Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіровтің көзі тірісінде «Айқын» газетіне берген сұхбатын оқырман назарына қайта ұсынып отырмыз.
Қазақ әдебиетіндегі Үш бәйтеректің бірі - Ілияс Жансүгіров. Аласапыран заманда айдауға жөнелтіліп, Алматының іргесінде атылған Алаш арысының ұрпағы Саят Жансүгіровтің жасы бүгінде тоқсанға таяған. «Әкемнің тағдырын айту жүрегіме шаншудай қадалады» деген Саят Ілиясұлы бұған дейін бұрмаланып келген бірқатар деректердің ара-жігін ажыратып, баяндап берді.
– Алаш арыстарының бірі – Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Дәулет Шейх-Әлимен сұхбаттасқанымда «Алаш арыстарының артында екі-ақ адамның ұлдары аман қалған, соның бірі - Саят Жансүгіров» деп айтып еді. Алаш үшін күрескен қоғам қайраткерлерінің бала-шағасы, әйелдері де қуғынға ұшыраған. Сіз нағашыңызда өскендіктен аман қалдыңыз ба?
– 1930 жылы 21 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келдім. «Халық жауының» ұрпағы деген құжатым бар. Әкем - Ілияс Жансүгіров, анам - Фатима Төребаева. Әкем Талдықорған жақтағы Ақсу өңірінде, анам Жаңақорғанда дүниеге келген. Әкем Алматыда, Ташкентте білім алған. Сол заманда ҚазПИ-ді басқарған. Сол кезде Аманша атты екінші әйелі болған. Бірінші әйелі Жәмиға - Ақсу ауданының тумасы, көрші ауылдыкі. Сол ауылдағы байдың қызы болған. Атам Жансүгір - бай болмаса да ұста, молда, білімді кісі болған. Актер Қанабек Байсейітов бір естелігінде «Ілияс жастардың арасында лидер болатын» деп жазады. Жалындап тұрған Ілиясқа күшік күйеу болу ұнамаған. Жәмиғамен көңілі жараспай, сондықтан ажырасып кетеді. Талдықорғандағы музейін Жәмиғаның туыстары басқарады.
– «Халық жауының» баласы деген құжатыңызда «Ілияс Жансүгіров ұлы» деп тайға таңба басқандай жазылған екен. Әкеңіз Ілияс екенін құжатпен бекітіп алу қажеттілік пе? Әлде «мен де ұрпағымын» дейтіндер төбе көрсетіп қала ма?
– Бір жапырақ куәлік - Ілияс Жансүгіровтің баласы екенімді ресми дәлелдейтін құжат. Ақталып шыққаннан кейін Ілияс мұраларына ортақтасушылар да, бұра тартып пікір айтушылардың да көбеюі заңдылық шығар. Аманша деген әйелі болған. «Жарыммен қоштасқанда» деген өлеңі Аманшаға арналған. Ілияс білімін толықтыру үшін Мәскеуге оқуға кетеді. Мәскеуде өте жақсы оқыған. Сосын 1924 жылдары Алматыға демалысқа келеді. Керімқұл Есболатовтың үйіне түседі. Ол кезде қазіргідей есікте басатын қоңырау жоқ қой. Есікті қағып кіреді. Бәйбішесі «Ілияс келді. Аманшаның қайтыс болғанынан хабарсыз ғой» деп дағдарып қалады. Керімқұл Ілиястың келу құрметіне достарын жинайды. Аманшаның қазасын естіртеді. Әкем:
- Жан жолдас жатырмысың,
жер қойнында,
Жер - үйшік, топырақ - төсек
өз бойыңда,
Аямай, ақ денеңді жерге тыққан,
Туғанның-туысқанның өз мойнында, - деп әкем әйелі қайтыс болғанын естіртпеген туған-туысқа налыған екен. Кейін Керімқұлдың бәйбішесі «Бұған дейін де, кейін де мұндай өкіріп жылаған еркекті көрген жоқпын» деп естелігінде айтқан. Әкем Аманшаны қатты жақсы көрген.
