Мешіттер неге сарғайды?
Мешіттер неге сарғайды?
Фото: ummet.kz
850
оқылды
Бірде байқаймыз, бірде байқамаймыз: күнде көріп жүрген нәрселер аяқастынан өзгеріп сала береді; неге олай болды деп бас та қатырмаймыз, «е, жөн екен» деп жүре береміз; мәселен, Қазақстан мешітте­ріндегі көк күмбез кейінгі жылдары жо­ғалды; оның орнын сары түс басты. Алтын жалатылған сары түсті күмбездер христиан шіркеулеріне тән секілді көрінетін еді, енді бұрынғы да, кейінгі де мешіттердің бәрінің күмбезі сап-сары... Неге бұлай? Пайғамбарымыз (с.ғ.с) алтынды жарат­паған деседі. Ер адамдардың алтын жүзік тағуы шариғат талаптарына қайшы келсе керек. Сары түс – сарғаюдың, сары уа­йым­ның белгісіндей қабылданатыны тағы бар. Мешіттердің көк күмбезі кім­дерге көз түрткі болды екен?!. Көк – көгеру, көркею, көбею ұғымын сыйдырған түс. Көк деп аспанды ме­ң­зейміз. Көк тәңірі деген де ұғым бар. Көк деп жерден өнгенді атаймыз. Шөптің түсі жасыл болса да қазақ оны «көк» дейді. Күмбездер де көк түсті еді... Тым алысқа бармай-ақ, Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің төбесіндегі көк күм­бездің алыстан менмұндалап тұрғанын айтсақ та болады. Бұхара мен Самарқанд се­кілді көне қалалардағы мешіттердің бә­рінде мешіттердің күмбезі көк түсті, олар­ды ешкім сары түске алмастыру туралы ойламайды да. Кезінде хазіреті Омар христиан шіркеулеріндегі әлем-жәлем, айқыш-ұйқыш, жалт-жұлт еткен безен­дірулерді көріп, мұсылман мешіттерінің сыртын Құран сөздерімен әдемілеп әдіптеуді өсиет қылған екен деген де сөз бар. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың бір хадисінде «мешіттерді тым әшекейлей бермеңдер» деген мазмұнда жазылған тағы бір сөз бар болатын... Қандай желеу, қандай себеп, қандай негіз болғаны белгісіз, Қазақстан мешіт­тері сол көк түстен айырылды. Алматыда­ғы орталық мешіттің көк күмбезі асқақ Алатау аспанымен астасып, әдемі реңк беретін. Ол да сап-сары боп шыға келді. Жаңадан ашылып жатқан мешіттердің барлығы да сары түсті күмбездермен көмкеріліп жатыр... Сонда қалай? Бұрынғы көзіміз үйрен­ген көк түс неге алтын жалатылған сары түске ауыстырылды? Себебі қандай? Уәжді жауапты бір кісіден естіген емеспіз... Қазір еліміздегі мешіттердің архитек­торлары негізінен алғанда шетелдіктер болып жүр және құрылыс жұмысын да шет­елдік құрылыс компаниялары жүр­гізеді. Астанадағы «Нұр Астана» мен «Әзірет Сұлтан» мешіттерінің құрылысын түрік компаниялары салды. Сары түсті таңдау солардан келді ме? Әлде біреулер солай етіңдер деп ақыл берді ме?.. «Алтын жалатылған сары түсті күмбез жаңбырдың суын өткізбейді екен, сол себептен де мешіттердің күмбезі сарғайтылып жатыр» деген сылтауды да құлағымыз шалды. Қазіргідей неше түрлі технология же­тілген, жетілдірілген заманда көк күм­без­ден де «су өткізбеуге» болатынын кімге барып айтарсыз? Сары түс атаулыға сон­шалық ашық қарсылығымыз да жоқ: сары күздің, піскен жеміс пен орылған егіннің, «алтын күз» деген атпен халықтың жа­дын­да бере­ке мен молшылық белгісін­дей кө­рі­нетінін білмейді емеспіз, білеміз. Алайда, көк аспанмен астасқан көк күм­без­­дердің кенеттен ғайып бола бастағаны ғана көңілге күлбүлтелі ой тастайтыны жаман. Көк түс – жаңарудың, жаңғырудың, жайнаудың түсі емес пе еді?!. Қазіргі Қазақстанның діни ахуалы жаңарған, жаңғырған, жайнаған қалыптан ауытқыды ма? Оның орнын сарғайған, сары уайымға салынған, сартап болған жағдай басты ма?!. Дін қарындастың діңгегі шайқалды ма?..Мешіт пен шіркеудің айырмасы төбесіндегі ай мен айқыш қана болып қалғаны ма? Ай мен айқыштың айқасында көк түсті сары түс жеңді ме? Бағытын таппай, бағдарын білмей, «мен» менен «менікін» айыра алмай жүрген жас өскін жастарымыз әйтеуір ғибадатхана ғой деп кірер есіктерін алмастырып, ауыстырып алса қайтеміз?!.