Қаңтар оқиғасы: қылмыскерлер Алматы әкімдігінде подполковникті өлтіріп, мәйітін өртеген
Қаңтар оқиғасы: қылмыскерлер Алматы әкімдігінде подполковникті өлтіріп, мәйітін өртеген
© 7-su.kz
1,511
оқылды
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласы әкімдігін күзеткен подполковникті қылмыскерлер өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз борышын атқарып, жаппай ұрып-соғу, көлік құралдарымен басып өту салдарынан және өздері қарусыз бола тұра оқ тиюден қаза болды. Мәселен, Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын күзетуге қатысқан, қарусыз әскери қызметші, подполковник Хаировтың өлімі кезінде ерекше қатыгездік орын тапты. Оның мәйіті ғимараттың шатырынан табылды. Зорлық-зомбылықпен өлтіруден кейін, қылмыскерлер айғақтарды жасыру үшін денесін өртеп жіберген. 39 жастағы офицердің отбасы мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның дерегінше, Алматы, Қызылорда, Тараз, Шымкент және Атырау қалаларында әкімдік, полиция, Президент резиденциясы, телемұнара ғимараттарына, дүкендер мен өзге де нысандарға қарулы шабуыл жасау кезінде 92 адам қаза тапты.
«Қоғамдық қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді бұғаттау мақсатында және жауынгерлік қаруды ұрлауға ұмтыла отырып, олар полиция органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараттарына ұйымдасқан және жақсы жоспарланған шабуылдар жасады. Олар өз іс-әрекеттерін тоқтатпай, мемлекеттік және жеке мүліктерді жойып, құқық қорғау қызметкерлерін де, қарапайым азаматтарды да өлтірумен қорқытты», – деді Бас прокуратура өкілі.
Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың толық тізімін жариялаған болатынбыз.