– Атаңыз Жансүгірдің бет-бейнесі, болмысы есіңізде ме?
– Атам ұста болған. Ол кезде көлік орнына жылқы мінген. Атам ат тағалайтын. Темірден түйін түйген шебер болған. Таға соғатын. Алматыда қазіргі Қонаев көшесінің жоғары бөлігінде тұрғанбыз. Атам мені шапанына орап, көтеріп жүреді екен. Тағаны жинап алып, қораға алып келеді. Жинаған тағасын да, шапанына орап, қапсыра құшақтап алған мені де тастамайды екен. Әкем «Жәке-ау, не баланы, не тағаны тастасайшы» дейтін көрінеді.
– Анаңыз қандай адам еді?
– Анам жезтаңдай әнші болған. Әкем екеуі 1928 жылы сол замандағы елдің астанасы Қызылордада танысқан. Екеуі отбасы болған соң, астана Алматыға ауысқанда осы жерге қоныс аударады. Әкемнің беделді, танымал кезі. Тағы да Мәскеуге оқуға кетеді. Таныстар, туыстар қараған соң жас балада қандай күтім болсын, қарындасым Сайра 5-6 айлық кезінде қайтыс болады. Менің екі жасымда әкем мен шешем ажырасып кетеді. Анам ажырасқан соң, мені алып, төркіні - Түркістанға кетеді. 1934 жылы әкем Ілияс пен Затаевич қазақтың ән-күйін жинап жүрген шақта анамды Алматыға алдыртады. Филармонияға жұмысқа орналастырады. Анам 1936 жылға дейін филармонияның әншісі болған. Анда-санда әкем келіп тұратын. Қазіргі Көкбазардың маңайында жатақханада тұрдық. Тізесіне отырғызып, әңгіме айтатыны, еркелететіні есімде қалыпты.
– Жас кезіңізде оркестрде күйші болған екенсіз. Әке жолын жалғастыруға не кедергі болды?
– Кішкентайымнан ән айтып, домбыра шертетінмін. Оркестрде күйші болдым. Ата-анамнан дарыған қасиет болса керек. Бірақ мектепті бітірген соң нағашымның нұсқауымен тау-кен саласын таңдадым. Себебі, «халық жауының» баласы деген таңба қыр соңымнан қалған емес. Ғылым жолында да тегіме қарап, сенімсіздік танытқан кездер әлі есімде. Мәскеудегі Тау-кен институтында орысша оқыдым. Бұл салада қазақ жігіттері аз оқитын. Оқу орысша болғандықтан күрделі көрінетін. Бірақ ананың сүті, әкенің қанымен дарыған ана тілімді сақтап қалдым. Қазір зейнеттемін. Әкем туралы өмір жолым жайында орысша-қазақша мақала жазып тұрамын.
– Бауырларыңызбен жиі араласып тұрасыз ба?
– Әкемнің үшінші әйелі, яғни анам Фатима Төребаевадан Сайра есімді қарындасым екеуміз едік. Төртінші әйелі Фатима Ғабитовадан Үміт пен Ильфа, ұлы Болат тарайды. Жамал, Ризеда есімді екі қызым бар. Жамал Мәскеуде, Ризеда Хорватияда тұрады. Қазір қарттықтың дерті меңдеген соң, қызым Хорватиядан келіп, бізді бағып-қағып отыр.
– Қуғыннан қалай аман қалдыңыз?
