Қант өндірісіне құнт керек
Қант өндірісіне құнт керек
© коллаж: Елдар Қаба
946
оқылды
Қазақстан толық тұтынатын құмшекердің жартысына жуығын өзі өндіріп шығарған заман болған. Қазір бұл тәттінің өзіміз жейтін көлемінің бар-жоғы 7 пайызы ғана елімізде жаса­ла­ды. Осыншама құлдырайтындай бұл салаға не зұлмат-зауал келді? Неге Қазақстанның осы нарығы 90 пайыз Ресейге тәуелді болып қалды? Ауыл шаруашылығы министрлігі әзір­леп отырған қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспар жағдайды түзей ала ма? Осы және басқа сауалдарға жауап іздеп көрсек.   Қызылшаға қырын қарағандар Шілде соңында журналистермен кездескен сол кездегі вице-премьер – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов салада ауыр жағдай қалыптасқанын ашық мойындады. Бұл кезде ауыл түгіл, қалалардың өзінде қант тапшылығы өршіп тұрған болатын.
«Қантта Қазақстан импортқа қатты тәуелді. Қазір өзіміз тұтынатын бүкіл қанттың тек 7 пайы­зын отандық қызылшадан өндіреміз. Қалған кө­лемінің 90 пайызға жуығын Ресейден тасимыз. Ша­малы бөлігін қант құрағы түрінде Бразилиядан жә­не бірқатар өзге елдерден импорттаймыз. Бұған дейін қант саласын дамыту үшін қаншама бағ­дарлама қабылданып, жүзеге асырылды. Соған қарамастан, өндірісті ынталандыра алмадық. Сөйтіп, ішкі тұтынысты ішкі өндіріспен толық қам­тамасыз ете алмадық», – деді Б.Сұлтанов
Ал сарапшылар қант тапшы­лығына Сауда және интеграция министрі мен Ауыл шаруашылығы министрі екеуі де айыпты деген пікір білдірді. Себебі Қазақстанда қант қызылшасының өсімі құлды­рап барады. Мысалы, Жамбыл об­лысы осы өнімді өсіретін негізгі өңір саналады. Статистикалық де­ректерге сәйкес, 2021 жылы 160,3 мың тонна қызылша ғана жинал­ған. Салыстыру үшін айтсақ, 2017 жылы – 206,1 мың, 2018 жылы – 192,9 мың тонна тәтті түбір жинал­ған екен. Содан бері бұл сала құр­дымға кетті. Аграршылар мұны Ауыл шаруашылығы министр­лігі­нің субсидиялау саясатындағы ол­қылықтардың салдары деп санайды. Үкімет ел Президентіне 2023 жылы Қазақстан қанттың 60 пайы­зын өзі шығарып, азық-түлік тә­уел­сіздігіне қол жеткізетінін баян­даған. Алайда шынайы жағдай мен бұл цифр арасында алшақтық бар. Мысалы, Алматы, Жамбыл об­лыстарында бұрын іске қосылған 7 қант зауытының бүгінде тек төр­теуі ғана жұмыс істесе, олардың өзі 31 пайыздық жүктемемен қант өндіріп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға қарай қы­зылшадан өндірілетін қанттың үле­сін қазіргі 7-ден 43 пайызға де­йін арттыруды жоспарлады. Әйт­кенмен, соңғы 4 жылда қант қы­зыл­шасы егістігінің көлемі үштен бірге азайып кетті.   Тәуелділік тоқырауға бастайды Бар гәп ауыл шаруашылығында болса, сауда мен интеграцияға жа­уапты Б.Сұлтановтың қантқа қан­дай қатысы болған? Отандық қант зауыттары бұрынғы жылдары өз­дері өндіретін құмшекердің көбін қызылшадан емес, қант құрағынан алып келді. Шикізат Бразилия, Мексика, Үндістаннан жеткізілді. Сарапшылардың мәліметінше, 2010 жылы Кеден одағына кіргенде Қазақстан шикізатты – қант құра­ғын өзіне 10 жыл бойы баж салы­ғын­сыз тасуға қол жеткізіпті. Осы­ның арқасында отандық қант өнді­рісі қарқынды түрде өркен жайды. Қазақстандағы қант тапшы­лы­ғын талдаған Германияның же­текші Deutsche Welle басылымының сарапшылары бір маңызды жайтты қаперге салды: Қазақстанда тіпті қант қызылшасының шығымы мол болса да, ол қант зауыттарының жыл он екі ай жұмысын қамтамасыз ете алмайды екен. Өйткені құра­мын­да ылғалы көп саналатын қы­зылша қытымыр қыс түскенде қа­тып қалады. Онысы жібітсе, өң­деуге жарамайды. Оған қоса, тәтті түбірді үлкен көлемде жылы қоймада сақтау қиын әрі қант өн­дірісін қым­баттатады. Сондықтан