«Кем талант – мүмкіндігінше, шын талант – қалағанынша жазады» депті Асқар Сүлейменов. Әр жазушының стилі әртүрлі болғанымен, оларға ортақ мақсат – жақсы жазу. Жаза білсеңіз, жаза алсаңыз – жазушысыз. Сөз Тәңірден келетін тылсым күш деп те жатады. Оның киелі өнер екенін бізден бұрынғылар да айтқан. «Тәңір аузына сөз салыпты» деген тәмсілді жазарман қауым афоризмге айналдырыпты. Демек, сөз жай нәрсе болмағаны. Оны қалай жұмсаудың ретін білу де – өнер. «Айтқан сөздің – құлысың» деген Омар Хаям рубаиында не сыр бар екен?.. Көкейдегі ойды айта білудің, жаза алудың жолы мен жөні бар көрінеді. Әркім әртүрлі жазады дегенмен де, ең бастысы – қалай және қай деңгейде жазу. Чеховты парақтаған жан ащы тілмен де адамды күлдіруге болатынын білсе керек. Одан соңғы әсер тіпті бөлек. Күліп отырып, көңіліңіз күпті болуы ықтимал. Таланттың таппайтыны жоқ: күлдіріп отырып та жылата алады. Қазақта да осылай жазатын жазушылар жоқ емес. Соның бірі – бүгінде бірегейі боп көзге түсіп жүрген қаламгер Бақытгүл Сәрмекова. Талантты, табанды жазушы қабілетін Қазақстанға ғана емес, әлемге дәлелдеу үстінде. Расында, шын қаламгер бір елдің шеңберінде қалуы мүмкін емес. Кейіпкеріміз Бақытгүлдің де бағы мен бабы жарасып, шығармалары қарт құрлықтан бір-ақ шықты. Аудармашы Миргүл Қалидың сауатты тәржіма жасауымен Pen America аударма грантын ұтып, артынша Лондонның Tilted Axis Press баспасымен келісімшартқа отырыпты. Қазақ әдебиетінің ұзақ жыл күткен үміті ақталды. Қазақ жазушысына әлем оқырманына жетуге жол салынды. «Қуана білмегенге құт қонбайды» депті ғой Әбіш Кекілбаев. Естіген қазақ марқайып, мақтанатындай-ақ жетістік. Жазушының қуанышын бөлісіп, алдағы жоспарын білу мақсатында сөзге тартып едік. – Бір сұхбатыңызда «өзімді толыққанды жазушы деп есептеуге әлі сенімді емеспін, мүмкін талантыма бағым сәйкес шауып тұрған жолым болғыш жазушымын» деген екенсіз. Жалпы, бақ ұғымын қалай түсінесіз? Жазушыға бақ көбірек керек пе әлде талант па? – Кейбір таланттардың танылмай, көрінбей қалып жатқанына қарап, тек талант барлығын шешеді деп айту қиын. Бағы жану, жолы болу деген адамның ниетіне байланысты екенін біліп жүрміз. Бұл жерде талантпен қатар еңбек те әрі адами тұлғалық қасиеттердің де болуы керек. Мысалы, мен қанша жерден талантым болып, еңбектеніп жазғаныммен ит мінезді, ешкімге жұғымы жоқ адам болсам маған ешкім жоламас еді, ешкім көмектеспес еді. Адамның күні адам мен. Шығармаларымды аударуға ұсыныс жасап, жақсылық жасауға ұмтылып жатқандар талантыммен қоса бойымда бір көркемдік, жылылық бар екенін сезген шығар деп ойлаймын. Жолы болғыштық деген – осы. – Жазушылықпен қай кезден бастап айналыстыңыз? Рақымжан Отарбаев қаламгерде жалғыздық деген «дерт» болатынын айтады. Бұл ұғымды сіз қалай қабылдайсыз? – Жазушылық мен үшін сүйікті іс, хобби. Мен тіпті жазу арқылы табыс табамын деп ойламағанмын. Осыдан алты-жеті жыл бұрын ғана жазып бастадым, жазғандарым бірден көзге түсе бастаған соң қызығушылығым одан әрі арта түсті. Жалғыздыққа келетін болсақ, барлық адам жалғыз, барлығының жүрегін сыздататын сағыныш бар. Өлім деген ұғым бар кезде солай болуы заңды да. Тек кейбір адамдар жалғыздығын сезбеу үшін өмірден басқа құндылықтар іздей бастайды, біреулер сол жалғыздығымен қалады. – «Әйелден ақын шықпайды» дегенді естіп едік. Бізде тек ақындықты ғана емес, әйел затына жазумен айналысуды мансұқтайтындар бар. Не себептен олай деп ойлайсыз? – Ер, әйел деп бөлу ұғымы надандық жойылмай, біздің қоғамнан да жойылмайтын шығар. Әйелді тұрмыстың дөңгелегіне қарай итеріп жіберіп, соның кесірінен қолынан дым келмейді деген ұғым қалыптасқан болуы мүмкін... – Сіздің туындыларыңызда мысқылмен бірге, өжеттік те бар. Жазушыда туған топырағының мінезі болады дегенге сенесіз бе? – Топырақтың мінезі болады, қан тартады дегендерге сенбеймін. Әр адам өзінше тұлға, жолында кездескен ерекшеліктерге байланысты, тәрбиесіне байланысты мінезі қалыптасады. Жылдар бойы тұлғалық қалыптасу процесінен өткеннен кейін сол болмыс адамның істеген ісінен, жазуынан көрініс табуы мүмкін. Мысалы, мен қыжыл, мысқылдарды көп жазсам, ішімде жылдар бойы жиналып қалған бір ыза, ашу, қарсылықтар бар болған шығар. – Лондоннан «Ақындары құрысын» деген тақырыппен кітабыңыз шығып жатыр. Баспамен келісімшарт жасасыпсыз. Шет елде, әсіресе Ұлыбритания мен АҚШ-та әдеби агенттіктердің қызметі әбден жолға қойылған. Жазушылар кітабын сатып табыс таба алады. Бізге ондай үрдіс келу үшін қанша уақыт керек деп ойлайсыз? Бұрындары еліміздегі баспадан кітап шығарған кездегі жағдайлармен де бөліссеңіз. – Біз әзірге жайбарақат кітап оқитын, жанымызды байытатын, соның рахатын ойлайтын деңгейден алыспыз. Әзірге қарын тойдыру қамымен ғана, елең-алаң етіп шауып жатырмыз. Дамушы елдерге тән көрініс деп айта аламын. Мына ғаламның бар қызығын, жаһандану жемістерін қызықтап, соны игере алмай, тәй-тәй басқан баладай анаған-мынаған бір жармасып, оны қорыта алмай әуреміз. Ал батыс елдері бұл процестен осыдан отыз-қырық жыл бұрын өтіп кеткен болуы мүмкін. Өз-өзімізге келіп алған соң, кітапқа да мән беріп, кәдімгі күнде дүкеннен нан алған сияқты етіп кітап іздеуіміз ықтимал. Сол кезде кітап саудасы дами бастайды деген болжамым бар. Мен кітабын шығара алмай қиналған адамдардың қатарынан емеспін. Себебі шығармаларым сұранысқа ие, қызығатындар бар. «Қаламгер» баспасынан коммерциялық мақсатта кітабым шықты, сатылды, оқылды, әлі де іздеушілер бар. Ал мемлекеттік тапсырыспен кітабымды шығарғым келмейді, кітап баспадан шығуын шыққанмен оның оқылуын, ізделуін қадағалайтын белгілі органдар жоқ. Мемлекеттің жанынан ақша шығарып алып, кітаптарымның жетімсіреп, кітапханаларда қалып қойғанын қаламаймын. Әрине, бұл жерде «Мемлекеттік мекеме – кітапханаларда да кітаптарыңыз болуы керек» деп айтуыңыз мүмкін. Кітапханалар керек кітап болса өздері іздеп сатып алады. Сондықтан кітаптарымды тек жеке баспалардан, коммерциялық мақсатта шыққанын қалаймын. Қатарлас жазушылар да осы принципті ұстанғандары дұрыс деп есептеймін. Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығартып алып, мемлекет бізді жарылқады, қолдады деп есеп беріп, кезекті науқанның құрбаны болып, өз-өзімізді алдаусыратпайық. – Қазіргі дамыған заманда әдеби аударма мәселесі күйіп тұрған тақырып. Ағылшын тілінің қажеттілігі күннен-күнге артуда. Сіздің де шығармаңыз ағылшын тіліне аударылды. Аударма көңіліңізден шықты ма? – Менің ағылшыншам те нашар, ағылшын тілін үйренемін деген ниетім әлі кейінге ысырылып келе жатыр. Сондықтан сапасын білмеймін. Бірақ аударма шетелде бір емес, екі жетістікке жетті. Сондықтан Миргүл Қали аударған кітаптың сапасы өте жоғары болған шығар деп ойладым. Себебі мен, мәселен, ақша төлеп аудартсам, тек табыс табу үшін аударылған шығармада жан болмауы мүмкін. Бұл жерде көңіліме қуаныш ұялатқаны – аудармашы өзінің қызығушылығымен, бастамасымен, ниетімен аударды. Демек, шығарманы сезіммен, махаббатпен аударды деген сөз. Қай жерде де адамдардың жеке қызығушылығымен жасалған дүние мықты болып шығады. – Кейіпкерлеріңізді өмірден алады екенсіз. Қысқа жазасыз. Алдағы уақытта көлемді дүние жазуға қалай қарайсыз? – Иә, сюжетке шорқақпын, көп жерде тек бейнелеумен, детальдарды ұтқыр табуыммен ғана ерекшеленіп тұрмын, сюжет туындамаған жерде шығарма ұзаққа шаба алмайды. Осы жерде осалдығым бар. Бірақ ойымда көлемді шығарма жазып көру бар. – Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!
Әңгімелескен Нұрлайым БАТЫР