқ. Одан бері баға өзгерді, тұрмыс өзгерді, сондықтан бүгінгі тұтынушылық себет ескірген, шынайы жағдайға сай келмейді», – деді Мақсат Халық.Экономистің айтуынша, егер РФ-да тұтынушылық себеттің құрамына 150 түрлі тауар, ал Еуропаның шығыс бөлігінде 250 тауарден бастап, батысына қарай 700 тауарға дейін енгізілетінін ескерсек, біздегі кедейшілік шегінің халықаралық стандарттардан қаншалықты алшақ жатқанын көреміз. Бұдан кейін төменгі өмір сүру шегі 2018 жылы көтерілді, мұнда тұтынушылық себеттің азық-түліктік емес бөлігі 40-тан 45 пайызға ұлғайды. Сөйтіп, ол 24 мың 459 теңгеден 28 мың 284 теңгеге көтерілді. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл 3 млн азаматтың тағдырына әсер етті. Тиісінше, республикалық бюджеттен қосымша 386 млрд теңге бөлінді. 2020 жылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты төменгі өмір сүру шегі 32 мың 668 тең геге дейін көтерілді. Оған бюджеттен қосымша 140 млрд теңге бөлінді. Ал 2022 жылы төменгі өмір сүру шегі 9 пайызға артып, 37 мың 389 теңгені құрады. Ол үшін қазынадан қосымша 185 млрд теңге қарастырылды. Естеріңізге сала кетейік, төменгі өмір сүру шегін Үкімет Қазақ тағамтану академиясының есебіне қарап бекітеді. Олар адамның өмір сүруіне бір айда 37 мың жетеді деп шешсе керек. Күніне 1 200 теңгеден айналады. Яғни, күніне үш мезгіл тамақ ішіп, басқа да тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге 37 мың теңге жетеді деп шешкен Үкіметтің бұл есебі математиканың қандай амалдарына сүйеніп құрылғанын түсіне алмадық. Ал бірер аптадан соң жаңа оқу жылы басталады. Одан кейін қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Оқушының керекжарақтары мен қыстың қамы тұрғындарға қосымша ауыртпалықтар әкеледі. Ал қазіргі қымбатшылықты көтере алмай отырған халық сонда қайтпек?