зауыт­тар қыс пен көктемде және жаздың басында шетелдік қант құрағын өңдеп, ісін дөңгелетіп келген. Бірнеше жыл бұрын ресейлік қант өндірушілер беларустік әріп­тестерімен бірігіп, Еуразиялық одақ аясында ұйымға мүше емес елдерден қант құрағын тасуға ты­йым салу бастамасын көтерді. Одақ нарығын өз өнімімен жаулауға құ­мартқан Мәскеу бұл идеяны құп­тап, оны өзге мүшелерге тықпа­ла­ды. ЕАЭО аясында барлық шешім ымыра-консенсус негізінде қабыл­да­натыны, яғни бір мүше мемлекет қарсы шықса, бастама өтпейтіні белгілі. DW дереккөзінше, үш жыл бұрын қазақстандық келіссөзшілер Мәскеудің қысымына шыдас бере алмай, көніп, келісе салған. Ал келіссөз бен интеграцияға Б.Сұл­тановтың министрлігі жауапты. Салдарынан одақ аясында қант құрағына баж салығы енгізілді, оны импорттау біздің зауыттар үшін тиімсіз болып қалды. Қазақстанға ресейлік арзан қант келді. Бүкіл логистика солтүстік көршіге бағ­­дарланды. Бразилия, Мексика сияқ­ты елдермен арадағы тасымал тізбегі, келісімшарттар бұзылды. Республика құмшекерде Ресейге тәуелді болып қалды. Бұған отан­дық қант қызылшасы шаруашы­лы­ғының шатқаяқтауы келіп қосылды. Әрине, Қазақстан ресейлік қант пен одан жасалған өнімдермен қажетті өтеп жүре берер еді. Алайда араға Ресейге салынған санкция­лық қысым килікті де, солтүстік көр­шіміз өз нарығындағы тұрақты­лықты сақтау үшін биыл наурызда қант экспортына тыйым салды. Сәуір айында Беларусь те осы өнім экспортына мораторий жариялады. Қазақстанға қантты Украина да жеткізетін, бірақ соғыс салдарынан оның бұған мүмкіндігі қалмады. Қант импортының жолы жабылған сәттен Қазақстан дүкендерінің сө­релерінен құмшекер жоғалды. Ішкі нарықта тапшылық туындады. Экономист Арман Бейсембаев тапшылықты дер кезінде мойын­дамай, министрлер уақытты босқа жіберіп алғанын қаперге салды.
«Наурызда министрлер РФ ен­гізген уақытша мораторийге үн қатуға асықпады. Ол аяқталғанша, елдегі қант қоры жетеді деп ойлады. Қант тез таусылатынын, конди­тер­лік фабрикалар тапшылық кесі­рінен тоқтайтынын болжап, нау­рыз­да, көктемгі егіс кезінде фер­мер­л­ерге субсидия, ресурстар, тех­ника бөліп, ауыл шаруашылы­ғының бүкіл әлеуетін жұмылдыру қажет еді. Сонда күзге қарай қант қызылшасынан мол өнім алып, бұрын тоқтаған қант зауыттарын қайта іске қосып, ішкі сұраныстың үлкен бөлігін өтеуге болатын еді. Бірақ мұның бірі де жасалмады. Биыл қант қызылшасы 12 мың гектарға ғана егілген. Бұл ішкі сұ­раныстың небары 28 пайызын өтей алады», – деді экономист.
Қазақстан Мәскеумен келіс­сөз­дер арқылы Еуразиялық одақ аясында 350 мың тонна қантты шет­елден бажсыз әкелуге қол жет­кізе алды. Кейін мұның да жетпей­тінін ұғынып, тағы 100 мың тон­насын сұратты. Оны жеткізу үшін Бразилиямен, Үндістанмен, Вьет­наммен келіссөздер жүргізілді. Әйтсе де, бұрын болған жеткізу тіз­бегінің бұзылуы жағдайды тез тү­зеуге мүмкіндік бермеді. Тек отан­дық егіншілер қант қызыл­ша­сының жинай бастаған соң ғана бүгінде дүкен сөрелерінде қайтадан қант пайда болды.   Оңтүстіктің монополиясын жою қажет Сарапшылардың пайым­да­уынша, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі әзірлеген қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспар биылғы қант тапшылығын жоюға ықпал ете алмайды, ол болашаққа бағытталған. Бұл бағдарламада қант зауыттарының қажеттіліктерін ескеріп, оларды өз шикізатымызбен қамту үшін қант зауытынан 150 шақырым радиуста қант қызыл­шасын өсіруге жарамды, пайда­ланылмай жатқан ауыл шаруашы­лығы мақсатындағы жерлерді беру жос­парланған. Құжатты талқылауға қатысқан аграршы-маман Тимур Сегізбаев мұндай тәсіл Ресейде қолда­ныл­ғанын ескертті.
