СІМ Лаостағы отандасымыздың тағдырына қатысты мәлімдеме жасады
СІМ Лаостағы отандасымыздың тағдырына қатысты мәлімдеме жасады
446
оқылды
ҚР Сыртқы істер министрлігі Лаоста алдауға түскен отандасымыздың тағдырына қатысты мәлімдеме жасады.
«Биыл 19 тамызда отандасымыз консулмен байланысқа шығып, өз жағдайын хабарлады. Қазақстан Республикасының Ханойдағы елшілігі Лаостың Сыртқы істер министрлігіне азаматымызды құтқаруға барынша көмек көрсету туралы тиісті нота жолдады. Лаос полициясы бұл мәселемен айналысып жатыр, ертең Лаостың сыртқы істер және ішкі істер министрлігі өкілдерімен келіссөздер өтеді» делінген ресми ақпаратта.
Хабарламада айтылғандай, отандасымызға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
«Жерлесіміз дипломаттармен және туыстарымен үнемі байланыста. Айтуынша, құжаттары мен телефонын алып қоймаған, телефон мен интернет байланысын шектемеген, сондай-ақ күш қолданбаған», – дейді ведомстводан.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, отандасымыз Таиландқа және одан әрі маршрут бойынша өз еркімен барған.
«Азаматшаның айтуынша, егер ол өзінің ұшуына, тұруына және басқа да шығындарына жұмсалған қаржыны қайтарса, жұмыс берушілер оны жіберуге дайын», – деп толықтырды министрлік.
Сондай-ақ, ресми ақпаратта аталған мәселе Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінің ерекше бақылауында екені айтылған.
«Сыртқы істер министрлігі және ҚР Вьетнамдағы елшілігі отандасымыздың елге оралуына қажетті көмек көрсетеді. Қазақстан СІМ азаматтарынан шетелде жұмыс істеу үшін құжаттар мен келісімшарттарға қол қоюға дейін және шетелге шыққанға дейін оларды мұқият зерделеуді, сондай-ақ күтпеген жағдайлардың туындауын болдырмау үшін жұмыс берушілерді тексеруді сұрайды», – деп хабарлайды СІМ-нің баспасөз қызметі.