«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті бірқатар былықтың бетін ашты. Атап айтқанда, корпорация мемлекет мүлкін заңсыз сатумен, жекелеген кәсіпкерлердің мүддесін қорғаштаумен және 0,1 пайыздық ресми емес несиелеумен айналысқан. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Сергей Перов атап өткеніндей, «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өзіне жүктелген қызметпен емес, мүлде басқа жұмыспен айналысып келген. Корпорация мемлекет пен бизнестің әріптестігі қағидатымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалдасуы тиіс болатын. Оның орнына бұл кәсіпорын жергілікті атқарушы биліктің өңірлік қысқамерзімді ағымдағы мәселелерін шешумен айналысқан. Атап айтқанда, азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеумен және жекешелендіру рәсімдерін айналып өтіп мемлекет мүлкін сатумен шұғылданған. Корпоративтік басқару жүйесінде де, сондай-ақ несие беру, тұрақтандыру қорының жұмысы, мемлекет мүлкін сату қызметінде де жүйелі тәуекел бары анықталды. Жалпы алғанда, корпорация қызметіне қатысты 23 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Оларды жою үшін 40 ұсыныс жасалған екен. Корпорацияның көлдермен және балық шаруашылығымен айналысқаны өзіне тән емес қызметті іске асырудың және табиғи ресурстарды тиімсіз пайдаланғанының мысалы бола алады. Талдау барысында анықталғандай, 2020 жылдың соңына дейін 4 тұзды көл әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның пайдалануында болған. Бұл су қоймаларынан тиісті рұқсатсыз «артемия» деп аталатын қымбат шаяндар өндірілген. Бұл аз болғандай, көлдер заңнаманы бұза отырып, шаян аулау үшін үшінші тұлғаларға беріліп, олар өз кезегінде «артемияны» арзанға сатқан. Бүгінгі күні корпорацияның пайдалануында балық өсіруге арналған 5 су қоймасы бар. Тәуелсіз аудитордың есебіне сәйкес су қоймаларына балық жіберу жұмысы тиімсіз атқарылғаны анықталды. Балық өсіруге арналған материал жыл сайын сатып алынғанына қарамастан, бірақ аулау көрсеткіші төмендеген. Мемлекет мүлкін тікелей сатқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет анықтағанындай, екінші заң бұзушылық – корпорация барлық тиісті рәсімдерді айналып өтіп, мемлекет мүлкі мен жер телімдерін тікелей белгілі бір кәсіпкерлерге сатқан. Талдау барысында құрылыс учаскелері осылайша бөлінгені белгілі болды. Бұл тұрғыда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация әкімдіктен алынған мүлікті немесе жер телімін тікелей сату үшін делдал болып келген. Тікелей сату ашықтықты және бәсекелестікті жояды, жекелеген бизнес субъектілеріне артықшылық жасауға мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысы Сергей Перов айтқанындай, 50 миллион теңгеге үш жер телімі бір құрылыс компаниясына сатылған. Бұл кәсіпкердің сойылын соғуды білдірсе керек. Әрі бір жер теліміне корпорацияның меншік құқығы да болмапты. Кейін корпорация жер телімін бір азаматтан сатып алып, құрылыс компаниясына екі есе қымбатқа сатқан. Дәл осы жер телімін мемлекет меншігіне қайтару туралы Петропавл қаласы әкімінің қаулысы да бұл мәмілені жасауға кедергі бола алмапты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті бұдан басқа Жер кодексін бұзудың тағы алты дерегін анықтаған. Петропавл қаласының әкімдігі аукцион өткізбестен «Солтүстік» корпорациясына жер телімдерін беріп, кейін олар көпқабатты үйлер салу үшін заңды тұлғаларға сатылған. Алайда қызметтің бұл түрі басым инвестициялық жобалар тізбесінде көзделмеген.
«Тікелей мәміле жасасу мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу жөніндегі Кәсіпкерлік Кодекстің 192-бабына қайшы келетінін атап өткен жөн. Өйткені жер учаскелерін, жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату жөніндегі қызмет корпорацияның қызмет түрлеріне жатқызылмаған», – деп атап көрсетті Сергей Перов.Қызметі – құпия Тағы бір тәуекел – ұйымның қаржы-шаруашылық қызметінде ашықтықтың жоқтығы. Айта кету керек, бұл корпорация 100 пайыз мемлекет меншігінде. Корпорацияның ішкі құжаттарына сәйкес, «Солтүстік» өзінің қаржы-шаруашылық қызметі туралы барлық ақпаратты құпия санатына жатқызыпты. Осының өзі бармақ басты, көз қыстылыққа жол ашып, қаржыны ұтымсыз және тиімсіз пайдалануға итермелейді. Сыртқы талдау барысында басшысы директорлар кеңесінің мүшесімен үлестес «ЕКПІН-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 159,1 млн теңге мөлшерінде қарыз беру кезінде корпоративтік мүдделер қақтығысы бары анықталды. Бұдан басқа, тұрақтандыру қорының қаражатын бизнес субъектілеріне қаржылық қолдау көрсету үшін пайдалану фактілері анықталды. Яғни, 0,1 пайыздық үстемемен бейресми несиелеу орын алған. Мәселен, бір кәсіпкер тауық сатып алу үшін 50 миллион теңге қарыз алыпты. Кейін ол небары 9 миллион теңгенің өнімін жеткізіп беріп, қалған 41 миллион теңгені 0,1 пайыздық үстемақымен қайтарған. Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанғаны белгілі болды. Айта кету керек, ішкі талдау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелінің бірде-бірі анықталмаған. Осының өзі сыбайлас жемқорлық шараларына бұл ұйым көз жұма қарағанын көрсетсе керек. Іс-қимыл жоспары қабылданды Сыртқы талдау қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті жемқорлық тәуекелдерін азайту бойынша бірқатар ұсыныс жасады. Ең алдымен, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны қайта жаңғыртудан бастау керек. Атап айтқанда, басым қызметтерді өзгертіп, жүктелген миссияға тән емес жұмыстан, мәселен, мемлекет мүлкін және жер телімдерін тікелей сатудан, бас тарту керек. Корпорация өңірге инвестициялар тарта отырып, инвестициялық жобаларды іске асыратын алаңға айналуға тиіс. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенінде жұмыс орындарын ашатын жаңа жобаларды дамытса игі. Ашық және тәуелсіз директорлар кеңесін қалыптастырып, басқару тиімділігіне жыл сайын бағалау жүргізіп, ашықтық қағидаттарын іске асыру арқылы корпоративтік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру қажет-ақ. Жұмыстың тиімділігіне қарай еңбекақы төлеу жүйесін енгізу, ішкі аудит институтын іске асыруға әрі барлық негізгі бизнес-процесстерді, әсіресе тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар тауарларды есептеу мен бөлу жүйесін автоматтандыруға кеңес берілді. Сонымен қатар тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алуда ашықтық пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажеттігі, хабарландырулар жариялап және тиісті өтінімдерді жинай отырып, кредит беру рәсімінде қолжетімділікті арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Конкурстық негізде қарыз беруде рентабельділік қана емес, сондай-ақ қайтару пайызы жоғары және жаңа жұмыс орындары құрылатын өтінімдерге басымдық берілуі тиіс.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын қайта құру жұмыстары басталды. Қарыз беру және тұрақтандыру қорының жұмысы екі департаментке бөлінді», – деді Марат Тасмағанбетов. Облыс әкімінің бірінші орынбасары аталған тәуекелдер жойылады деп сендірді.Талдау қорытындысы бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі іс-қимыл жоспары қабылданды.
Солтүстік Қазақстан облысы