Берешегі барлар борыштан жалтарады
Берешегі барлар борыштан жалтарады
Коллаж: Елдар Қаба
596
оқылды
Әскер сапында жүргендердің өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиіледі. Бейбіт күнде Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жауынгерлердің жұмбақ өліміне қатысты мың түрлі нұсқа айтылады. Әйтсе де, қоғам «әскердегі әлімжеттік, командирлердің қорлығы өткен» деп сипаттайтын бұл жағдайлардың көбіне сапта жүрген сарбаздардағы қаржылық қиындықтар да себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің өзі айтты. Ең қызығы, вице-министр 18 жастағы жігіттердің арасында банкке 9 миллион теңге берешігі барларын да кезіктіруге болатынын атап өтті. Жақында ғана Шымкентте Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт ант қабылдамай жатып өз-өзіне қол салуға оқталды. Әскери бөлім басшылығы сарбазды аман алып қалудың жалғыз амалы психиатриялық ауруханаға жатқызу болғанын жасырмады. Ал жауынгердің өмірден баз кешуіне банк алдындағы 3 миллион теңге берешегі себеп болған көрінеді.   БАНК ЖАУЫНГЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫНА ҚАРАМАЙДЫ Отанды қорғау – әрбір ер азаматтың қасиетті парызы. Бұл Конституцияда да көрсетілген. Сәйкесінше, әскери борышты өтеуден жалтарғандар заң құрығынан құтылмайды. Дегенмен әскерге шақырту алғанға дейін бірнеше банктен қарыз алып үлгеретін жастар Отан алдындағы борыштан бұрын банк алдындағы берешекті өтеуді құп көреді. Бізде әскери борышын өтеуге аттанған жастардың қарызын уақытша тоқтата тұру мүмкін емес. Осыдан барып, жастардың көбі әскерге баруға асықпайтындай. Өйткені дәл қазіргі сәтте әскери қызмет ер азаматқа қандай да бір артықшылық беруден бұрын ауыртпашылық салады. Ақтаулық Асылзат Байжомартова жалғыз ұлын әскерге жібергісі келмейді. Өйткені анада «тепсе, темір үзетін» баласы табытпен орала ма деген қорқыныш басым. Оның үстіне, әскер жасындағы ұлы үйдің жалғыз асыраушысы әрі оның мойнында банктен алған бірнеше несиесі бар. Асылзаттың баласы әскерге кететін болса, аз қамтылған отбасының әлгі несиені төлемек түгілі қара нан мен қара суға зар болып қалуы да ғажап емес.
– «Азаматтық борышым» деп әскерге барар. Бірақ банктегі қарызын бір уайымдап, біздің жағдайымызды тағы уайымдап күйзеліске түспесіне кім кепілдік береді? Сол үшін әскерге баруға ниеті болғанымен, әзірге әлеуметтік жағдайы келмей тұр», – дейді Асылзат Байжомартова.
Әскери комиссариатқа шақырту алып, борышын өтеуге аттанатындар тиісті анықтаманы банкке апарады. Бір жылдық мерзімді әскери қызметке бара жатқанын дәлелдейтін қағаз банк алдындағы қарызды тоқтатуға септігін тигізе алады. Бірақ бұл заңмен қаралып, бұйрықпен бекітілмеген. Сол себепті «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегендей, берешекті уақытша тоқтатып-тоқтатпауды банктің өзі қарастырады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысынан әскерге шақырылған Әділбектің ай сайынғы несиесін қазір әпкесі жауып жүр. Өйткені бауыры Отан алдындағы борышын атқаруға кеткендіктен, ай сайын 33 мың теңге несиені төлеуге қаражаты жоқ.
«Бауырым әскерге кетерден бұрын банктен несие алған. Өзі 21 жаста. Былтыр 24 қарашада әй-шәйға қаратпай, әскерге алып кетті. Ал банк несиені кейінге қалдыруға келіспеді», – дейді Әділбектің әпкесі Ажар Айдарханова.
Дәл осындай жағдай 9 жыл бұрын Ақмола облысынан әскер қатарына шақырылған Айбардың да басынан өтіпті. Банктегі берешегі үшін ол бір жыл бойы әскер қатарында болғаны үшін берілетін жалақысынан қағылған.
«Несиені уақытылы төлемегенім үшін жалақыны аударатын картамды банк бұғаттап тастады. Соның салдарынан бір жыл бойы мемлекет тарапынан әрбір әскерге қажетті заттарды сатып алуға бөлінетін қаражатты ала алмадым. Тек борышымды өтеп келгеннен кейін ғана картамды аштырдым», – дейді ол.