– Анам филармонияда жұмыс істеп жүрген кезінде Ибади Тәукеловке тұрмысқа шыққан. Ибади көкеміз Алашорданың мүшесі болған. Оны кешқұрым баса-көктеп, алып кетуге келген орган адамдарының әрекеті көз алдымда. Ол кісі: «Қолымды қайырып алып кеткендерің, ел-жұрттан ұят. Сендердің соңдарыңнан өзім барамын», - деп еңсесін тіктеп, арнайы қызметтің адамдарымен ілесе кеткен. Ауыр тағдыр күтіп тұрғанын іштей сезсе де, бала-шағаның алдында сездірмейін дегені болар. 1937-1938 жылдар Алаш азаматтарын жаппай қудалағанда, ақ-қарасын ешкім ажыратып, шындықты айтпады ғой. Не өлі, не тірі екенінен бейхабар күн мен түн сапырылысып өте беретін. Әкемнің достары Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов қудалауға ұшырағанда жағдай тіпті күрделеніп кетті. Сол бір қысылтаяң уақытта анамды жұмыстан шығарып жіберді. Себебін айтпады. Қайта жұмысқа алмады. Содан соң біз Семей жақтағы туысымызды жағалап, пана сұрап сонда бардық. Алматыға 1937 жылдың жазында оралдық. Қуғындаудың күшейген кезі еді. Әкем Ілияс та, Ибади де ұсталып, айдалып кетті. Қорғансыз біз жылаудан басқаға шамамыз келмеді. «Халық жауының» отбасыларына қырғидай тиді. Ауыр, қиын күндер өтіп жатты. Іле-шала соғыс басталды. Анам 1943 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде корректор болып жұмыс істеп жүрген шағында туберкулезден қайтыс болды. Онсыз да қиын-қыстау заманда тұлдыр жетім қалдым. Анамды қазіргі Райымбек даңғылы бойындағы мұсылман зиратына жерледік. Бүгінде ол зираттың үстінен асфальт жол салып, автотұрақ жасап қойған. Қасынан өткен сайын жүрегім қан жылайды. Жетім қалған мені нағашы әпкем Айша өсіріп-жеткізді.
– Әкеңіз ұсталып кеткенмен, атылғаны туралы деректер әрқилы. Қайсысы шын, қайсысы болжам?
– Замандастарының айтуынша, әкем ұсталар алдында Жазушылар одағын басқарған екен. Қыста қалада тұрақтағанымен, жаз жайлауға шығатын дағдысы болған. Демалысында далада жатып, шығарма жазғанды ұнатады екен. Менің естігенім, әкемді жайлаудан тұтқындап, алып кеткен. Алматыдағы үйін тінтіп, шығармаларын, қолжазбаларын ту-талақайын шығарып, көзін жойған. Әкемнің қолжазбаларын арбаға тиеп әкеткенде, іргелес көрші Сапарғали Бегалин көріп қалып, алысып жүріп, әкемнің бір кітабын сақтап қалған дейді. Сол кітап «Құлагер» поэмасы екен. Қуғын-сүргін жылдары артта қалып, әкем ақталғанда Фатима Ғабитоваға аманаттаған.
1938 жылы 26 ақпанда әкемді түнде атқан. Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылында құлағалы тұрған үйлердің іргесіне тастай салған. Жендеттер үйдің қабырғасын үстіне құлатып, көмбей жөніне жүре берген. Фатима Ғабитоваға бір айдан соң «Сіздің күйеуіңіз Сібірдегі лагерьлердің бірінде жүрек ауруынан қайтыс болды» деген мазмұндағы хат келген дейді замандастары. Түрмеден келген хаттарда «Алашордалықтар айдауға кеткен, байланысуға болмайды» деп шындықты бізге айтпаған.
– Әкеңіздің достары ақталып келген соң, сізді іздеді ме?
- Шындығында, іздеудің өзі де қауіпті еді. Маған бір дерек айтқысы келген болар-ау, бірақ әкем туралы айтқаны үшін өз басына қара бұлт үйірілетін заман болатын. Ешкімге өкпелемеймін. Туыстарымның «Әкең Ілияс елдің адамы, «халық жауы емес» деп айта беретіні есімде қалыпты.
– Әңгімеңізге рақмет!