«Қант зауытының айналасын­дағы 150 шақырым ұлан-ғайыр жерді тек зауыттарға таратып бе­руге болмайды. Бұл жерлер қызыл­ша өндіруші фермерлерге де берілуі керек. Әйтпесе, Ресейдің қателігін қайталаймыз. Оларда қант зауыт­тары мемлекеттен мол көлемде жер алған. Кейін губернаторлар қант за­уыттары қожайындарына жүгі­ніп, өз аграршылары үшін қант қызылшасын өсіруге квота, жер беруді сұрауға мәжбүр болды. Егер мемлекет жер берсе және өнімді сатып алу бағасын көтерсе, онда қант өсірушілер 2023 жылы тәтті түбірдің егіс алаңдарын кем дегенде 2 есе арттыруға дайын», – дейді кәсіпкер.
Агроөнеркәсіптік кешендегі Қазақстанның іскерлік кеңесінің басқармасы төрағасы Қанат Әбіл­мағжанов Үкіметтің қант қызыл­шасын өсіруді Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарымен ғана шек­тегеніне қарсы екендерін айтады.
«Кешенді жоспар қант шаруа­шылығын елдің тек оңтүстік өңір­лерінде шоғырландыруды және ол үшін суарылатын жерлерді пай­далануды қарастырады. Бұрыннан жүргізілген мұндай саясат ақыр соңында қант зауыттары жылына 2-3 ай 15-30 пайыздық жүктемемен жұмыс істеуге мәжбүр болды. За­уыттарды отандық шикізатқа кө­шіру қызылша егістерін кеңейтуді талап етеді. Қант саласын шикізат­пен толыққанды қамту үшін қы­зылша егістігін жоспардағыдай 38 мыңға дейін емес, ең кемі 120-150 мың гектарға дейін ұлғайту керек. Алайда оңтүстікте осынша мол жер­ді бір дақылға беру табысты­лығы жоғары басқа дақылдарды егістен айырады, мысалы, жеміс, бақша дақылдары әр гектарынан шамамен 9,5 млн теңге кіріс әке­леді», – деді Қанат Әбілмағжанов.
Оның үстіне, қызылшадан айыр­машылығы сол, бақша, жеміс дақылдары оңтүстіктен басқа өңір­лерде не өспейді, не жақсы өнім бермейді. Қауымдастық төрағасы АҚШ-тың солтүстік штаттарының, Канаданың қызылшадан қант өн­діру тәжірибесін үлгіге алуды ұсы­нады. Оларда қызылшаны сақтау технологиялары қолданылады: аязды қыста өнім термоангарларда, қалың қар астындағы «кагат» кү­йінде сақталады. Бұл қант зауыт­тарының жұмыс мерзімін жылына 220 күнге дейін ұлғайтуға жол аша­ды. Қазақстандық зауыттар қант қызылшасын жылына тек 90 күн­дей өңдейді. Көрші Ресей де оңтүс­тік өңір­лерімен шектелмей, қызыл­ша­ны Алтай өлкесінде өсіре бастады. Осыған орай, АӨК-тегі Қазақ­станның іскерлік кеңесі пробле­маны шешу үшін Үкіметке қант қызылшасын солтүстік, орталық және шығыс облыстарда да өсіру ұсынысымен шығып отыр. Пав­ло­дар және Солтүстік Қазақстан об­лыстарында егіншілеріміз өз бетін­ше қызылша егіп жүр. Оның қо­рытындысы, бұл өңірлерде әр гек­тар­дан 35-37 тоннадан өнім жи­науға болатынын паш етті. Сон­дай-ақ қант зауыттарының, фер­мерлердің, ресурс жеткізушілердің күштерін біріктіретін индустриал­дық-инновациялық кластер құрған жөн көрінеді. Кластерлік коопера­ция техниканы және қант зауыт­тарында бар машина-тракторлық станса (МТС) жабдықтарын, сон­дай-ақ қызылшаны сақтау инфра­құрылымын ортақ пайдалану есе­бінен фермерлердің шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Қалай болғанда, онсыз да со­зылмалы дағдарыстан қажыған хал­қымыздың өмірін сәл де бол­са тәт­ті ететін құмшекер өндірі­сін да­мыту үшін кешенді көзқа­рас, жан-жақты саясат қажет екені даусыз.