Ұжым неге Президентке хат жазды?
Ұжым неге Президентке хат жазды?
381
оқылды
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық драма театры ұжымы Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұ­рап, хат жазды. Хат мазмұ­ны­­на қарасақ, ұжым театр бас­шы­­сы Сәбит Әбдіхалықов­тың ор­нында қалуын қалап отыр. Хатта: «1 жылға жуық қызмет ат­­қарған Сәбит Әбдімүтәліпұлы Әб­діхалықовты лауазымынан бо­­­сатады деген әрекеттер Сізге хат жазуға мәжбүрлеп отыр. Ди­рек­­торды қандай себеппен ла­уа­­зымнан алып тастайтыны бел­­­гісіз. Тағайындалатын жаңа ди­рек­тордың қандай себеппен қо­йы­­л­ып жатқаны да бізге бей­мә­лім. Директордың денсау­лы­ғы­на байланысты лауазымынан бо­сату туралы арызы мәжбүрлі түр­де жасалған деп есептейміз. Ұжы­м­ның көкейін мазалаған осы сұрақ­тарға жауап алу мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райым­құловаға хат жолдадық» делінген. Ұжымның 200-ге жуық қыз­мет­ке­рінің Президентке хат жазуына не түрткі болды? Мәселенің анық-қанығын білейік деп, театрға ха­бар­ласқан едік. Театр басшысы Оң­түстік Кореяда ем қабылдап жат­қанын естідік.
Театрдың белді актері, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділмановтың айтуынша, ұжымның қарсылығы басшылықты орнына қалдыруға байланысты өр­біген секілді. «Театр басшылығын жыл сайын ауыстыра беру үрдіске ай­налды. Екіншіден, келген бас­шы­ның өз жоспарын түгел орын­дап, жұмыс істеуіне мүмкіндік бе­­ріл­мей қалады. Ал басшымыз Сә­бит Әбдіхалықов туралы айтар болсам, аз уақыт ішінде академ­театр­дың бүкіл жыртығын жамады десек те болады. Ең әуелі көлік қоя­тын автотұрақты ретке келтірді. Өнер адамдары жұмысқа таңертең барамыз, кешкісін бір-ақ шығамыз. Бәріміздің шүйіркелесіп, тамақ ішетін жағдайымыз болмады. Кө­біне сырттағы асханаларды, көп­ші­­лік тамақ ішетін орындарды жа­ға­лап кететін едік. Сәбит театр­дың ішіндегі асхананы рет­ке келтіріп, актерлерге жағдай жаса­ды. Наурыз айында 600 жетім ба­лаға сыйлық жасап, арнайы жыл­қы сойып, Наурыз мерекесін өткізді. Театрдағы үлкен апалар қинал­ма­сын деп, демеуші тауып, лифтіні ретке келтірді. Сахнаны көтеріп-түсі­ретін станоктар бар. Әбден ес­кір­ген еді. Сол станоктарды қайта жа­сатып, режиссердің дұрыс жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап берді. Бұрынғы басшылардың кейбірі өз шәкірттерін жинап, жұмысқа қабылдайтын еді. Сәбиттің бір жақсы қасиеті – шығармашылық ұжымға араласпайды. Оны көр­кем­дік кеңес шешеді. Ол тек ша­руашылық жағын ретке келті­ріп отырды. Директордың да не­­гізгі міндеті осы емес пе? Бізде ди­рек­тор болғандардың көп­ші­­лігі шы­­ғармашылықты да, шаруа­шы­­лықты да қосып алады. Сәбит кел­гелі шығармашылықпен көр­кем­дік жетекші ғана айналыс­ты. Театр қызметкерлері үшін ар­на­йы сыйақы берді. Ол сыйақы қай­дан келеді? Жоспарды арты­ғы­мен орын­дағаннан кейін түсіп отырған ақша. Менің жеке басыма еш­қан­дай жақсылық жасаған жоқ. Бас­тысы, ол театрға қандай жақ­сы­­лық жасап жатыр? Мәселе – осында! Жастардың жұмыс іс­теуіне мүмкіндік беріп отыр. Театр­да Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» спектаклі қойылды. Мұхтар Әуезовтің «Қобыландысын» қой­дық. Ұжым Сәбиттен қорық­қаны­нан қол қойып, Президентке хат жазып отырған жоқ. Басшының осындай жақсы іс-әрекетін жоғары ба­ға­лап, оны қадір тұтқаннан кейін осын­дай қадамға барып отыр» дей­ді.
