Атакәсібі – омарташылық
Атакәсібі – омарташылық
520
оқылды
Қызылорда облысы Жаңа­қорған ауданы Түгіскен ауы­лын­да тұратын Рүстем Айтбаев әке жолын жалғап омарташы­лық кәсіппен айна­лысады. Оның әкесі ерекше кәсіпке 1982 жылы ден қойып, одан өмірінің соңына дейін қол үзбеген екен. Әкесі бақилық болған соң бұл кәсіп балаға мұра болып, Рүстем де омарташылықты игеруді мық­тап қолға алды. Бала кезінен әкесінен көргендері мен көңілге түйгені Рүс­темге көп көмегін тигізді. Бал ара­сын баптауда асқан қиындық туын­даған жоқ. Соның арқасында әкеден қалған кәсіпті тұралатпай, ши­ратып алып кетті. «Бал арасын баптау атакә­сібімізге айналды. Бүгінде 300-дей ұяшықты күтіп-баптап отырмыз. Сондай-ақ Жаңақорғандағы шипажайдың да арасын мен бағамын. Шипажай ол араларды емдік мақсатта пайдаланады», – деп түсіндірді бізге омарташы. Оның айтуынша, әр ұяшықта бір аналық ара болады екен. Ал ата­лық аралар көп болады. Негізінен, аралар бірнеше топқа бөлініп «жұмыс» істейді. Бірі су тасыса, келесі бөлігі бал жинаумен айналысады. Араның күтімі де оңай емес. Екі мезгіл қарап, баптап отырмаса, ұясын тастап қашып кетеді екен. Омарташы бал араларын арнайы тіркемеде бағады. Осы тіркемемен оларды жайлы орынға көшіріп отырады екен. Аралар да асылтұқымды болып, бірнеше топқа бөлінеді. Рүстем аналық араны Шымкент, Алматы қаласымен қоса, Ресей елі­нен арнайы тапсырыспен алдыртқан. Сол арқылы бал арасының санын арттырып, баптап отыр. Бүгінде Рүстемнің иелігінде ара­ның «Карпат», «Каменка» деген екі асылтұқымды түрлері бар. Негізінен, бал жинап, көл-көсір өнім беретін араның осы екі түрі. Оларға үлкен күтімнің де қажет екенін тіл­ге тиек етті. Қазір омарташы ұлы мен інісі үшеуі бал арасын өсіріп, кәсібін дөң­гелетіп отыр. Өндірілген өнім­ді арнайы тапсырыспен сатады. Сондай-ақ шипажайды да табиғи балмен қамтамасыз етіп келеді. Омарташы өз сөзінде бал арасын өндірушілерге мемлекет тарапынан көмек берілмейтінін айтады. Ең алғаш кәсіпкер ретінде шаруасын заңдастырған кезде бір жылға субсидия алған. Одан кейін ешқандай көмек болмағанын алға тартты. Ең бастысы, қысқа таяу өнім қал­­дырып, көктемге дейін ара­лар­ды күтіп-баптау қажет. Осы аралықта араларды қантпен бағу қажеттілігі туын­дайды. Қысқы азық ретінде бал­дың біршама мөл­шерін қорек ре­тінде қалдырады екен. Сол кездері аз ғана қаржы­лық қиындық болатынын жеткізді. Негізінен, табиғи бал тез қатып қалады. Соны ерітіп, арнайы ыдыс­тарға құйып сатады. Бұл үлкен ең­бекті қажет етеді. Омарташы мұн­дай табиғи балдың адам денсаулығына пайдасы орасан екенін жеткізді. Омарташы Рүстем – бес баланың әкесі. Жұбайы ауыл мектебінде мұғалім болып еңбек ете­ді. Қара шаңырақтың түтінін түте­тіп, қарт анасына қамқор бо­лып отыр. Бал арасын баптауда әр­дайым анасының ақыл-кеңесіне құлақ түріп жүреді. Омарташы келешекте кәсібін кеңейтуге ниетті екенін айтты. Алайда қаржылық қиындық қолбайлау болып тұр. Мемлекет тарапынан бұл кәсіп түріне айтарлықтай қолдау жасалса, түгіскендік балмен елімізді жеткілікті деңгейде қамтамасыз етуге болатынын жеткізді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы