Степногорға цианидтен қауіп бар ма?
Степногорға цианидтен қауіп бар ма?
648
оқылды
Степногор қаласының іргесінде орналасқан алтынды аймақ Бестөбедегі оқыс оқиғалар жұрт жадында. Соңғы жылдары экологиялық ахуалы күрт нашарлап, басынан бұлт арылмаған Бестөбеден жақында тағы шу шықты. Бұл жолы алтын қалдықтары қоймасы орналасқан бөгет бұзылып, тұрғындардың үрейін ұшырды. Әрине, бөгеттің бұзылуы тұрғындардың өміріне анау айтарлықтай қатер төндіре қоймады. Тек, «Аса қауіпті цианид жерге төгілген екен» деген сөзден кейін жергілікті тұрғындарда ес қалмады. Әлқисса, 11 тамыз күні жоғарғы жағы қар мен жаңбыр суынан толған бөгет бұзылып, лықси төгілген су сарқырап ақты. Бестөбелік белсенділер бөгеттен су мен бірге жерге аса қауіпті цианидтің төгілгенін айтып дабыл қағуда.
«Біздің жылдар бойғы қаупіміз расталды. Алтын қалдықтары сақталатын бөгет бұзылып, ол сыртқа сарқырап ақты. Цианид жерге тонналап төгілді. Бұзылған бөгеннен аққан цианид төгілген жерге кент тиіп тұр. Тіпті Бестөбені сумен қамтитын су тартқыш станса да бұл жерден 200 метр ғана жерде орналасқан. Дамба бұзылған жерге Степногор қаласының әкімі де, «Алтын Алмас» компаниясынан да адамдар келді. Судан сынама алып кетті. Бірақ әзірге ешқандай хабар жоқ. Әкім тып-тыныш отыр. Халықтың әбден мазасы кетті. Жағдай аса күрделі», – дейді Бестөбе кентінің белсенді тұрғыны Николай Катчиев.
Бестөбеліктердің наразылығын тудырған мәселе бойынша Степногор қаласы әкімдігімен тілдеспек болдық. Бірақ әкіммен сөйлесу мүмкін болмады. Есесіне, әкімнің орынбасарының пікірін білгенбіз. Ол барлық қауіпті жоққа шығарды.
«11 тамызда бөгеннің ернеуінен су аққаны рас. Толассыз жаңбыр жауып, су толғаннан кейін ағып кеткен. Алтын өндіруші «Алтын Алмас» компаниясы оны дереу жапты. Судан сынама да алған. Егер қандай да бір қауіп болса, эколог мамандар хабардар етер еді. Бестөбеліктер тұтынатын суға цианид қалдықтары түседі деу де негізсіз. Өйткені су тұрғындарға құбырлармен барады. Оған қалдықтардың түсіп кетуі мүмкін де емес. Аталған жағдай әкімдіктің бақылауында», – дейді Степногор қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатов.
Алтын өндіруші «Алтын Алмас» компаниясы да алтын қалдықтары сақталатын қойма бөгеті өткен жылдан бері қолданылмай бос тұрғанын, сондықтан экологияға төнетін ешқандай қауіп жоқтығын мәлімдеді.
«Мол жауыннан өткен жылдан бері пайдаланылмай келген қалдық қоймасының жиегіне жаңбыр суы толды. Қойманың құрылымын бұзып алмау үшін жаңбыр суын бөгеттен ағызып жіберуге шешім қабылданды. Дәл осы сәтті жергілікті тұрғындар оны бейнероликке түсіріп алып, шу шығарды. Аққан судан зертханалық талдау жүргізу үшін сынама алынды. Қалдық қоймасы өткен жылдан бері қолданылмағандықтан технологиялық судың ағып кетуі мүмкін емес. Бөгеттің тұтастығы бұзылмағанын атап өткен жөн», – дейді «Алтын Алмас» акционерлік қоғамы қоғаммен байланыс және коммуникациялар департаментінің директоры Анар Сәуірбекова.
  P.S.
Сонымен, жұртты дүрліктірген оқиға бойынша дау ұзаққа созылатын сияқты. Тараптардың ортақ мәмілеге келетін түрі көрінбейді. Бұл орайда тиісті мамандардың алтын қалдықтары төгілген суды талдап тексеруі қажет сияқты. Соның нәтижесінде ғана мәселеге жергілікті билік назар аударып қалар.

Ақмола облысы