  2 105 САРБАЗДЫҢ НЕСИЕСІ БАР Есте болса, Бейнеудегі шекара заставасында 19 жастағы сарбаз Еділ Тешебаевтың өлімінен кейін Мемлекет басшысы шұғыл шаралар қабылдауға бұйрық берген еді. Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов басшылық ететін арнайы комиссия құруды тапсырып, әскердегі өлім-жітімнің себептерін мұқият зерттеуді тапсырды. Себебі соңғы 10 жылда әскердегі сарбаз өлімі көбейген. Бұл сөзді әскери прокуратураның өзі де растап отыр. Мәселен, ресми ақпараттарға сенсек, отандық әскер сапында әр алты күн сайын бір қылмыс тіркелетін көрінеді. Айталық, былтыр құқық қорғау органдарының ресми деректері бойынша, әскердегі 16 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Ал биыл Қарулы күштерде өзін-өзі өлтіру фактісі бойынша ондаған қылмыстық іс қозғалған. Соңғы он жыл ішінде өз-өзіне қол жұмсаған 220-дан астам әскердің 90 пайыздан астамы отбасылық және қаржылық мәселелерімен, қызмет қиындықтарға шыдамаған және әскери ортаға бейімделе алмаған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қарулы Күштер қатарында әскери қызметін өткеріп жүрген 13 мың 718 мерзімді әскери қызметшінің 2 мың 105-ін де әскерге шақырту алғанға дейін ресімделген несие бар. Ал олардың қарызын уақытша кешіруді реттеу Қорғаныс министрлігінің қолынан келмейді. Себебі мерзімді қызмет өткеру кезеңіне кредит бойынша үзіліс беру мәселелері «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңның 36-бабы шеңберінде іске асырылады. Былтыр 1 қазаннан бастап күшіне енген бұл норма бойынша министрлік қаржы ұйымдарымен бірге мерзімі өткен қарыздармен жұмыс тәртібін реттейтін ішкі құжаттарға өзгерістерді енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның ішінде қарыз алушының мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңіне несиесі бойынша қайта құрылымдауды ұсынады. Оған сәйкес, Қорғаныс министрлігінің қолынан келетіні – борышкердің бір жыл бойы мерзімді әскери қызметті өткеріп жатқанын растайтын бір жапырақ анықтамасы ғана. Бірақ бұл анықтама кәдеге жарамай тұр.   КЕШІРІМ БЕРУ ҚҰПТАЛАДЫ Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев бейбіт уақытта әскери қызметшілердің өліміне жол берілмеу керек екенін айтады. Ал ата-аналар әскерде қызмет ететін ұлдары үшін алаңдамауы тиіс. Өйткені мемлекет олардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауап беруге міндетті. Оның айтуынша, патриотизмге баулу тек біліммен ғана шектелмейді. Оның сыртында әлеуметтік мәселе де кіреді.
«Мерзімді әскери қызметшілер үшін әлеуметтік пакетті қайта қарау қажет. Мысалы, әскерге шақырылушыларға әскери қызмет өткеру кезеңінде несиесін кейінге қалдыру қарастырылғаны дұрыс. Қажет болса, қызметті адал атқарғаны үшін әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен материалдық ынталандыру енгізсін. Ал мемлекеттік қызметке орналасу кезінде шақыру бойынша әскери қызмет өткергендер артықшылықты пайдалануы тиіс. Жоғары, арнаулы оқу орындарына түсу кезінде де осындай жеңіл діктерге ие болуы керек. Мәселен, әскери қызмет өткергендер ешқандай емтихансыз оқуға түсуіне мүмкіндік берілсе. Сосын алты айлық қызметтен кейін әрбір әскери қызметшіге қысқамерзімді демалыс берсе жақсы болар еді. Жауынгер үйіне барып, ата-анаға, бауырға, туған жерге сағышын басып келгені де көңілге медет, ертеңіне мол үміт пен қарауына септігін тигізеді», – дейді генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.
Сенатор Мұрат Бақтиярұлы әскерде белең алған суицидтің себебі көп екенін жеткізді. Оның сөзінше, бұл әлі де зерттеуді қажет етеді.
«Бізде мәселенің салдары мен күресіп, себебіне үңілмейді. Жақында тағы бір жас сарбаз өз-өзіне қол салды. Ол туралы әртүрлі әңгіме айтылды. Әскери қызметшілер марқұмның банк алдындағы берешегі бар екенін мәлімдеді. Өзім Кеңес одағының әскерінде болдым. Ол уақытта үлкендердің қорлығы шамадан тыс шығып кететін. Қазір де бұл жойылып кетті деп айта алмаймын. Кәсіби армияға айнала алмай жатырмыз. Сондықтан суицидтің себебін несиеге жаба салуға болмайды», – дейді сенатор.
Бұл айтылған сөздің жаны бар. Сенатордың айтуынша, қазір банк алдындағы халықтың берешегі 12 триллион теңгеден асқан. Оның ішінде кеше ғана мектеп бітірген жастар да бар.
«Оларды несие алғаны үшін жазғыра алмайсың. Себебі кәсіп жасағысы келуі мүмкін не болмаса мәжбүрліктен алған шығар. Әрбірден кейін ол сарбаз Отан алдындағы міндетін атқарып, банктің де, елдің де тыныштығы үшін қару ұстап, Отанды күзетіп тұр. Сол үшін банк те бұл сарбаздың қарызын уақытша тоқтату керек» деген Мұрат Бақтиярұлы алдыңғы кезекте шетелдегідей «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңды қабылдап, қоғамның игілігі үшін жұмыс істеуін қарастырған жөн екенін тілге тиек етті.
Айтуынша, қазір несиені жұрт жыртыққа жамау таппаған соң алады. Бір банктен алған қарызын екінші банктен қарыз алып жабады. Екіншіден, банктердің оңды-солды несие беруін заңмен тоқтату қажет. Өйткені қаржылық сауаты төмен халық тұрмыстық техника үшін де кредитке баспен кіріп, қарыздың қамытын киіп жатыр. Бейбіт күндегі сарбаз суициді қорғанысымыздың халін көрсетеді. Әрине, мерзімді әскери қызметшілердің өмірі үшін жауапкершілік командирге жүктелетіні түсінікті. Бірақ қолына автомат ұстап, сарбаз атанбай тұрып ол азаматтық қоғамда пісіп-жетіледі. Сондықтан әскердегі суицидтің артында әлімжеттік қана емес, күрмеуі қиын әлеуметтік-тұрмыстық жағдай да отқа май құйып отырғанын жоққа шығаруға болмас. Сондықтан Отан алдындағы борышты өтеуді міндеттеген мемлекет, олардың әскердегі алаңсыз өміріне де кепілдік беруі керек секілді.