Хатқа қол қойғандар да Болат Әбділмановтың сөзін айтады. Олар үшін іскер басшыны ауыстыра берудің қажеті шамалы. Бастысы, жұмысына тиянақты, ұжымға сый­лы, шаруашылыққа мығым Сәбит Әбдіхалықовты қозғамаса деген ой айтады. Белгілі режиссер Алма Кәкі­шева: «Біреуді сынап, біреуді мінеу емес басты мәселе. Коллективтің өнерге болсын деген құрметінен туын­дап отырған дүние. Біз ди­рек­торды өзімізден өзіміз сайла­май­мыз. Оны тағайындап, әке­ліп отырғызады. Кезінде Сә­бит Әбдіхалықовты басшы ретін­де әкеліп таныстырғанда көпші­лі­гіміз «тосырқай» қарағанымыз да рас. Осы театрда өміріміз өтіп келе жатқан соң, қанша бас­шы­ның ауысқанын көрдік қой. Кей­біреулер директордан тұл­ға іздейді. Директордың тұлға болуы шарт емес. Директордың өзі­не тән нақты міндеті бар: ол – ме­нед­­жерлік. Ол театрға қажетті дү­ниенің бәрін үйлестіретін адам болуы керек. Шығармашылық жұмыс, спектакль қою, көркемдік дүние – кеңеске байланысты ше­ші­леді. Ал қаржылық жағдай, теа­трдың имиджі, шаруашылығы – директордың міндетіне кіреді. Театр – творчестволық ұйым. Оның мықты көркемдік жетекшісі бо­луы қажет. Мықты режиссері бо­луы керек. Әзекеңнің кезінде жұмысқа келдік. Ол кісінің қалай жұмыс істегенін көз көрді. Керемет туындылар сахнаға шықты. Ал Сәбитке қарасаң, менеджерлігі жоғары адам екенін байқатты. Бұл баланың кәсіби түрде жұмысын істеді. Спектакльдің қойылуы үшін қаржысын тауып берді. Жал­пы, адамның қадір-қасиетін бі­луі­міз қажет. Ол жігітті де жек көріп жатқан жоқ. Әр адам болған соң, алуан пікір қалыптасады. Кей ак­терлерге ұнамауы мүмкін. Бас­ты­сы, ұжымның жетпіс пайызы осы жігіттің жұмысына дән-риза еке­нін білемін. Ол еден жуушыдан бас­тап, Халық әртісіне дейін тең қа­рады. Бұл – үлкен жетістік. Бі­реу­ді жамандап, біреуді жек көру – мақсат емес. Бастысы – өнердің өрге өрлеуі» дейді. Ал министрліктің бұған айта­ры бар ма? Мәдениет және спорт ми­нистрлігі Мәдениет және өнер іс­тері департаментінің дирек­торы Күміс Қарсақбайқызы театр басшысының өз еркімен жұ­мыс­тан кету туралы өтініш бер­ге­нін айтады. «Жұмыстан кету тура­лы өті­нішін 21 қаңтар күні кадр бө­лі­міне берген екен. Өтініш түс­кеннен кейін себебін анықтауға ты­рысады ғой. Кадр бөлімі оның «ден­саулығына байланысты жұ­мыс­тан шығуға өтініш берге­нін» айтады. Әзірге оның бұл өті­ніші қа­растырылған жоқ. Біз заң ая­сын­да жұмыс істейміз. Заң­на­ма бойынша денсаулығына бай­ла­­нысты ем қабылдап жатқан қыз­­меткерді жұмыстан шығаруға құқығымыз жоқ. Біз мұны ұжымға түсіндіріп айттық. Бұған дейін бізге осы мәселеге байланысты «КТК» арнасы сауал қойып еді. Біз онда: «өз еркімен кетемін десе, қыстамаймыз. Егер денсаулығына байланысты ем қабылдап жатқан (еңбекке уақытша жарамсыздық парағы – ред.) болса, оны жұмыстан шығара алмайтынымызды» айтқан едік. Екіншіден, басшының іскер­лі­гі, қызметке тиімділігі болмаса, оның бір жылдық есебінде көрініп тұрады. Ондай жағдайда да бәрі заң аясында қарастырылады. Сон­­дықтан әзірге «жұмыстан» боса­ты­ла­ды деген әңгіме жоқ» дейді. Министрлік өкілдері кеше ұжыммен кездесіп, мәселенің мән-жайына қанығып қайтты. Сәбит Әбдіхалықов орнында қала ма, жоқ па, емі біткесін белгілі болады.   Гүл БЕКЗАТ